Алматы қаласына жақын орналасқан Қарасай ауданына қарасты бірнеше ауылдық округ болса, соның бірі – алып шаһарға іргелес жатқан Іргелі. Мұндағы жергілікті халықтың саны жылдан-жылға артуымен қатар, туындап жатқан өзекті мәселелері де аз емес. Ал оның шешілу жолдары қалай қарастырылуда? Осы жайында әңгіме өрбіту үшін жақында округ әкімі Арман Қамалбекпен кездескен едік.
– Арман Даниярұлы, алғашқы сұрағым Іргелі ауылдық округіне қарасты 6-кварталдың жарық мәселесіне қатысты болмақ. Бұл жайлы халықтың талай наразылығы болғаны белгілі. Электр қуатына жауапты жеке кәсіпкер Варвара Лешкевичтің трансформаторы мемлекет меншігіне өтті ме? Оған қатысты қандай жұмыстар атқарылды?
– Іргелі ауылдық округіне әкім болып тағайындалғалы тұрғындар тарапынан көп сұрақтар туындап жатыр. Оның ішінде инфрақұрылымға қатысты айтылатын мәселе көп. Соның бірі – 180-ге жуық үйі бар 6-кварталдағы жарыққа қатысты жағдай. Кезінде Варвара Лешкевич есімді жеке кәсіпкер халықтың сұранысымен трансформатор қосып, сол арқылы электр қуатымен қамтамасыз еткен. Одан кейін жарықтың жиі өшуі орын алып, соның салдарынан сорғы арқылы жеткізілетін ауыз судың тоқтауы да жиілей түскен. Бұл мәселе өте өзектіге айналды. Талай рет талқыға ұшырады. Аудан әкімінің және аудан прокурорының назарына да ілінді. Бүгінгі таңда Варвара Лешкевичпен екі жақты келісімге келіп, нәтижесінде осы жылдың соңына дейін аталған трансформаторды уақытша Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгеріміне өткізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ келесі жылы кәсіпкердің бұл мүлкін нарықтағы бағадан 4 есе арзан құнымен сатып алу жоспарда бар.
Тағы бір айта кетерлігі, Варвара Лешкевич иелік ететін трансформатор тек 6-кварталда ғана емес. Оның Көксай мен Жамбыл ауылдарында да жарық құрылғылары бар. Сондықтан аталған трансформаторларын сатып алатын болсақ, бір ғана ауылдың ғана емес, үш ауылдың да мәселесі шешілейін деп тұр.
– Трансформатор демекші, бұл ауылдық округте жаңа құрылыстар аз емес. Ол жақта тұрғын үйлер саны да артып келеді. Мұндағы халық электр энергиямен толық қамтылған ба?
– Біздің ауылдық округте жаңа құрылыс көп. Ол жаққа жан-жақтан көшіп келіп жатқандар да жетерлік. Мұндағы халықты жарықпен қамтамасыз ету қиынға соғып жатыр. Одан бөлек тариф мәселесі былай тұрсын, әрбір үй үшін электр энергиясына қосу қымбатқа түсуде. Сондықтан биыл мемлекеттен өңірлерді дамытуға бөлінетін қаржыны алдымен «Алтын орда» базарының артындағы 8 көшеге трансформатор алуға жұмсадық. Ал мұндағы жеке кәсіпкердің иелігіндегі ескі құрылғыны 9-кварталдың тұрғындарына қолданамыз. Айта кету керек, бұл трансформаторды кәсіпкер азамат еш ақысыз өткізіп беріп отыр.
Сонымен қатар, Кемертоған ауылын электр энергиямен қамтамасыз ететін «Жарық» жеке кәсіпкерлігінің тариф құнын төмендету бойынша жұмыс атқарудамыз. Онымен антимонополиялық комитет айналысуда. Екі жақты келіссөздер жүргізілуде.
– Арман Даниярұлы, көше бойындағы сауда нүктелері жайлы не айтасыз? Әсіресе «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің айналасында бей-берекет орналасқан сауда орындарын байқаймыз. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі ме?
– Қазіргі таңда «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің аумағында жабайы сауданың көрінісі жоқ деп айтуға болады. Өйткені ол жердегі ретсіз сауда орындары аудан әкімінің және оның осы салаға жауапты орынбасарының қадағалауымен барлығы жойылды. Қазір ол жерде заңсыз орналасқан сауда орындары жоқ.
