Жақында ғана жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілген Қаскелең қаласындағы мектеп-гимназияға Париж Олимпиадасының дзюдодан қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев арнайы қонақ болып келді. Ел мақтанышына айналған азамат спортты серік еткен оқушылармен және ұстаздар қауымымен кездесті.
Қарасай ауданының әкімдігі мен аудандық прокуратура ұйымдастырған шарада қадірлі мейман Ғұсман Даниярұлына лайықты құрмет көрсетілді. Кездесуде аудан прокуроры Жәнібек Жақаев даңқты спортшының жетістігі жайлы айтып, оқушыларға оның жеңісті жолын тіледі.
Ал жанкүйерлерінің тағатсыз күткеніне Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев өте қуанышты екенін айтып, спортты жанына серік еткен оқушыларға ақ тілегін білдірді. Одан кейін оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Сауал қою барысында спортшының өмір жолы, спортқа қалай келгені, алғашқы жарыстары жайлы әңгімелер айтылды.
Ғұсман Даниярұлы сұрақ-жауап айдары кезінде екі баланың әкесі, оқушы кезден бастап спортқа келгенін айтып, оқушылардың жігерлерін оятатын спорттағы жеңісті және жеңіліске толы сәттерін еске алды. Сондай-ақ ол «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы ұстанып, атақ-даңқтың арқасында жұлдыз болудан аулақ екенін түсіндірді.
Сауалдардың легі қойылған соң құрметті қонаққа мектеп-гимназияның басшысы Қорлан Дәуітқанқызы бастаған ұжымның атынан ықылыс гүлі табыс етілді. Осыдан кейін кездесу кешін аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева қорытындылап, осындай шараның өтуіне ықпал еткен аудандық прокуратураға алғысын білдіріп, Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа үлгілі спортшы екенін айтып, оның алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев 1992 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.
Парижде тұңғыш рет Олимпиадаға қатысып, қола жүлдеге ие болып, ел мерейін асқақтатқан спортшы.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.