22 тамызда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов жүргізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Ауданның 2024 жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, 2024 жылға бөлінген бюджет қаржысының игерілуі туралы» экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев хабарлама жасады
– Қарасай ауданы бүгінгі күні Алматы облысындағы өнеркәсіп саласы дамыған, халық көп шоғырланған ауданға айналды. Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының саны 345,9 мың адамға жетті, бұл шамамен Алматы облысы халқының 22% құрайды. Ал ауданның облыстағы үлесі: өнеркәсіп бойынша – 34,7%, инвестициялар көлемі бойынша – 23,4%, құрылыс бойынша – 18,6%, тұрғын үйлерді іске қосу бойынша – 30,5%, бөлшек сауда бойынша – 31,7%, ауыл шаруашылығы бойынша – 11,2% құрайды, – деп бастады өз сөзін Жеңіс Құсайынбайұлы. – Жалпы, 2024 жылдың 6 айының қорытындысына сәйкес ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері атқарылған жұмыстар мен уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде толық орындалды. Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіп өндірісі – 306,6 млрд. теңгеге жетіп, 9,4%-ға өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 88,0%-ды құрап, 269,5 млрд. теңгеге жетті (2023 ж. 6 айы – 304,2 млрд.теңге), ауыл шаруашылығында 33,1 млрд.теңгенің өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 102,6% құрады (2023 ж. 6 айы – 33,8 млрд.теңге), 77,3 млрд.теңге инвестиция тартылып, 16,7%-ға өсті (2023 ж. 6 айы – 64,4 млрд.теңге), іске қосылған тұрғын үй көлемі 205,6 мың ш.м. жетіп, 13,6%-ға өсім көрсетіп отыр (2023 ж. 6 айы – 159,1 мың шаршы метр), орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 20,5 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,6% құрады. Бөлшек тауар айналымы 91,8 млрд.теңгеге орындалып, 4,0%-ға өскен (2023 ж. 6 айы – 83,7 млрд.теңге). Бұдан бөлек, салықтық түсімдер бойынша бюджетке 49,1 млрд. теңге түсім түсіп, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,0%-ға көбейді (2024 ж. 6 айына жоспар – 54,9 млрд. теңге, 89,4%). Қарасай ауданының кәсіпкерлік саласы бүгінгі күні жетекші салаға айналып, жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда ауданда өнеркәсіптің дамуы бойынша 18 ірі өндірістік кәсіпорындар жұмыс істеуде, оның ішінде 7 жүйе құраушы кәсіпорындар бар. Олар – «RG BRANDS Kazakhstan», «Coca-Cola Almaty Bottlers», «Hamle Company LTD», «Asia Agro Food», «Efes Kazakhstan», «Kagazy Recycling», «Келун Казфарм» сияқты флагмандар. Бүгінде аталған ірі кәсіпорындар ауданның өнеркәсіп өнімдері көлемінің 90% құрап, 6,2 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар, ауданның өнеркәсіп, инвестиция және құрылыс саласында бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Нақтырақ айтқанда, «Алтын Таға» темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты салынуда, инвестиция көлемі – 32,0 млрд. теңге. Жоба іске қосылғаннан кейін 1200 жаңа жұмыс орындарының ашылуы көзделуде. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның ірі «KT&G» компаниясы өндірістік фабрикасының құрылысын жүргізуде. Жалпы жобаның құны – 90,0 млрд. теңге. 405 жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұдан бөлек Елтай ауылдық округінде «Фокус» логистикалық кешені салынуда. Инвестиция көлемі 30,0 млрд. теңге, 1500 жаңа жұмыс орындары ашылады. «Apple City» серіктестігімен 90 мың шаршы метрді құрайтын логистикалық кешенінің құрылысы басталды, инвестиция көлемі 14,0 млрд. теңге. Жоба ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылып, 500 жұмыс орнын құру көзделуде. Ағымдағы жылы Шамалған ауылында 2,4 га жер телімінде «Қазақстандық құбыр арматурасы зауытының» (КЗТА) құрылысы аяқталып, іске қосылды. Инвестиция көлемі – 2,6 млрд. теңге және 30 тұрақты жұмыс орындары құрылды. Жылдың соңына дейін 80 жұмыс орнына дейін жеткізу көзделген.
Кәсіпкерлік саласында, – деді одан әрі ол, – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 231 кәсіпкерге 23,5 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Кредиттердің пайыздық мөлшерлемесімен субсидиялауға 161 жобаға 22,1 млрд теңге берілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 19 азаматқа 28,1 млн. теңге мемлекеттік гранттар берілді. Ауыл шаруашылығы саласына келетін болсақ, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлер тарапынан жалпы сомасы 2,7 млрд. теңгеге 313 жобаның өтінімі жинақталды, оның ішінде 1,8 млрд. теңгеге 217 жобаның құжаттары «Қонаев» аулшаруашылық өндірістік кооперативіне өткізілді (СПК «Қонаев»). Қазіргі уақытта 52 жобаға 448,5 млн. теңге несие берілді немесе 50,0%-на төленді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде аудан бойынша 300,0 млн. теңгеге 10 өндірістік кооперативі құрылып, «Қонаев» ӘКК-не 3 кооперативтер құжаты қабылданды. Әлеуметтік салалар да назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, білім саласы бойынша ең өзекті мәселелердің бірі – үш ауысымдық мектептер. Бүгінгі күні үш ауысымды 6 мектеп қалып отыр. Үш ауысымды білім алуды жою мақсатында ауданда 12 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Олар: «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 13 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық және «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 2000 орындық мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау саласында қазіргі таңда Абай және Үштерек ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүргізілуде. Ал Қаскелен қаласында заманауи екі ірі жоба іске асырылуда, олар – перинаталды орталық және 500 келушіге арналған көп салалық емхана салу жоспарлануда, бүгінгі күні жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Одан бөлек, 4 ауылда 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Кеңес мүшелері ауданда алты айда атқарылған жұмыстарға байланысты сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірілерін айтты.
