Тұмау және өткір респираторлық вирустық инфекциялар халықтың жұқпалы аурушаңдық деңгейіне ең көп үлес қосатын кең таралған жұқпалы аурулардың бірі болып табылады. Жыл сайын күзгі-қысқы кезеңде тұмау вирустарының және басқа респираторлық вирустардың айналымы белсенді бола бастайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде эпидемиологиялық маусым кезінде ЖРВИ-мен жыл сайын 450 мыңға жуық адам аурады. Оның ішінде 284 мыңы (61,4%) – 14 жасқа толмаған балалар.
Осыған орай еліміз бойынша бірінші қазаннан бастап тұмау және ЖРВИ-ға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу, вакцина салу жұмыстары басталды. Біздің ауданымыздың медициналық мекемелері де жаппай іске кірісіп кетті. Бұл ретте орталық ауруханаға ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 35 400 дозасы жеткізілді.
Тұрғындар тұмауға қарсы екпені өздері тіркелген емханадан ала алады. Ол үшін терапевт немесе кезекші дәрігерге барса жеткілікті. Екпе әуелі жүктіліктің екінші немесе үшінші триместрінде жүрген әйелдерге салынады. Содан соң, медицина саласының қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған кісілерге, жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдарға, 65 жастан асқан қарт кісілерге жоспарлы түрде тегін салынуда. Сонымен қатар жасы 6 айдан асқан әрі жиі ауыратын балаларға, оның ішінде үшке толмағандарға 0,25 мл 3-4 апта интервалмен екі рет, ал үш жастан асқандарға бір рет егіледі.
– Бүгінгі күні ауданымыздағы ауруханалар мен дәрігерлік амбулаторияларында егу кабинеттері толығымен дайын. Олар санитарлық талаптарға сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасы тұмау вирустарынан қорғануға көмектеседі және аурудың жеңіл өтуіне сеп болады.
Жалпы тұмау ауруы асқынса, адамның миына, жүрегіне тигізер қатты әсері бар. Сондықтан иммундық жүйені күшейткісі келген әрбір адам эпидмаусым кезеңінде барынша тазалық сақтау және тұмаудың алғашқы белгілері пайда болғаннан бастап өзі тіркелген емханаға барып қаралуы керек, – дейді аудан-дық орталық ауруханының медициналық-әлеуметтік және психологиялық қызмет бөлімінің басшысы Дана Таждинова.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.