Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 16-нан бастап, қараша айының 1-не дейін еліміздің барлық аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу және проблемалық мәселелерді зерделеу бойынша әкімшілік учаскеде халықты барынша қамтуға бағытталған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Қылмыстың алдын алу және бұрын істі болғандармен кері байланысты орнатуда маңызы зор шараның негізгі мақсаты қызмет көрсетілетін әкімшілік аумақтарда құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шараларын күшейту, оның ішінде азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ ішкі істер органдарының халық арасында беделі мен беделін арттыру болып табылады.
Аталған шара аясында Қарасай ауданы әкімінің 2024 жылғы 25 қыркүйектегі №47 өкімімен ауданымызда арнайы мобильдік топ құралды. Оның мүшелері профилактикалық және тізімдік есепте тұрған тұлғаларды мекенжайлары және жұмыс орындары бойынша тексеріп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл жүмыстарға 302 қызметкер жұмылдырылды.
Анығырақ айтқанда, «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері қарасайлық мобильдік топ мүшелері жалпы 16040 тұрғын үй аралады (50,83%). Оның ішінде көпқабатты үйлер – 4001, жеке үйлер – 12039.
Жалдамалы пәтер саны – 541, оның 309-ы тексерілді. Құжаттарсыз жалға берілетін 50 пәтер анықталды, осыған қатысты ақпарат аудандағы Мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Аудан аумағындағы 18290 нысан орналасқан 200 саяжайдың 7584 (41,47%), сондай-ақ 218 шаруа қожалықтарының 117-сі тексерілді (53,67%).
Сондай-ақ 73 сауда орындары мен базар, қызмет көрсету орындарында тексеріс жұмыстары жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 54-іне ескерту берілген.
Мұнан бөлек тұрғылықты жері анықталмаған 107 адам ұсталды. Оның 102-сі қабылдау-бөлу бөліміне жіберілді. Нарко-граффити жарнамасының 25 фактісі анықталып, барлығы қайта боялып ретке келтірілген.
Бүгінде ауданымыз бойынша қаруы бар 4538 азамат тіркелген. Жедел-профилактикалық іс-шара аясында соның 2081-іне тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 33 азаматтың қаруды сақтау ережелерін бұзғаны анықталып, оның 8-і тәркіленген.
Сонымен қатар, мобильдік топ мүшелері ішкі істер бөлімінің есебінде тұрған 1000 адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерістер ұйымдастырып, сотталғандармен профилактикалық әңгімелер жүргізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.