Елбасының арнайы Жарлығымен елімізде әкімдерді қызметке тағайындау, өкілеттігін тоқтату және лауазымынан босату қағидалары бекітілгені белгілі. Ауданымыздағы Қаскелең қаласы мен Үшқоңыр, Әйтей, Елтай және Райымбек округтері әкімдерінің белгіленген лауазымдық мерзімдерінің аяқталуына сәйкес, қайта сайлау өткізу осы жылдың 9-шы тамызына жоспарланып отыр. Осыған орай, аптаның дүйсенбі және сейсенбі күндері аудан әкімі Махаббат Бигелдиев аталған округтерде болып, халықпен жүздесіп, жергілікті атқарушы органға басшылық еткісі келетін үміткерлерді ел назарына ұсынды.
Алғашқы күні Махаббат Садуақасұлы Үшқоңыр, Әйтей және Елтайда болып, ауыл тұрғындарына іріктелген кандидаттарды таныстырды. Қазір бұл лауазымдағы Әділбек Далабаевтың осы уақытқа дейін атқарған жұмысына оң бағасын беріп, жастардың бұдан да биік белестерді бағындыруына аға буын әрдайым тілекші екендігін, біліктілік қашанда тәжірибе арқылы қалыптасатынын әңгіме арқауына айналдырды. Сонымен қатар, келесі айда сайлауға түсетін, осы қызметке лайықты деп таңдалған Б. Ақылбекті, Е. Егеубекті және Қ. Молдыбаевты таныстырып, олардың өмір және еңбек жолдары туралы мағлұмат берді.
Әйтейліктер де дәл осындай жиын барысында Қаскелеңнен бөлініп, бөлек округ атанғаннан жергілікті атқарушы орган басшылығына келгеннен осы күнге дейін әкім болған Қайсар Қиқымовтың өз лауазымында қала бергенін қалайтындықтарын жеткізді. Алайда, Махаббат Садуақасұлы онымен қатар бұл лауазымға сайлауға түсетін І. Қалиев пен Қ. Смайыловтың да кандидатурасын таныстырып, қазіргі заман талабының басқа екендігін, ауыл әкімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп жатқандығын сөз етіп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Береке ауылындағы М. Бейсебаев атындағы орта мектептің жиынжайындағы елтайлықтармен жүздесу де осы күні өтті. Ауданнан шалғайлау жатса да, айтарлықтай ірі өндіріс орындары шоғырланған, ісі ілгері басқан бұл округке әкім болуға қазіргі осы қызметтегі Бақыт Жұманбаевадан бөлек, тағы да екі кандидат, С. Жарқымбаев пен Б. Белғожаев тіркелген екен. Пікір білдіруге ортаға шыққан ауыл белсенділері бірауыздан елді мекендердегі қолға алынған игі жұмыстарды сөз етіп, қай кезде де халық ортасынан табылып, қолдау көрсетіп жүретін облыс, аудан басшыларының атына алғыстарын айтты. Ал, екінші күні аудан әкімі қала тұрғындарымен және райымбектіктермен кездесті. Абай атындағы мектеп-гимназиясына жиналған көпшілікке алда өткізілетін сайлаудың себебі мен тәртібін түсіндірген Махаббат Садуақасұлы болашақта қала мэрі болуға лайықты деп іріктелген Ә. Далабаевтың, А. Әшімбайдың және А. Ықыластың өмірбаяны мен еңбек жолы жайлы мағлұматтарын оқып берді. Қаскелеңді қазір басқарып отырған Біржан Нұрлыбаевтың қызмет уақыты заң негізінде аяқталғанын, алда қай салада болса да өзін көрсетіп, әрі қарай жетістікке жете беруге оның қарым-қабілеті, тәжірибесі жететіндігін айтып өтті. Заман ағымына қарай, уақыт талабына сай, келешекте аудан орталығы жаңғырып, жаңара беруі қажеттігін де алға тартты.
Ал, Райымбек ауылдық округін басқару үшін қазіргі әкімі А. Әуесбаймен қатар, Б. Абжан мен А. Қалабаев деген екі азамат сайлауға түспекші. Мұнда да жаңа үміткерлермен танысқан ауыл тұрғындары сөз кезегін алғанда Айдын Әуесбайдың атына жылы лебіздерін, жақсы пікірлерін айтты.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Махаббат Бигелдиев, ендігі таңдауды аудандық мәслихаттың депутаттары жасайтынын, сайлауда кім жеңсе де, қаланы, не ауылды басқару тек жалғыз әкімнің қолынан келмейтінін, оған жергілікті актив демек болуы керектігін тілге тиек етіп, жұртшылыққа жақсы тілегін жеткізді.
Клара КӨПБАЕВА.