Мұнан кейін кеңес мүшелері Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Салават Қазиевтің «Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және атқарып жатқан жұмыстар және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» есебін тыңдады.
Бөлім бірнеше мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұл жолы негізінен ауыз су мәсселесіне көңіл бөлінді. Аудан бойынша жалпы 716 км су құбырлары бар, оның қанағаттанарлық жағдайы орташадан төмен болып табылады. Қызмет көрсетуші негізгі мекемелер – «Ж Каскелен» ЖШС, «БейАж Транс» ЖШС, «Таусамалы Қызмет» МКК, «АКС» ЖШС және тағы басқа жеке тұлғалар. Алматы қаласына жақын орналасқандықтан, миграциялық деңгейдің жоғары болуы себебінен аудан көлемінде жаңа құрылыстардың көп болуы және бағбандық саяжайларда тұрақты түрде қоныстануына байланысты тұрғындар тарапынан инфрақұрылымдық жүйелерге деген сұраныс өте жоғары. Солардың бірі – сапалы ауыз су жүйесімен қамту. Бүгінгі күні Жаңатұрмыс ауылының ауыз су мәселесін шешу мақсатында «Жаңатұрмыс ауылының су жүйесін жаңғырту және салу 2-кезек» нысаны бойынша 919,3 млн теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды. Биыл қалған құрылыс монтаж жұмыстары толықтай аяқталатын болады.
Қаратобе ауылының ауыз су мәселесін шешу мақсатында «Қаратобе ауылының су жүйесін жаңғырту және салу 1-кезеңінің 2 кезегі» нысаны бойынша 91,7 млн.теңге қаражат бөлініп қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 70%-ға аяқталды. Мердігер мекеме – «Арман А.B.K»ЖШС. Ағымдағы жылы құрылыс монтаж жұмыстары толықтай аяқталды. «Қаратобе ауылының су жүйесін жаңғырту және салу 2-кезеңі» нысаны бойынша ағымдағы жылы конкурс нәтижесінде «Асыл Тау» ЖШС мердігер болып анықталып, құрылыс жұмыстары басталды, алайда нысан бойынша ағымдағы жылы ішінара 50 млн.тг қаражат бөлінді. Нысанның жалпы құны 454 млн. тг құрайды. Қалған қаражаты күтілуде. Қазіргі Шалқар (1 989,3млн.тг) және Қайрат (407 млн.тг) ауылының су жүйесін жаңғырту мақсатында ЖСҚ әзірленіп, Алматы облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінім жолданып, қаржыландыру күтілуде. Одан бөлек Елтай, Жармұхамбет ауылдарының ауыз су жүйесіне ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өту барысында. Әрі қарай Жібек жолы, Көлащы, Береке, Көктоған, Кемертоған аулдарының су жүйесін жаңғырту бойынша ЖСҚ әзірленуде.
Сонымен қатар, Қаскелең топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде. Қаскелең топтық су құбыры 3 кезектен тұрады. Жобаның 1-ші кезегінің 1-ші іске қосу кешені 2019 жылы аяқталды, 2-ші және 3-ші іске қосу кешендерінің құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2022 жылы 200 млн. теңге бөлінді және 2023 жылға 2,2 млрд теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал, 2-ші кезектің 1-ші және 2-ші іске қосу кешендерінің жобалау-сметалық құжаттамалары аяқталып, мемлекеттік сараптамаға 2023 жылы тапсырылады. Бүгінгі күні жалпы 56 шақырымды құрайтын магистральды су құбырларының құрылысы жүргізілуде.
Қаскелең топтық су құбыры 2024-2025 жылдары іске қосылғаннан кейін ауданның 18 елді мекені сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілетін болады.
Жалпы, су – өмір өзегі. Әсіресе, ауыз судың үлкен мән-маңызы бар. Сондықтан кеңес мүшелері есеп берушіге көп сұрақ қойып, істің жай-жағдайын барынша білуге тырысты. Осы орайда кейбір кемшіліктерді де атап көрсетті.
Отырыста ең соңында «Бірінші Май ауылдық округіндегі жұмыстар туралы» округ әкімі Елдос Мұқатаев есеп беріп, өздеріндегі істер жайында жан-жақты баяндады. Оның ішінде өнеркәсіп саласы, шағын және орта кәсіпкерлік, салық жинау, жол жөндеу, жарықтандыру, «Ауыл аманат» жобасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы сияқты мәнді мәселелер бар.
Кеңес мүшелері осы орайда тілек-ұсыныстарsн білдіріп, жұмысты ширата түсуге шақырды.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.