Облыс әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ тұтас бір жұмыс күнін түгелдей Жамбыл ауданына арнады. Жер көлемі мен мал саны жағынан жетекші орынға ие аймақтың шығысынан батысына дейін жасаған сапарында халықпен де кездесті, киелі мекеннің терең тарихымен де танысты. Өңір басшысымен бірге салалық басқарма жетекшілері де біраз жерді аралап, ақындар мен батырлар елінің тыныс-тіршілігіне қанықты.
Ұзынағаш ауылына атбасын тіреген облыс әкімі ең алдымен аудан әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында аймақтың зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, пікірлесті. Одан кейін аудандық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас баяндама жасады. Онда бұған дейінгі халықпен кездесулердегі ұсыныс-тілектер мен көтерілген мәселелердің орындалу барысы мен сол бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар етіп, ауданның биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін егжей-тегжейлі тарқатты. Аймақ әлеуетін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін алда белгіленіп отырған жоба-жоспарлармен бөлісті.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев өз сөзін жыл басынан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталғанынан бастады. «Жалпы өңірлік өнім 8,3 пайызға өсіп, 1,9 трлн. теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7,7 пайызға артып, 1,4 трлн. теңгеге жетті. Сауда-саттық 1,1 пайызға ұлғайып, 1,2 трлн. теңге көлеміне шықты. Құрылыс саласы 0,5 пайызға өсіп, 220,7 млрд. теңге болды. Тұрғын үйді қолданысқа беру 11,5 пайызға өсіп, 808 мың шаршы метрді құрады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қажетті заңнамалық рұқсаттар берілуде», деді. Осы жылдың 10 айында құрылыс жүргізуге 538 рұқсат берілген.
Облыс көлемінде ағымдағы жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі артқанымен, Жамбыл ауданында 6,6% төмендеп, 17,1 млрд. теңгеге өнім өндірілген. Осындағы «КазТекИнвест» ЖШС ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізуіне байланысты өндірілетін өнім көлемі азайған және тас-құм өңдейтін карьерлардың маусымдық жұмысы азайып, оған сұраныс төмендеген. Айта кетсек, Жамбыл ауданының өнеркәсіп өнімінің 72,7 пайыздан астамын өндіретін 6 орташа кәсіпорын бар. Олар: «Жартас СН»; «Каz Ker», «Plast Invest», «Kaz Tek Invest», «Жеңіс 2006», «Алматы Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Облысқа тартылған инвестиция көлемі 16 пайызға артып, 519,2 млрд. теңгеге жетті. Экономикалық өсім есебінен 54 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыс орындарының басым бөлігі құрылыс, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында құрылды. Мәселен жеміс-жидек өнімдерін өсіру, сақтау және терең өңдейтін «Fruit Art» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 247 жұмыс орны ашылған. Сол сияқты сусын өндірісіндегі «GALANZ Bottlers» акционерлік қоғамында 120 жұмыс орны, ал жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру, терең мұздату және сақтау жобасын жүзеге асырушы «Frosco» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 82 жұмыс орны құрылған.
Осылай деген облыс басшысы жыл соңына дейін жалпы өңірлік өнім көлемін 4,6 трлн. теңгеге жеткізіп, экономикалық өсімді 4,7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар жамбылдықтарды облыс орталығы Қонаев қаласының келешектегі дамуынан хабардар етіп, осы орайдағы ауқымды жоба-жоспарларды айтты: «Негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. Жақын уақытта жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін 5 жылдық кезеңге Қонаевты дамытудың Кешенді жоспары қабылданады. 2-ші кезеңде «Жаңа Іле» алаңы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын-үй кешендері және рекреациялық мақсаттағы нысандар салынатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірге жұмыс сапары барысында индустриялық аймақтардың инфрақұрылымдарын қаржыландыруды, «G4 City» жобасын жеке қала ретінде бөлуді, еліміздің ұлттық компанияларына облыстың ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы кәсіпорындармен офтейк-келісімшарт жасауды тапсырды. Алматы агломерациясының дамуына негіз болатын «G-4 City» жобасының Бас жоспарының тұжырымдамасы өткен жылы қабылданды», деді М.Сұлтанғазиев.
