Президенттің тікелей тапсырмасының бірі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын сәтті түрде жүзеге асыру. Осы бағытта еліміздің әр аймағында жаңа білім ошақтары бой көтеріп, үшауысымда оқыту мәселесі шешімін табуда.
Ұлттық жобаның ұтымды екені Алматы облысында да байқалып, өңірге қарасты бірнеше ауданда жаңа білім шаңырақтарының іргетасы қалануда. Оның ішінде 10 мектеп салынатын Қарасай ауданы да бар. Ал Қошмамбет ауылындағы ғимарат солардың бірі болып табылады. Жақында аталған елді мекенге барып, әлеуметтік нысандағы жұмыстың барысына көз жеткізіп қайттық.
Осы уақытқа дейін Долан мен Алмалыбақ ауылдарындағы мектептің жай-күйін жеткізген едік. Бұл жолы Қошмамбетке арнайы барып, құрылыс қарқыны жайлы тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның өкілімен және жұмысшылармен сөйлестік.
Қазіргі уақытта 1200 оқушыға арналған мектептің кескін-келбеті алыстан-ақ жақсы байқалады. Сыртқы әрлеуі бітуге жақын. Құрылысшылар ішкі жұмыстарымен айналысуда. Ғимараттың бітуіне мердігер мекеме ретінде «KazSMU» ЖШС жауапты.
Білім ошағындағы жұмыс барысы ойдағыдай жүріп жатқаны, әрине қуантады. Дегенмен оның мерзімінен кешікпей бітуін жергілікті халық асыға күтетіні рас. Ғимараттың қолданысқа беру жағын нақты білу үшін құрылыстың тапсырыс берушісі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Алматы облысы бойынша өңірлік басшысы Елжан Туленбаевпен тілдестік.
– Қошмамбет ауылындағы мектептің салынуына келер болсақ, мұндағы жұмыс жоспарлы түрде жүргізілуде. Құрылыс алаңында 260 адам еңбек етуде. 17 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта мектептің айналасындағы абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Бұл ғимарат «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқандықтан, ерекше мектептердің бірі болады. Аумағы – 3 га. 1200 баланың білім алуына толық жағдай жасалады. Мектептің өзі 10 блоктан тұрады. Бастауыш пен жоғары сынып оқушыларының мектепке кіруі бөлек-бөлек қарастырылған. Сондай-ақ олардың жеке спортзалдары бар. Жоспар бойынша нысанды толық өткізу мерзімі – қараша айы. Бірақ оны мерзімінен бұрын, яғни осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру қарастырылуда, – деді құрылысқа тапсырыс беруші компанияның өкілі Елжан Сейітнұрұлы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданымызда 10 мектеп салынады. Оның 8-інің құрылысы жүріп жатыр.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.