Әлемдегі көптеген кәсіп иелерінің ішінде «құтқарушы» мамандығын ерекше атап өтуге болады. Өйткені ол түрлi табиғи және техногендiк апаттардан адамдарды құтқаруға бағытталған, адамгершiлікке толы игі мамандық болғанымен, оны тандаған адам үшін өте қауiптi сала болып табылады. Соңғы уақытта әлемнің барлық дерлік аумағында табиғи апаттар орын алып жатқандығын ескерсек, қай уақытта болсын, құтқарушы мамандығының мәртебесі биік екенін түсінуге болады.
Әр күндерін түрлі төтенше жағдайлар ортасында өткізіп, кез келгеннің қолынан келе бермейтін жауапкершілік жүгін арқалаған азаматтардың жұмыс күні қалай өрбейтіні кімді болсын қызықтырмай қоймайтыны анық. Осы ретте алда аталып өтілетін 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай біз қиын саланың қыр-сырын көзбен көріп, құтқарушылардың жұмысын оқырмандарымызға жеткізу мақсатында аудандағы төтенше жағдайлар бөліміне арнайы барып, бөлім басшысы, азаматтық қорғау майоры Бағдат Шәріпбековпен сұхбаттастық.
– Бағдат Сәрсенбекұлы, алдымен ауданымыздың төтенше жағдайлар бөлімі жайлы ақпарат беріп өтсеңіз. Бүгінде бөлімшенің жағдайы қалай? Мұнда қанша қызметкер жұмыс істеуде? Техника жағынан толық қамтамасыз етілген бе?
– Өздеріңіз білетіндей төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соңғы жылдары әлемде, оның ішінде біздің елімізде де жер сілкінісі, су тасқыны секілді бірнеше табиғи апаттар орын алғанын көріп отырсыздар. Осы ретте төтенше жағдайлар мекемелерінің қызметі маңызды.
Жалпы біздің жұмысымызға келетін болсақ, Қарасай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің жұмыс қарқыны жақсы деп айтуға болады. Әрине, біздің ауданымыз облыстағы ең үлкен әрі халық саны көп өңірлердің бірі болғандықтан, күнделікті жұмысымыз да соған сай. Дегенмен ауданымызда болып жатқан барлық оқыс оқиғаларды уақытында жойып отырмыз.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметімен қатар №5 өрт сөндірушілер бөлімшесінде 40 қызметкер еңбек етеді. Оның барлығы да өз ісінің маманы, жүктелген қызметті бұлжытпай тиянақты орындайды. Техника жағына келсек, бөлімімізде қазіргі таңда техникаларымыз жаңа және жеткілікті. Анығырақ айтқанда, бөлімшеміз өрт сөндіруге арналған арнайы және қосалқы жалпы 10 көлікпен қамтамасыз етілген.
Күнделікті бөлімде бес қызметкер кезекшілікке түседі және екі арнайы көлік кезекшілікте дайын тұрады. Өзге қызметкерлерімізбен техникалар резервте болады. Егер ауданымызда немесе облыстың өзге өңірлерінде ауқымды өрт орын алған жағдайда жұмысқа барлық жеке құрам жұмылдырылады. Жалпы айтқанда бүгінде біздің бөлім кез келген оқыс жағдайға дайын дей аламын.
– Қарасай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысы қандай деңгейде атқарылуда? Оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында және де аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жоғарыда айтып өткенімдей біздің ауданымызда тұрғындар саны көп. Десе де ағымдағы жылдың соңғы 10 айындағы статистикаға мән берсек, биыл оқыс оқиғалар саны өткен жылмен салыстырғанда азырақ. Нақты айтсақ, аудан бойынша 123 төтенше жағдай тіркелді. Оның барлығы дерлік өрттің шығуына байланысты болғандықтан, өткізілген профилактикалық жұмыстардың көбі өрт қауіпсіздігіне бағытталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің жоспарына сәйкес жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсізідігін сақтау бойынша «тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі», «жылыту пештерін қысқы кезеңге дайындау» және «адамдардың көміртегі тотығымен улануының алдын алу» акциялары бойынша күнделікті үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жылыту маусымының алдында қала аумағында «өрт қауіпсіздігі айлығы» өткізілді. Аталған шаралар барысында 21 025 адам қамтылған 621 лекция және 450 кездесулер ұйымдастырылып, қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, 7854 жаднама таратылды. Бұған қоса ауданымыздағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне мамандар арнайы барып, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізді.
Мұнан бөлек соңғы үш жылда ауданымыздағы тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне 946 улы газдарды сезетін арнайы құрылғы орнатылды. Тағы да 100 данаға тапсырыс берілді.
Жалпы жоғарыда атап өткен жұмыстар өз нәтижесін беруде. Мәселен, өткен жылы улы газдан ауданымызда 6 адам қайтыс болған еді. Ағымдағы жылы қуанышқа орай ондай оқиғалар орын алмады.
Алайда өрт мәселесі әлі де күрделі. Биылдың өзінде шарпыған алаудан 8 адам көз жұмды. Осы ретте біздің бөлімнің тарапынан алдын алу шаралары алдағы уақытта да белсенді түрде жүргізілетін болады.
