Осы аптаның сейсенбі күнінде аудан әкімі Махаббат Бигелдиев ауданымыздағы жаңадан салынып жатқан білім ошақтарының құрылыс алаңында болды.
Ең алдымен Райымбек округіне қарасты Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебінің жапсаржайына келген аудан басшысы жүргізіліп жатқан құрылыстың сапасына барынша мән беріп, жаңа оқу жылына қалай дайын болатынына баса назар аударды.
900 балаға арналған білім ошағының жалпы жағдайымен танысқан Махаббат Садуақасұлы ондағы оқу кабинеттерін, спорт және акт залдарын толық аралап, көріп шықты. Жалпы, бұл нысан биылғы жаңа оқу жылы басталғанша бітуі тиіс.
Абай және Кемертоған ауыл дарындағы оқушылар да биыл жаңа мектепте оқитын болады. Бұл салынып жатқан оқу нысандарының құрылыс жобасы бірдей. 1200 оқушыға арналған екі мектептің де сапасы көз қуантарлық.
Сол сияқты Шалқар, Береке, Исаев ауылдарындағы 600 орынға арналған мектептердің құрылысы да қызу жүруде. Басты мақсат – білім ордаларын уақтылы, мерзімінде беру.
Бірақ, олардың жағдайымен жете танысқан аудан әкімі ішкі әрлеу, тазалау жұмыстарына және мерзімінде үлгеріп тапсыруға байланысты сынын айтты. Оларды тездетіп түзету қажеттігін, мемлекет беріп отырған қаржыны халықтың игілігіне тиімді жұмсау керектігін жеткізді.
Мұнан кейін Махаббат Садуақасұлы Жамбыл және Көлащы ауылдарындағы 600 орындық мектептің құрылысымен де танысып, ортақ істің алға басуына өз септігін тигізіп, қолдау жасайтынын алға тарты. Оқушылардың жаңа оқу жылына уақтылы білім ұясына баруы өзінің тікелей назарында болатынын атап айтты.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.