Ал «Алматы-Бішкек» тасжолының бойында орналасқан қауын-қарбыз және басқа да көкөніс сатумен айналысатын саудагерлерге келер болсақ, олармен ауыл ақсақалдары, әкімдік қызметкерлері болып түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде тасжолдың бойынан 20-30 метр қашықтықта орналасатындай, сондай-ақ әрбірі әр жерде емес, бір орында саудаларын жүргізетіндей бір келісімге келдік.
– Асылармандықтардың тағы бір шағымданатыны – Абай ауылынан шығатын жағымсыз иіс. Біздің білуімізше, оның таралуына қағаз өндірумен айналысатын «Kagazy Recycling» компаниясы кінәлі. Бұл мәселеге қатысты қандай түсінік бересіз?
– Дұрыс айтасыз. «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің халқын талай жылдан бері осы жағдай мазалайды. Пәтер иелерінің тиісті органдарға жазған шағымдары ескерілді. Нәтижесінде Алматы облысы бойынша экология департаменті «Kagazy Recycling» ЖШС-не айыппұл салды. Қазіргі уақытта аталмыш компанияны Алматы қаласының басқа аумағына көшіру мәселесі қаралуда. Әрине, бұл бір күнде шешілетін шаруа емес. Бірақ жоспарда бар.
– Арман Даниярұлы, округ халқын қоқыс мәселесі де алаңдатады. Уақтылы жиналмауы, қызмет сапасына айтылар шағым да аз емес. Бұл мәселені қалай шешудесіз?
– Қоқыс шығару, әрине кімге де болсын оңай жұмыс емес. Санитарлық талап үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінгенімен, ол жетпейді. Оның үстіне қоқысқа жауап беретін мекеменің де кінәсі бар. Біресе техникалары сынса, енді бірде уақтылы алынбайды. Одан бөлек абоненттердің саны нақтыланбаған. Қызмет көрсетуші компания ескі деректермен жүр. Менің ойымша, қоқыс жинау мәселесі бойынша жаңа тәсіл ойлап табу керек. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындармен ақылдасып, тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Арнайы WhatsApp-чат аштық. Ол топта белсенділер, ауыл ақсақалдары, жастар, сондай-ақ қоқысқа жауапты мекемелердің өкілдері бар. Тұрғындар осы чатқа қай жерде күл-қоқыс алынбағанын хабарлап, факт ретінде хабарлама жіберіп отырады. Ал жауапты компания оны ескереді. Бұл әдіс өз нәтижесін беруде.
Сонымен қатар округімізде екі қабатты көппәтерлі 5 үй бар. Мемлекеттен бөлінген қаражатқа осы аталған тұрғын үйлердің маңайына 30 қоқыс жәшігін сатып алдық. Қазір оларды орнату жұмыстары атқарылуда.
Қоқысқа қатысты туындайтын тағы бір мәселе – округте орналасқан жатақхана тәріздес үйлердің көптігі. Мұнда жалдамалы пәтер ретінде тұрып жатқан тұрғындар көп. Ешбірі тіркелмеген. Олардың әрбірі абонент болып табылғандықтан, тиісті тариф бойынша коммуналдық қызмет ақысын төлеуі тиіс. Қазір соларды тұрақты тіркеумен айналысудамыз. Одан кейін қоқысты орынсыз тастап кететіндер көп. Қазір оларды арнайы бейнебақылауға алып, әкімшілік-құқықтық айыппұл жаздыртып, учаскелік полицейлердің көмегімен хаттама толтырып жатырмыз. Осылай қоқыс мәселесімен күресіп жатқан жайымыз бар.
– Соңғы сұрағым Кемертоған ауылында салынып жатқан мектеп жайлы болмақ. Бұл ауыл Сіз басқарып отырған ауылдық округке қарағандықтан, білім ошағының құрылыс барысынан хабарыңыз бар шығар. Мектеп қашан пайдалануға берілмек?
– Кемертоған ауылындағы жалғыз мектептің үшауысымдық мәселесін жою мақсатында қазір жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Қуанышымызға орай жер телімі көп ұзамай табылып, жұмыс басталып кетті. Оған қолдау білдірген аудан әкіміне өз атымнан, жергілікті халықтың тарапынан алғысымды білдіремін.
Айта кету керек, бұл білім ошағы Президентіміздің тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Қазір ол жақта құрылыс қарқыны жаман емес. Оған жауапты мердігер мекеменің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.
– Ақпаратыңызға рақмет, Арман Даниярұлы! Қызметіңіз өрлей берсін.
Сұқбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.