Осыдан біршама уақыт бұрын Елордамыз Астана қаласында өтіп жатқан «EXPO – 2017» көрмесін тамашалау бақыты аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәдина Нұрлановаға да бұйырды.
Ол бұл сапар өзіне қатты ұнағанын жеткізіп, алған әсерлерімен бөлісті. Оның көзіне, әсіресе, Қазақстан павильоны айрықша боп көрінген.
– Есіктен кіре салысымен байқағаным, заманауи үлгідегі интерактивті тақтада ұлтымыздың сан түрлі салт-дәстүрін көрсететін монитор орнатылған, түртіп қалсаңыз, әйтеуір, бейнелей, сайрай жөнеледі. Одан әрі өткенде үлкен экранда айдаһар ұшып, тұлпарлар шауып, қырандар қалықтап жүр екен! – дейді Мәдина.
Сонымен, ол таңғажайып әсермен жүріп, барлық қабаттарды аралап, барлық павильонды көрген. Ерекше есінде қалғаны –Айға жасалған саяхат және сегізінші қабаттағы әйнектен жасалған көпір. Осы көпір арқылы қорқынышын жеңген кейіпкерімізге Германия, АҚШ және Жапония мемлекеттерінің павильондары да ерекше ұнаған. Лазерлік шоу, 3D фильмдер, бәрі-бәрі де жоғары деңгейде жасалып, әрбір келушіге таңданыс тудыратын көрінеді.
Тағы бір айта кететіні, өзге ұлт өкілдерінен болған еріктілер қазақ тілін де меңгерген. Осындай жағдайларға көңілі толған Мәдина Нұрланованың алғашқы ойы – еңбек демалысында ата-анасын осында алып келу болған. Оның ойынша, Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық мамандандырылған көрмені әрбір жас, әрбір қазақстандық көруі керек!
Сонда олардың бойына туған Отанына, туған елі мен жеріне деген айрықша мақтаныш сезімі орнығып, тәуелсіз мемлекетінің кемел келешегіне деген берік сенім қалыптасады.
Алмас АЛДАБЕРГЕН.