Керемет сапа мен мінсіз қызмет! Бұл – осыдан екі жыл бұрын ашылған Қаскелең қаласындағы «Ас-МАР» дәмді үй» кондитерлік өнімдер дүкеніндегі негізгі қағида.
Сыртқы келбетінен бастап ел назарын өзіне бұратын сауда орнына енгеннен-ақ, бірден жылылық пен орнықтылық, ыңғайлылық тұнған атмосфера баурап әкетіп, сөредегі көз жауын алатын түрлі тәтті-дәмді тәбетіңді ашады. Күнделікті, барлық талаптар сақтала отырып әзірленетін балғын өнімді тұтынушылардың аяғы таңертеңнен кеш батқанша сиремейтін көрінеді мұнда. Себебі, ешқандай химиялық қоспасыз, шын көңілден, дәл үйдегідей пісірілетін тағамдарға деген тұрақты алушылардың ықыласы да ерекше.
Жалпы, бұл отбасылық бизнестің негізін қалап, қолға алған Әсел Баялинованың бірінші мамандығы дәрігер. Өзі бір шаңырақтағы береке-бірлік ұйытқысы, асыл жар, үш баланың аяулы анасы болғандықтан қазіргі кездегі нарықта көп саудаланатын химикатқа толы астың жайы оны айтарлықтай алаңдатып жүріпті. Сөйтіп, ойлана, іздене келе,табиғи таза кондитерлік өнім шығарып, оны ешқандай делдалсыз тікелей халыққа ұсынуды жүзеге асыруды қолайлы деп табады. Бұл мақсатта жалықпай, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының семинар-тренингтеріне түгелдей қатысады.
Үйдің отағасы Асылбек жарының осындай игі де ізгі бастамасына қолдау білдіріп, өндіріс орнының құрылтайшысы болады. Ал, ғимарат ішін арнайы құрылғыларға толтыруға «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы қол жеткізілген 20 млн. теңге көлеміндегі несие септігін тигізді. Осылайша, Италия мен Ресейден тапсырыспен әкелінген техникаға да көп ұзамай «жан бітеді».
Еліміздегі отандық өнімнің қатарына келіп қосылған бұл жаңа брендтің «Ас-МАР» аталуының сырын алыстан іздеп керек емес көрінеді. Отбасылық іс болғандықтан, ерлі-зайыптылар есімдерінің алғашқы «Ас» деген буынына Мерген, Аружан, Раяна деген ұл-қыздарының аттарының алғашқы әріптерін жалғаған. Қасындағы «Дәмді үй» деген тіркестің өзі де мұндағы пісірілетін қай тағам болса да риясыз, шынайы сүйіспеншілікпен әзірленетінін айғақтап тұрғандай…
Материалды дайындау барысында біз тілдескен дүкеннің әкімшісі Жанна Бисенова осы өндірістің іргетасы қаланғаннан жанашыр болып жанында жүргендіктен, басшыларының жұмыс барысында кездесетін қаншама кедергілерге қарамай, істі алға сүйреп келе жатқандығын өз көзімен көргендіктен шығар, әр сұрағымызға үлкен ықыласпен жауап берді. Оның айтуынша, ішіне енгенде, жоғарыда айтқанымыздай, сондай бір тыныштық пен үйлесімділік сезілетін сауда алаңының арғы жағында қым-қуыт тіршілік қайнап жатқандай. Себебі, осы бизнестегі барлық игіліктің бастауы мұндағы цехта екен.
Бұл цех үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі – крем қосылған және қосылмаған кондитерлік тағамдар. Яғни, жиырма шақты түрлі-түрлі торттар, бәліштер. Адам өміріндегі кез-келген атаулы күн, мерейтойға арнап тапсырыс беруге болады. Мұндағы шебер аспаздар тұтынушы қалауы мен талабына сай етіп дәмі мен сәнін келтіріп, қалаған уақытыңызға дайындап қояды.
Екінші – ашытылған нан өнімдері. Соның ішінде табиғи таза жұмыртқа мен май пайдаланылып иленетін танымал француздық круосандар. Оның саналуан салмасы бар 15 түрі шығарылады. Таңғы асыңызды осында келіп ыстық тоқаш, печеньемен, буы бұрқыраған шай немесе кофемен, қойылған ыңғайлы үстел басына жайғасып ішуге де мүмкіндік бар.
