Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы (бұрынғы Шамалған бекеті) ауылдық округі мен оған жақын орналасқан аудандағы бірқатар ауылдардың тұрғындары 30 жылға жуық уақыт теміржол өткеліндегі көлік кептелісінен үлкен қиындықтарды бастан кешірді. Ал 2019 жылдың қыркүйегінде мұнда жолаушылар пойызы мен қоғамдық көлік соқтығысып, адам өлімі орын алған болатын. Сол жағдайдан кейін оқиға қайталанбас үшін округте «Шамалған станциясының айналма жолы» жобасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Сөйтіп, 2020 жылы «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының тапсырысымен «СинеМидасСтрой» ЖШС-гі республикалық маңызы бар тас жолдың осы бөлігін қайта жаңғырту жұмыстарын бастады. Арада төрт жыл салып, республикалық маңызы бар көлік жолының құрылыс жұмыстары аяқталып, күні кеше осы жерде қозғалыстың ресми ашылу салтанаты өтті.
Аталған шараға ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев және компания өкілдері, аудан әкімі Жасұлан Естенов пен ауыл тұрғындары қатысты.
Алғы сөзді алған облыс басшысы Президенттің еліміздегі жолдар мәселесі туралы айтқанын және де осы жобаның маңыздылығы жайында атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сапалы жолдар жалпыхалықтық міндетке айналуы тиіс, өйткені оларсыз ешқандай ілгерілеушілік туралы айтуға болмайды», – деді Марат Елеусізұлы. – Біздің тарапымыздан Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы айналма жолдың құрылысы төрт жылға жуық уақытқа созылды. Оның ұзындығы 6 шақырым, ал жобалық құны 25,3 миллиард теңге болды. Бұл жобаның бүкіл облыс үшін маңызы зор. Анығырақ айтқанда, ол көлік ағынын айтарлықтай жеңілдетеді, жақын маңдағы елді мекендер тұрғындарының жол жүру уақытын қысқартады, жол қауіпсіздігі деңгейін арттырады, сонымен қатар біздің ел арқылы транзиттің ұлғаюына ықпал етеді. Жалпы бұл жоба Қарасай ауданының ғана емес, сондай-ақ өңірдің дамуына оң әсерін тигізеді.
Осы маңызды оқиғамен елді құттықтаған Сәтжан Әйтенұлы жобаның еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы ерекше маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл учаске «Орталық-Оңтүстік» (Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы) көлік дәлізінің негізгі құрамдас бөлігі және еліміздің көлік инфрақұрылымының дамуында маңызды рөлді атқарады. Сондай-ақ ол бұған дейін тоғызға жуық нұсқа қарастырылғанын түсіндірді. Нәтижесінде ең оңтайлысы таңдалған.
Ашылу салтанатының алғашқы бөлігі аяқталғаннан кейін арнайы шақырылған қонақтар символдық түймені басып, жаңа жолда көлік қозғалысына рұқсат етілгенін көрсетті.
Жоба жайында толығырақ айта кетейік. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының мәліметіне сүйенсек, бұл жол төрт жолақты және I-b техникалық санатына жатады. Құрылыс жұмыстарын «Сине Мидас Строй» БК» ЖШС мамандары жүргізді. Қайта жаңарту жұмыстары барысында толық кешенді жұмыстар атқарылды: жер төсемін орналастыру, теміржол торабы арқылы өтетін эстакада, өтпежол, екі көлік қиылысы, суөткізгіш құбырлар секілді жасанды құрылыстар салынды. Бүкіл учаске бойынша жолдың үстіңгі қабатына қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон төселді. Сондай-ақ әрлеу жұмыстары аяқталды: жарықтандыру және суөткізгіш жүйесі орнатылды, жол белгілері, тосқаулар мен таңбалау жұмыстары жүргізілді. Жолдың қолданыстағы учаскелерінде бекіту және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды.
Бұған қоса 2024 жылдың басынан бастап жол құрылыс материалдарын, оның ішінде қиыршық тас, құм, темірбетон конструкциялары, тосқауыл мен қоршаулар, жол белгілері мен жарықтандыру элементтерін сатып алу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуына және транзиттік қозғалысқа жолдың дер кезінде ашылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жобаны жүзеге асыру үшін 81 бірлік техника мен 256 жұмысшы жұмылдырылған.
Атқарылған жұмыстардың алғашқы кезеңдерін де айтып өтсек. Ең алдымен 38 жер телімі, яғни 53,84 гектар сатып алынған. Жоба үш көпірді, оның ішінде ұзындығы 348 метрлік эстакаданы, сондай-ақ ұзындығы төрт шақырымды құрайтын 12 пандусты қамтиды. Жабу алаңы 201 035 м2, көгалдандыру алаңы 237 056 м2, жер жұмыстарының көлемі 1,5 млн текше метрді, бетон жұмыстарының көлемі 53 138 текше метрді құрайды.
Жер асты қабатын тұрақтандыру үшін барлығы 6077 қада (свай) орнатылған. Тосқауыл қоршауының ұзындығы 26 мың желілік метрді құрайды. Бұған 7746 метр су ағызатын науалар, 308 жарықтандыру бағаналары, екі бағдаршам нысанын қосайық. Сондай-ақ қолданыстағы 6,96 шақырым жол жөндеуден өткен.
Қошмамбет ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жұмабай Аблаев бастаған тұрғындар да жобаның сәтті жүзеге асуына дән риза. Оның пікірінше, осы айналмалы жолдың салынуы арқылы екі маңызды мәселені шешу мүмкін болды: қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, теміржол өткелін түсіру және кептеліс сияқты мәселені жою.
– «Білесіз бе, қарбалас уақытта адамдар екі сағат кептелісте тұруға мәжбүр болды», – деп түсіндірді ол. – «Соның салдарынан үлкендер жұмысқа, ал оқушылар сабаққа кешігіп барады. Қазір бұл күрделі мәселе шешілді, ол үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс және аудан әкімдеріне, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығына және осы айналма жолды салғандарға алғысымды білдіремін.
Шарадан кейін журналистерге берген сұхбатында ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев, ағымдағы жылдың 5-ші қыркүйегінде Ақтөбе облысында ұзындығы 66 шақырымды құрайтын «Қандыағаш-Мақат» республикалық маңызы бар жолдың учаскесінде және 123 шақырым болатын 8 орташа жөндеу учаскесінде көлік қозғалысы ашылғандығын айтты. Ал осы айдың 15-іне дейін 244 шақырым жолды ашу жоспарланған. Яғни Қарағанды облысында 164 шақырым (Қарағанды-Балқаш), Жамбыл облысында 62 шақырым (Бұрылбайтал-Ақсүйек) және Ақтөбе облысында 18 шақырым (Қандыағаш айналма жолы).
Бұған қоса бүгінде 3,1 мың шақырым республикалық автожолдарда қайта жаңарту және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, оның ішінде 1,5 мың шақырымда жұмыстар жылдың соңына дейін аяқталатындығын мәлімдеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.