Ерекше күтім мен қамқорлықты қажет санайтын жандарға үнемі жан жылуын сыйлап, қайырымды адамның үлгісін көрсетіп жүретін қызметкерлер жайлы айтқанда, ойымызға бірден әлеуметтік сала мамандары оралатыны анық. Олардың жүйелі жұмысы, табанды тірліктері әрқашан жоғары бағаға лайық десек, артық айтқандық болмас. Жақында осы бағытта қызмет етіп жүрген маман иелерінің еңбектері еленді. Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болғандықтан, айтулы кәсіби мереке ауданымызда салтанатты тұрғыда атап өтілді.
Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек қатысып, құттықтау сөзінде алдымен аудан әкімі Жасұлан Естеновтің ыстық ықыласын жеткізді. Сондай-ақ ол аудан көлемінде әлеуметтік қорғау жүйесі саласында табандылық танытып жүрген мамандардың еңбегін айрықша бағалап, қажырлы еңбектеріне алғысын айтты.
– Бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді. Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны артып, мұқтаж жандарға көп түрлі көмектер көрсетілуде. Сіздердің еңбектеріңіз еліміздегі әлеуметтік саясатты оңтайлы жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Бұл да адам құқықтары мен қоғамдық тұрақтылықтың сақталуының бір көрінісі. Сондықтан бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Қиын да қажетті мамандық бойынша тер төгіп жүргендіктеріңіз үшін шын көңілден шексіз ризашылығымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Бексұлтан Ақылбекұлы ізгі тілегін білдірген соң, мереке иелерінің бірқатарына Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Әбдірахымның, Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметованың, сондай-ақ аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Кәсіби мерекелік шараға әлеуметтік қорғау жүйесінде қызмет еткен ардагерлер де арнайы шақырылды. Солардың ішінде ауданымызда талай жыл осы салаға басшылық еткен Махмұдбек Жұмағұлов та болып, сахна төрінде әріптестерін құттықтады. Ол өз сөзінде жан жылуын сыйлаушы әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы жеңіл емес екенін тілге тиек етіп, қайсарлықтың үлгісін көрсетіп жүрген мамандардың еңбегіне табыс тіледі.
Ізгі тілектердің легі айтылған соң салтанатты шара шағын концерттік бағдарламаға ұласты. Эльдар Омар, «Замандастар» ВИА, «Гүлназ» би тобы сияқты ауданның өнерпаздарды өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.