Үшінші бағыт – таңдалып, сұрыпталған еттен жасалған, қытырлаған жартылай фабрикатты өнімдер. Оларға тұшпара, котлет, мәнті, тағы да басқалар жатады. Бір айта кетерлігі, мұндағы тұшпараға деген сұраныс көп. Бір рет сатып алып, дәмін татқан тұтынушының қайта іздеп келіп алып жатқанын көзімізбен көрдік. Ал, бұның сырын сұрағаны-мызда, әкімші Жанна оны барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, осындағы жұмысшы қыздар ешқандай машина, аппараттың көмегінсіз, сұрыпталған балғын еттен, жаңа иленген қамырдан күнделікті өз қолдарымен түйетінін айтты.
Жалпы, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, бұл «дәмді үйде» сапа мен мінсіз қызметке ерекше көңіл бөлінеді. Цех директоры Әсел Темірболатқызы өндіріс іске қосылар алдында барлық кондитерлерді Франциядан келген, осы саланың майталманы Оксана Ким-Флайосктің тренингіне қатыстырудан да қомақты қаражатын аямаған. Қазір де, еңбек етем деп келген әрбір жасты олар қуана қарсы алып, алдымен тәжірибеден өткізіп, барлығына жалықпай үйретеді. Бұл ретте шеф-кондитерлер, ерлі-зайыпты Александр мен Надежда Щебалиндер өзгелерге үлгі етіледі.
Негізі, жүйеленіп, жолға қойылған өндірістің нәтижесі де жаман емес. Бүгінгі таңда алып мегаполис – Алматыда қосымша екі фирмалық дүкен ашылған. Қарасайлықтарға ғана емес, оңтүстік астанамыздың тұрғындарына ұсынылатын барлық тағамның тиісті уақытынан артық сақталмай, балғын болып тұруын осындағы білікті технолог Зәуре Тилешова қатаң бақылауында ұстайды.
Осылайша, екі жылдан бері уақыт талабынан сүрінбей, нарықтың қатал заңына шыдас беріп ісін алға бастырып келе жатқан кондитерлік дүкен 30-ға жуық жерлесімізді тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы кезеңде бұл татулығы жарасып, түсіністігі қалыптасқан ұжымның дұрыс бағытты бетке алғанын шкаф сөрелерінде жарқырап тұрған түрлі марапаттары айғақтай түсетіндей.
Атап айтқанда, өз есігін айқара аша салысымен, бәсекелестіктен жасқанбай, отандық бизнес әлеміне құлаш ұрған жас компания сол жылы-ақ, барлық аудандардан қатысып, бақ сынаған 23 үміткерді шаң қаптырып, «Ақ дастархан-2015» облыстық байқауында І дәрежелі дипломға ие болған. Оны облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың өз қолынан алып, өңір басшысының жылы лебізін есту кәсіпкер келіншекті одан да биік асуларға бастап, жігерлендіре түскендей! Олай дейтініміз, былтыр «Ас-МАР» командасы «Сала үздігі-2016» ұлттық сертификатын иемденіп, Шымкентте өткен «Сауда үздігі-2016» байқауында жеңіс тұғырынан табылған.
Әрине, «Ас-МАР»-лықтар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алға деген жақсы жоспарлар мен асқақ армандар да жетерлік. Дегенмен, қазіргі басты мақсат – осылай қолдау білдіріп, қанаттандырып, ынталандырған мемлекет алдындағы жауапкершілікті ұмытпау, яғни, «Даму» қоры арқылы алған қомақты несиені дер кезінде, абыроймен өтеу. Бұл ретте, қыр-сыры көп, қиындығы басым бизнес әлеміне қадам басқысы келетіндерге үлкен көмек беріп, көңіл бөлетін Елбасына деген жас кәсіпкердің алғысы шексіз екендігін де айта кеткен орынды.
Ең басты мұрат – бастапқы кезде ел ішіндегі нарықтан өзіндік орнын ойып тұрып алып, халықты табиғи таза тәтті өніммен қамтамасыз ету. Қазақстанда шығарылған отандық өндірістің өкілі ретінде әлемнің алып дүкендеріндегі сөрелерге орнығу сияқты орынды ой-арман да жоқ емес. Аяғынан енді ғана тұрған жас кәсіпкерлік сол үшін де бүгінде аянбай тер төгуде.
Клара КӨПБАЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан Әлиасқаров.