Ол облыс экономикасын дамытудың негізгі драйвері – агроөнеркәсіптік кешен, өйткені халықтың 84 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын атап өтті. Айтуынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бойынша 9,6 пайыздық үлеспен біз республикада Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан кейін үшінші орындамыз. Ағымдағы жылы облыс бойынша 457,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың гектарға ұлғайды. Ал Жамбыл ауданының барлық егіс алқабы 1,2 мың гектарға артып, 105,8 мың гектарға жетті.
Өндірілетін өнімдердің басым бөлігін дәндік дақылдар құрайды. Ағымдағы жылы 50,2 мың гектарға дәнді, 47,5 мың гектарға мал азығы, 4,6 мың гектарға майлы дақылдар, 1,7 мың гектарға картоп, 1,1 мың гектарға көкөніс егілген. Бүгінгі таңда 50,2 мың гектар дәнді дақылдардан 91 мың тонна астық бастырылды, өнімділігі әр гектарына 18,1 центнерден айналды. Майлы дақылдар бойынша 4,6 мың гектар алқаптан 5,7 мың тонна өнім алынды, өнімділігі гектарына 12,4 центнерден. Көкөніс дақылдары 1,1 мың гектардан 32,5 мың тонна өнім жиналды, өнімділігі 284,9 центнер. Сонымен қатар 1,7 мың гектардан 29,9 мың тонна картоп жиналып, өнімділігі гектарына 180 центнерден түсті.
Аудан бойынша сыйымдылығы 1,5 мың тоннаны құрайтын 2 көкөніс және картоп сақтайтын қойма бар. Шолаққарғалы ауылдық округіндегі «Ранай» шаруа қожалығының қоймасы 1050 тонна, ал Ұзынағаштағы «Қызмет» жеке кәсіпкерлігінің қоймасы 450 тоннаға арналған. Аудан ауқымы үшін бұл қоймалар жеткіліксіз. Бұл бағытта фермерлерді ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау қарастырылған. Қоймаларға қойылатын қондырғыларға жұмсалған шығынның 25пайызына дейін өтеу ескерілген. Ауыл шаруашылығын дамытудағы тағы бір мәселе — машина-трактор паркінің тозуы. Мәселен, ауданда бар 3099 ауыл шаруашылығы техникасының 55 пайызға жуығы жаңартуды талап етеді.
Осылай деген өңір жетекшісі басқа да бірқатар мәселелерге назар аударды. Оның қатарында қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторлар тарту, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін өнімдерді Алматы қаласының сауда желілері мен азық-түлік базарларына бірігіп жеткізуді ұйымдастыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға облыс бойынша қарастырылған қаражаттан несие алуға өтінім беруді жандандыру, суармалы суды үнемді пайдалану технологиясын енгізу, ортақ жайылым, елді мекендерді газдандыру, интернетпен қамтамасыз ету, дәрігер тапшылығын шешу үшін ынталандыру, бейнебақылау камераларын арттыру, салық базасын ұлғайту сияқты мәселе бар.
Халыққа есеп беру жиынында облыс әкіміне залдан сұрақтар қойылды. Атап айтқанда Мыңбаев ауылынан Мұхат Нұралиев жер телімін беру, Қарғалы ауылынан Төлегетай Ақбауов елді мекенге мәдениет үйін салу, Жанар Ермекбаева Ұзынағаштағы өнер мектебіне жаңа ғимараттың қажеттігі, Әмірхан Бәкіров аудан орталығының айналасына көктемгі қызыл суды көшеге кіргізбейтіндей арна қазу, Алматы-Ұзынағаш автобус бағытын ашу, Б.Қыдырбекұлы ауылынан Жадыра Жаңабаева Күрті-Ұзынағаш жолының жай-күйі, Ұзынағаш ауылының Суықтөбе, Дүйсенбиев көшелерінің тұрғындары ауызсу, көше жолын жөндеу, ортақ жайылым тапшылығы, дәрі-дәрмек пен азық-түлік бағасының қымбатшылығына байланысты сұрақтар қойды. Оларға облыс, аудан әкімдері мен сала басшылары жауап берді. Өңір жетекшісі мен облыстық басқарма басшылары жиыннан тыс тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бұдан кейін Марат Елеусізұлы Алматы-Бішкек бағытына шығып, жаңадан салынып жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолымен 60 шақырым жүргеннен кейін Қопа бекетіне қарай бұрылды. Одан тағы 30 шақырымдай жолды артқа тастап «Мұрынбай» шаруа қожалығының иелігіне барды. Мұнда аталған шаруашылықтың күздеуі орналасқан. Бұл жер Үлгілі ауылдық округіне қарайды. Шаруа барысымен қожалық басшысы Серік Нұрымбаев таныстырды. «Мұрынбай» қожалығы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда қазақтың биязы жүнді қойы өсіріледі. Шаруашылық асыл тұқымды мәртебесін алған, 15 адам жұмыспен қамтылған. Қожалықта 3 трактор, 2 шөп орғыш бар, мал шаруашылығына қажетті техника-технологиялармен жабдықталған. Малының саны – 6000 бас қой, 350 ірі қара және 500 бас жылқы.