– Халықтың төтенше жағдай кезіндегі амандығы үшін тыным таппайтын мамандық иелері түрлі жағдаймен бетпе-бет келеді. Сондықтан жеделдік пен тапқырлықты, батылдық пен күштілікті бойларына қатар сіңірген төтеншеліктердің әрқашан кез келген жағдайдағы дайындығы өте маңызды. Осы ретте қояр сауалымыз қарасайлық төтеншеліктердің дайындық деңгейі қандай? Олардың кәсіби тұрғыда жетілдіріп отыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Құтқарушы – өте қиын әрі қауіпті мамандық. Сонымен қатар құтқарушылар ерекше адамдар, себебі күнделікті дабыл бойынша отпен күресіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алып және оларды жою жолдарын атқарады. Бұл күресте құтқарушы жұмысының қауіптігі сонша, оның әр басқан қадамы соңғы болуы мүмкін. Сондықтан олар әр кезде психикалық, моральдық және де физикалық тұрғыдан дайын болуы қажет. Қарасай ауданы, Қаскелен қаласында орналасқан №5 өрт сөндіру бөлімшесінде өрт сөндірушілерге арналған өрт тактикалық жаттығу жолағынан өту бойынша психологиялық дайындық жүргізілуде.
Аталған іс-шараға аудандық өрт сөндіру бөлімдерінің басшылары мен офицерлер құрамы қатысты. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – техникалық сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен жауынгерлік дайындығын арттыру. Төтенше жағдай немесе өрт кезінде өрт сөндіруші қорқыныш пен шатасуды игергенде, физикалық дағдылар нөлге дейін төмендейді. Сабақ барысында азаматтық қорғау қызметкерлері өрт жолағындағы қауіпті элементтерді, қауіптерді және барынша дене белсенділігін игерді.
Бұдан бөлек те құтқарушылардың кез келген жағдайларға дайын болуларына бағытталған жыл сайын өзге де оқу-жаттығу өткізіліп отырады. Оған қоса министрліктің нұсқауына сәйкес әр қызметкерге 3 жыл сайын өзінің біліктілігін арттырып отыру міндеттелген.
– Өзіңіз білетіндей соңғы кездері елімізде орын алған жағдайлар еліміздің төтенше жағдай қызметінің қауқарын көрсетіп берді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған салаға ден қойып, оны жаңғырту үшін атқарушы билікпен қатар салалық министрлікке, төтеншеліктерге барынша қолдау көрсетіп, оларды заманауи техникалармен, құрал-жабдықтармен, қажетті арнайы киімдермен қамтамасыз етуді, жалақыларын көтеруді тапсырған еді. Бұл ретте туындаған сауал бүгінде төтенше жайдай қызметінде қандай өзгерістер орын алуда?
– Иә, қазіргі уақытта біздің салаға ден қойылды. Ең үлкен өзгеріс ретінде Ел басшысының тапсырмасымен Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құрылуын айта аламын. Осының арқасында бізге ақырындап өзгерістер енгізілуде. Мәселен, құтқарушылардың жалақысы 70 %-ға өсіп, ең төменгі еңбекақы 200 мың теңгенің шамасында болды. Сондай-ақ біздің бөлімшеге өрт сөндіруге арналған жаңа екі көлік берілді.
Мұнан бөлек қазіргі уақытта төтенше жағдайлар бөлімдерінің жұмысын толықтай модернизациялау және де қызметкерлерге тұрғын үй беру мәселесі қаралуда.
Осы өзгерістер енгізілсе, алдағы уақытта бөлімшеміз жаңадан өрт сөндіру техникаларымен және де жаңа өрт сөндіру киім үлгісімен қамтамассыз етілетін болады.
– Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысын жетілдіру мақсатында алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылды және алдағы жоспар қандай?
– Әрине, келер жылға қойған жоспарлар жетерлік. Оның көбі биыл атқарылуы керек еді. Алайда осы жылы еліміздің бірқатар өңірінде болған тасқыннан кейін қаржылай қамтамасыз ету мәселесі біраз күрделенді. Енді келер жылы ол шешілсе, біздің бөлімнің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар ауданда жылдан-жылға адам санының өсуіне байланысты алдағы уақытта Жібек жолы ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бөлімшесін салу жоспарлануда. Қажетті 3,5 гектар жер телімі бөлініп, жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Облыс тарапынан қаражат бөлінсе, құрылыс жұмыстары келер жылы басталады деген жоспар бар.
– Сөз соныңда келе жатқан кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге тілек жолдасаңыз болады.
– Ержүректілік, батырлық, жанқиярлық – құтқарушыларға тән қасиеттер. Бұл мамандыққа кездейсоқ адам келмейді, өйткені құтқарушы мамандығы жақсы физикалық дайындықты, жүйке бекемділігін, төзімділікті, тасып-тулаған апат алдында қорқынышты жеңе білу қабілеттілігін және әрине, мінсіз абырой-беделді талап етеді.
Осы қасиеттер бойынан табылып, ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп отырған әріптестерімді алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтағым келеді. Оларға тілейтінім – әр отбасына аманшылық, істеп жатқан қызметтері жемісті, денсаулықтары мықты болғай. Әрқашан қайсарлық пен шыдамдылық серіктеріңіз болсын. Қызмет жолында абыройларыңыз асқақтап, беделдеріңіз биіктей берсін дегім келеді.
– Бағдат Сәрсенбекұлы, уақытыңызды бөліп бізге ақпарат бергеніңізге рақмет. Алда келе жатқан кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Қызметіңізде табыстарға жетіп, абыройыңыз арта берсін. Еліміз сіздермен мақтанады!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.