Бүгінде әлемге танылып, қарқынды дамып келе жатқан бас қаламыздың туған күнін қарасайлықтар да қуанышпен қарсы алып, аудан әкімдігі ұйымдастырған «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан» атты мерекелік концертті жақсы көңіл-күймен атап өтті. Кешке аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен оның орынбасарлары, мекеме және бөлім басшылары, ауданымыздың құрметті әрі белсенді азаматтары, аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы жиналған көпшілікті Нұр-Сұлтан қаласының 21 жылдық мерейтойымен құттықтап, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген бас қаланың аз уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі саяси, экономикалық және мәдени орталыққа, Қазақстанның мақтанышына айналғандығын атап өтті. Мұнан кейін ауданымыздың өркендеуі үшін аянбай тер төгіп, еңбек еткен бірқатар жандарды атаулы күнге байланысты мадақтап құттықтады. Атап айтар болсақ, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің атынан «Ұлт мақтанышы – Гордость нации» төсбелгісімен Болат Назарбаевты, «Мәдениет майталманы» төсбелгісімен Динара Маметекованы марапаттады. Сондай-ақ, Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Қилыбай Құрманғазыға «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағын және жуырда өткен кезек тен тыс Президенттік сайлауына белсене араласып, жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, Қаскелең қаласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Жылқыбаев пен салалық кәсіподақ төрағасы Сара Байбосыноваға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алматы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Даутовтың Алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар, Жандарбек Ермекұлы өз атынан ауданымыздың экономикалық дамуына қосқан үлесі мен азаматтық белсенділігі үшін аудандық статистика басқармасының бас маманы Аманкүл Қалиева, Жұмыспен қамту орталығының бас маманы Әлібек Ахмедов пен Қаскелең қаласы әкімі аппаратының бас маманы Маржан Айткенованы Алғыс хатпен марапаттап, ауданымыздың құрылыс бөлімінің бас маманы Бибігүл Сарсенаеваға өз қызметінде жоғарғы нәтижелерге қол жеткізгені үшін ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Алматы облысы бойынша департаментінің грамотасын ұсынды.
Мерекелік кеш мұнан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде аудан өнерпаздары Отан, туған жер, махаббат, елорда, достық тақырыбындағы туындылар мен ел жүрегінен мәңгі орын алған әндерді шырқаса, бишілеріміз мың бұрала би билеп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.