Облыс әкімі осында ұйымдастырылған асыл тұқымды малдардың көрмесімен танысты. Мұнда ауданның «Ажар», «Әбдимолда», «Асхат», «Мәди», «Қалижан», «Ақерке», «Дауытхан», «Еспе», «Жеті-қоңыр», «Қуатжан», «Болашақ-Агро», «Мыңбай», «Айтах», «Дүкеев» шаруа қожалықтарында өсірілетін қой мен ірі қара тұқымдары әкелінген. Шопан ата түлігінен Еділбай, Дегерес, Сарыарқа, Гиссар, қылшықты құйрықты қой, етті меринос, етті-жүнді бағыттағы қойлар, ал зеңгі баба тұқымынан қазақтың ақбас сиыры, Әулиекөл, Санта-Гертруда сияқты бірнеше тұқымдар келушілер назарына ұсынылды.
Мұнан соң өңір басшысы одан әрі Қарабастау ауылы маңындағы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейіне барып, ашық аспан астындағы жәдігерлерді көрді. Бұл жер ежелгі Жетісуды әр кезеңде мекендеген бағзы жұрттың тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімінен хабар беретін мұралар жиынтығы шоғырланған орын ретінде танылған. Ол Алматы қаласынан 170 шақырым солтүстік-батыста, Мәтібұлақ селолық округіне қарасты аумақта орналасқан.
Онда Марат Сұлтанғазиевті «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі директорының орынбасары Ринат Шәріпов қарсы алып, таныстырды. Жалпы ауданы 3800 гектарды алып жатқан аумақ бейне бір ашық аспан астындағы алып көрме іспетті. Таңбалы шатқалы есте жоқ ескі заманнан қалған жәдігерлердің көп шоғырлануымен ерекшеленеді. Сонысымен де бірегей. Мұнда әр түрлі дәуірге тән жүзден астам ескерткіш орындар бар. Олар — қола дәуірінен бастап біздің заманымызға дейінгі ғасырларды және кейінгі жыл санауымызды қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғимараттары. Олардың бәрі бірігіп үш мың жыл бойы осы жерді мекендеген ертедегі және кейінгі кездегі халықтардың тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен құрайды. Мұндағы негізгі жәдігер – жақпар тастардың бетіндегі петроглифтер. Оның ұзын саны үш мыңнан асады. Жартасқа қашап салынған сансыз суреттер галереясы негізінен қола дәуіріне тән.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енгізілген осынау баға жетпес құндылықты сақтау үшін 2003 жылдың қазанында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы құрылған.
Шатқалдағы жартас суреттерін тамашалағаннан кейін әкім музей кеңсесіне келді. «Сапар орталығы» деп аталатын бұл ғимарат түрі типтік, 2020 жылы салынған. Жалпы ауданы — 1478,9 шаршы метр. Музей жұмысымен танысып шыққан соң осындағы 108 орындық конференц-залда аудандағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Онда мал және егін шаруашылығындағы туындаған мәселелер ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Жем-шөп дайындауға биылғы құрғақшылықтың тигізген салдары, жайылым көлеміне сай мал санын тіркеудегі түсінбеушілік, ет, тері және жүн өткізудің қиындығы, суат, құдық қаздыруға демеуқаржыға қол жеткізу, тоспа салу, науқан кезінде жұмыс қолының тапшылығы тәрізді жайлар сөз болды. Бұл орайда Талдыбек Асқарұлы, Бәтима Дастанқызы, Ерсін Құрмашев, Бейсеқұл Керімов, Аманқұл Шажабаев, Сәкен Иманғалиұлы, Азамат Дәулетбекұлы, Ғабиден Найманханов, Тұрсынғали Сарыбай сияқты шаруашылық жетекшілері өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Облыс басшысы әрқайсысын мұқият тыңдап, шешімді іске мүмкіндігінше ықпал ететінін айтты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Фотолардың авторы – Жұмабай Мұсабеков.
Жамбыл ауданы.