Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап облыстық білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес және ҚР-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агентінің Алматы облысы департаментімен бірлесіп, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде «Жемқорлыққа қарсы үздік мектеп» марафоны өткізілуде.
Оның аясында таяуда Шамалған ауылдық округінде орналасқан Қарасай батыр атындағы орта мектептің директоры Адиля Коржумбаеваның бастамасымен салтанатты шара өтіп, білім ордасының оқушылары марафон эстафетасын көршілес Іле ауданының мектептеріне «Адал бол!» ұранымен салтанатты түрде табыс етті.
Мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, оның кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тартуға бағытталған шараға ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Ерсұлтан Амирханов, облыстық білім басқармасының қамқоршылық, қорғаншылық және тәрбие бөлімінің басшысы Айжан Ізбасар, аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлнар Бихожаева және облыстық тәрбие бөлімінің мамандары қатысты.
Оның барысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткізілген шаралар туралы мәлімет беріліп, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заманауи жағдайларда білім саласында оған қарсы сауаттандыру мәселелері талқыланды. Келген қонақтар оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың жағымсыз жақтары және оның салдарын түсіндірді.
Іс-шара соңында білімгерлерден құралған «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы аталмыш эстафеталық марафонның символы болған ту мен «Жемқорлық індет, онымен күресу міндет» атты адалдық кітабын Қарасай аудандық білім мекемелері атынан Іле ауданының білім ордаларына «Адал бол!» ұранымен салтанатты түрде табыстады.
Өз тілшіміз.