«Өнер – ұлттың жаны» дегендей, әркезде өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде Мәдениет үйлер, кітапханалар, музейлер жұмыс істеп, ел мәдениетінің өркендеуіне үлестерін қосуда. Осы ретте 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде белгіленген еді. Атаулы күнге орай, ауданның мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген аға буын өкілдер мен қызметкерлер құрметке бөленді. Өнер адамдарын аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қабылдап, жылы лебізін білдіріп, бірқатарын марапаттады.
Анығырақ айтқанда, кездесу барысында аудан басшысы өз сөзінде ауданымызда бір жылда көптеген іс-шаралар өткендігін тілге тиек етіп, олардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, шаралардың өнер сүйер қауымның талғамынан шығуы және халқымыздың рухани баюы жолында мәдениет саласы қызметкерлері мен өнер иелерінің алар орны ерекше екенін атап өтті. Қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың нәтижелі және адал еңбектері үшін алғысын білдірді.
– Бүгінгі мереке күні мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген аға буын өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз. Еліміздің өркендеп өсуіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, халықты өнерлеріңізбен алдағы уақытта да қуанта беріңіздер.
Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта ауданымызға қарасты округтерде тағы да Мәдениет ордаларын ашу бағыттында жұмыстар атқарылуда. Мәселен, өткен жылы Шалқарда Өнер мектебі ашылды, қазіргі уақытта Қаскелеңдегі Өнер мектебінің ғимаратын мемлекет иелігіне қайтарып, қайта ашу бойынша жұмыстар қолға алынуда. Өз тарапымыздан осы жұмыстардың тоқтап қалмай, нәтижелі болуына барлық жағдайды жасайтын боламыз, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Одан кейін аудан басшысы мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі мен қажырлы қызметі үшін Гаухар Көкебаеваға ҚР-ның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ өз атынан Джамиля Гайдарова, Эльмира Сұлтанбекова, Абзал Әбдіхан сынды ауданның мәдени өміріне атсалысып жүрген бірқатар майталмандарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Мұнан кейін сөз кезегін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Ұлтарақұлы, аудандық кәсіподақ төрағасы Сағындық Жылқыбаев және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов алып, жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты шараның соны марапат төрінен көрінген майталмандардың орындауындағы «Өнер адамы» атты тамаша әнмен тәмамдалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.