Биыл балалар әдебиетінің бәйтерегі атанған жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 100 жыл. Ұлт тұлғасын ұлықтау мақсатында елімізде түрлі әдеби бағытта бастамалар қолға алынып, оның есімі мен еңбектері дәріптелуде. Осындай іс-шараның бірі өткен аптада жазушының есімі берілген Қаскелеңдегі мектеп-гимназияда ұйымдастырылды. Білім ордасында балалар әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлының мұражайы ашылды.
Игі шараға Б.Соқпақбаевтың қарындасы Несіпхан Аманбаева, немерелері – Тахауи Мұхтарұлы, Қарлығаш Тілеулесқызы және сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева және ауданның бірқатар ардагер-ұстаздары қатысты.
Ұлт тұлғасын ұлықтауға арналған шара алдымен оның атындағы музейдің ашылуымен басталды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызы мен жазушының қарындасы Несіпхан Смағұлқызы мектеп ішінде орналасқан жаңа тарихи кабинеттің лентасын қиып, ақ тілектерін білдірді. Ал әжелеріміз шашу шашса, жазушының туыстары келген меймандармен бірге музейге алғаш қадам басты.
Бұл мұражайда Бердібек Соқпақбаевтың туыстары жазушының үстел шамын және бірнеше кітабын сыйға тартты. Ал қарындасы Несіпхан апамыз мектептегі қонақтарға арналған альбомға ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ ауданның ардагер-ұстаздары жазушының шығармаларына қатысты ойларын ортаға салып, оның еңбегі бүгінгі ұрпаққа азық болатынын жеткізді.
Музейдің ашылуынан кейін акт залда «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби кеш өтті. Мұнда алдымен мектеп директоры Қорлан Тұрсынова құттықтау сөз сөйлеп, балалар әдебиетінің атасы атанған Бердібек Ыдырысұлы жайлы пікірін білдіріп, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Бұл кеште жазушының өмірдерегі мен еңбектеріне қатысты тың ақпараттар айтылып, бейнероликтер көрсетіліп, өлеңдері оқылды. Сондай-ақ Б.Соқпақбаевтың авторлық шығармасы болып танылған «Менің атым – Қожа» повесінің желісі бойынша мектеп оқушылары көрініс қойды. Одан кейін дәл осы шығармаға арқау болған кинодағы «Саржайлау», «Туған жер» сияқты әндер шырқалды.
Әдеби кеш барысында құрметті қонақ болып келген жазушының туыстарына лайықты құрмет көрсетілді. Арнайы сый-сияпаттар табысталып, ризашылыққа толы ізгі тілектер айтылды. Өз кезегінде меймандар да осындай кештің өтуіне атсалысқан мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.
«Ғалымның хаты, жазушының аты өлмейді» демекші, балалар әдебиетінің дарабозы атанған Бердібек Соқпақбаев есімі мен оның ұрпаққа мұра болып қалған құнды еңбектері ұлт жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Д. МУХАМАДИЕВ.