2013 жылдан бастап әр маусымның 23-ші күні аталып келе жатқан мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби мерекесі 8-ші жыл қатарынан тойланбақ. Айтулы мерекеге орай Қарасай аудандық қаржы бөлімінде сектор меңгеруші лауазымында қызмет атқаратын Жанар Наурызбаеваның мансап жолын сөз етуді жөн көрдік.
Жанар Арыстанбекқызы – бюджет қаржысының тиімді игерілуін және бүкіл мемлекеттік мекеме қызметшілерінің жалақысын қадағалайтын маман. Қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынаста болмаса да, халық игілігіне қызмет етіп жүргеніне сенімді. Бұндай лауазымды алып жүру үшін үлкен жауапкершілік пен ұқыптылық қажет екендігі айқын. Адам өз өмірін сүйікті ісімен байланыстырса, нағыз таптырмас байлық сол шығар. Жанардың айтуынша, аудан әкімдігіндегі өзге де бөлімдерге шақыртулар болған, алайда, жүрегі қалаған жұмысынан бас тарта алмады.
– Әрине, мамандық таңдауда әркім өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сүйенеді. Өз басым сандармен жұмыс жасағанды мектеп кезінен ұнататынмын. Математика пәні мен үшін ерекше орында болатын, тіпті, балалық шағымда сол пәннің мұғалімі болсам деп армандағаным есімде, – деп сөзін бастады Жанар Арыстанбекқызы.
Бүгінде Жанар Наурызбаеваның мемлекеттік қызметші атанып жүргеніне 9 жылдың көлемі болған. Осы уақыттың ішіндегі еңбегі бағаланып, 2020 жылы Қарасай ауданы әкімінің атынан Тәуелсіздік күніне Алғыс хат алу мәртебесі бұйырды. Қаскелең қаласының тумасы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін, бірден туған жерінің халқына қызмет етуге талпынған. Кез келген мемлекеттік қызмет мінсіз болуы тиіс деген ұранмен, ол аудан әкімдігіне келмей тұрып, аудандық ауруханада есепші болып бірнеше жыл еңбек еткен.
Жанар Арыстанбек-қызының айтуынша, мемлекеттік қызметшіге тек білімді болу аздық етеді. Адамгершілік пен адалдық – осы жолдың сенімді серіктеріне айналуы тиіс.
Өз жолын дұрыс тапқандар ғана адал қызмет ете алады, бұл салаға жүрек қалауы арқылы ғана келген дұрыс. Себебі, жоғарыда айтып өткен адам қасиеттерінің қатарында бұл жұмыстың үлкен шыдамдылықты да талап ететінін Жанар Наурызбаева ерекше атап өтті. Кәсіби маманның жолдасы Секір Байғазиевпен шаңырақ көтергеніне 15 жылдың көлемі болған екен. Олардың жеті жасар баласының бойына да осы қасиеттерді сіңіріп өсіруде. Кәсіби мерекенің қарсаңында Жанар Арыстанбекқызы, әріптестері мен тәлімгерлеріне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тілейді.
Салима БАҒАШАР.