Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық санаға, ішкі саясат жұмысына, мәдени өмірімізге үлкен серпіліс әкелген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты аса маңызды мақаласы бойынша егемен елімізде мән-маңызы зор жоспар-жобалар жасалып, көптеген игі істер қолға алынып жатқаны белгілі.
Олардың ішінде фольклорды, халықтық салт-дәстүрлерді зерделеу, «Ұлы дала әуендері» айдары аясында ұлттық музыкалық аспаптарды ауқымды көлемде дәріптеу, оларды шетелдерде де насихаттап, өзге жұрттың да қызығушылығын тудыру туралы да атап айтылған болатын.
Жақында ауданымызда осыған орай, сонымен қатар, көршілік қарым-қатынастарды жандандырып, жақсартуға бағытталған «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерті ұйымдастырылып, ол соңғы кездердегі атап айтарлықтай мәдени іс-шараның бірі болды.
Иә, жуырда аудандық мәдениет үйінде жан жадыратарлықтай жақсы өнер кеші өтіп, жиналғандардың көңілін көп көтеріп тастады. Ол көршілес Жамбыл ауданының «Сүйінбай сазы» атты фольклорлы-этнографиялық ансамблінің үлкен концерті еді.
Жамбыл аудандық мәдениет бөлімі жанынан құрылған ансамбль алғашқы қаз тұрып, қадам басқан шағынан бастап-ақ жұрт назарын аударған жақсы жоба ретінде танылды деп атап айтуға әбден болады.
Желкенін кеңінен керіп, өнер айдынына батыл жүзіп шыққан олар содан бергі үш-төрт жылдың мұғдарында айрықша танылып, бірнеше шетелге де барып қайтты. Жай барып қайтқан жоқ, өзге жұртқа қазақтың қасиетті өнерін – әсем әнін, әсерлі күйін, әдемі биін паш етіп қайтты. Сөйтіп, бір-екі сапарында лауреат та атанды. Ал, 2015 жылы «халықтық» деген құрметті атақты жеңіп алғанының өзі үлкен жетістік еді. Алматы облысы бойынша «Үздік өнер ұжымы» атануы да көп жайдан хабар бермей ме!
Сонымен ақындар мен батырлар елінен жеткен өнерпаздардың қасиетті Қарасай жеріндегі концерттік бағдарламасы « Бабалар сазы» тобының орындауындағы Бауыржан Ақтайдың үлкен рух беретін, қазақы қаныңды тулататын «Алаш аманаты» деген музыкалық композициясымен ашылды. Осы орайда Дәулеткерейдің «Көроғлы», Қазанғаптың «Ақжелең» сияқты күйлерінің құдіреті де көрермендерді ерекше баурап алды.
Сондай-ақ, ансамбльдің дәстүрлі әншілер тобы да бірнеше әсем әнді әуелетіп, құлақ құрышын қандырды. Әсіресе, халқымыздың ежелгі музыкалық аспабы – жетігенде ұлтымыздың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындаған Ақай Әбетоваға, тамаша композитор Латиф Хамидидің өлмес, өшпес «Бұлбұл» әнін шырқа-ған Ақбота Серікқұловаға концертті тамашалаушылар айрықша ризашылық білдіріп, ұзақ қол соқты.
Сол сияқты ансамбль орындаған түрік халқының әдемі әуені, жеке домбырашылардың күй тартысы, белгілі сазгер Бауыржан Есебаевтың «Жамбыл ауданы» әні, Мәди Дәуренұлы айтқан итальян әні, Гүлназия Жұмажанова шырқаған Шернияздың термесі де жиналғандардың ешбірін бей-жай қалдырған жоқ.
Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевтің сөзіне жазылған Бауыржан Есебаевтың «Әкелерім-ай!» әніне де көпшілік сүйсіне қол соқты.
Сонымен қатар, концертте Бауыржан Есебаевтың тәуелсіз мемлекетіміздің, егемен еліміздің Еуразия кіндігіне орналасқан, дәулеті мен сәулеті жарасып, бүкіл әлемді таңқалдырған бас қаласына арналған «Астана» әні мен дүниежүзілік қоғамдастықтан өз орнын ойып тұрып алған, өркениет биігіне батыл беттеген, экономикасы мен мәдениеті дамыған республикамызға арналған «Қазақстан» әні орындалып, осы тамаша өнер кешінің нүктесі қойылды.
Мұнан кейін көрермендердің қызу қошеметі аясында ансамбльге зор құрмет көрсетіліп, ортаға ауданымыздың басшысы атынан ықылас гүлі әкелінді.
Келесі кезекте сахна төріне қатар, қанаттас жатқан жыр алыбы – Жамбыл атындағы аудан әкімінің орынбасары Қаныбек Айтжанов пен Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев шығып ақ тілектерін ақтарыла айтты.
– Сіздер Түркия, Мысыр, Корея және тағы басқа мемлекеттерде өрісті өнер көрсетіп, шетелдіктердің де ыстық ықыласына бөленген ансамбліміздің концертін тамашаладыңыздар, – деді Қаныбек Құлжабайұлы. – Талдықорған қаласындағыдай, Панфилов ауданындағыдай сияқты жаңа өнер ұжымын ашып, біздің ауданда да «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблін құрған осы Махаббат бауырымыз. Жалпы, өнерге, мәдениетке, әдебиетке жақын басшыларыңыз үнемі осындай істерімен де тамаша танылып жүргенін білесіздер.Жақсы қарсы алып, жақсы ниет көрсеткеңіздерге көп рахмет!
– Бүгін өзіме өте жақын «Сүйінбай сазының» концерті қойылды, – деді Махаббат Садуақасұлы. – Жақын тартып жатқаным, Жамбыл ауданында әкім болып жүргенде оны өзім құрып едім. Дүниеге келуіне бастамашы болумен бірге, барлық қажетті жағдайын жасағаным да есіме ерекше түсіп отыр қазір. Мына бас қосу Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев екеуіміздің келісіміміздің арқасында жүзеге асты. Ондағы ойымыз «Ел мен ел таныссын, өнер мен өнер табыссын!» дегенге саяды. Ансамбль жуық арада тағы да Түркияға сапар шеккелі отыр екен, жолдары болсын! Әрдайым осындай жақсылықта жолығайық, ардақты ағайын!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.