Соңғы уақытта елімізде қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша көптеген жаңалықтар орын алуда. Атап айтқанда, осы саладағы қолданыстағы заңнамаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Мәселен, несие алуға қатысты банктердің талабы күшейді. Банк алдында борышкер атану үшін ескеретін жайттар көбейді десек те болады. Бұл қаншалықты ел экономикасын арттыруға ықпал етпек? Қатаң талаптар қаржылық қиындықты шешуге көмектеседі ме? Осы және өзге де сұрақтың айналасында әңгіме өрбіту үшін елімізге белгілі экономист, қаржы нарығындағы сарапшы, UIB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халықпен тілдестік.
– Мақсат Әбілахатұлы, өзіңіз білетіндей, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен тұтынушылық банктік несие мен тұтынушылық микрокредиттің көлеміне қойылатын талаптар бекітілді. Соған сәйкес кепілсіз банктен қарыз алу 2200 АЕК-тен аспауы тиіс, ал кепілмен қамтамасыз етілген банктік несие бойынша шектеусіз. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары беретін кепілсіз шағын несие 1100 АЕК болу керек. Бұл талап халыққа қалай әсер етуі мүмкін?
– Несие нарығында өзгерістер болып жатқаны рас. Тиісті заң жобалары қабылданды. Иә, көптеген шектеулер қойылған. Бірақ бұл мәселені шешеді деген сөз емес. Ең бастысы халықтың табысын арттыру керек. Сол кезде азаматтардың төлем қабілеттілігі болады. Дегенмен жыл санап біздің елде жоғары пайызды несие алып, қарызға батқан халықтың саны өсіп келеді. Мәселен, статистика бойынша былтыр 600-700 мың адам болатын, ал биыл олардың саны 1,5 млн-нан асады. Мұның барлығы несие пайызының жоғары болуына байланысты. Өйткені азаматтар уақытында төлей алмай, қарызын қайтаруға қиналып жатыр. Ал кепілге байланысты шектеулер мәселені соншалықты шеше қоймайды. Тек уақытша ғана деп айтуға болады. Сондықтан мұны қоғамда өте дұрыс, керемет шешім деп айтуға келмейді. Мұндай шектеулердің көп болуы либералды экономикаға қажет емес деп ойлаймын.
– 1 қыркүйектен бастап қарыз немесе микронесие алу үшін жаңа ереже күшіне енеді. Яғни, 1000 АЕК-тен жоғары банктік несие немесе шағын несие алу үшін жұбайының келісімі қажет. Аталған талап отбасының қарызға батуын қаншалықты төмендетеді? Әлде қаржылық сауаттылыққа әсері бар ма?
– Несие алу үшін жұбайының рұқсатын алу керек деген жалпы неден шықты? Соған тоқталсақ. Шынын айту керек, соңғы кездері ажырасу көбейген. Оның себеп-салдарына қарасақ, көп жерде ерлі-зайыптылардың бір-біріне білдіртпей, несие алып қою мәселелері айтылады. Бірақ әлемдік тәжірибеге сүйенсек, 18 жастан асқан кез келген азамат өзі шешім қабылдауға толық құқығы бар. Дей тұрғанмен, еліміздегі әлеуметтік мәселелердің ушығуы осындай жағдайлардың туындауына әкеліп соғуда. Ондай фактор бар. Сондықтан несие алу үшін жұбайының келісімі керек дегенді дұрыс деп қабылдауға да келмейді. Дегенмен белгілі бір дәрежеде отбасындағы қаржылық қиыншылықты шешуге ықпал етеді деуге болады.
Менің ойымша, қаржылық сауатттылықты арттыру керек. Мәселен, осы бағытта жеке өз басым біраз жылдан бері мемлекет тарапынан белгілі бір бағдарлама керек деп айтып жүрмін. Өйткені адамдар алаяқтарға тап болады, күтпеген жерден қарызға батады. Ал өз-өздерін сауаттандырса, қаржылық қиыншылыққа тап болмас. Осы мәселені мектеп қабырғасынан бастау қажет деп есептеймін. Яғни, оқушыларға қаржылық сауаттылықты үйреткен жөн.
– Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қатаң талаптарының бірі – 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға несиенің берілмейтіні. Заң жүзінде қабылданған осы ережеге қатысты не айтасыз?
– Қазіргі уақытта азаматтардың банк алдында берешегі 90 күннен асып кетсе, олардың қарыз мәселесімен коллекторлық ұйымдар айналысады. Олар қоңырау шалып, таныстарына шығып, барынша өндіріп алуға тырысады. Енді мұндай жағдай болмайды. 2025 жылға дейін банктер берешекті өндіріп алу үшін коллекторлық ұйымға жүгіне алмайды. Бұл бір жағынан банктер үшін ескерту деуге де болады. Демек оларда енді проблемалық несиелер көп болмайды. Өйткені бұрын коллекторлық ұйымдарға өткізе салып, құтылатын.
Алдағы уақытта банктер де ойланады. 90 күннен асып кеткен қарызы бар адамдарға несие беруге болмайтынын біліп, оның жағдайын бірден түсінеді. Өйткені оңды-солды әркімге бере берсе, банктің өзінде де проблема туады, қаржылық жағдайы нашарлайды.
– Мақсат Әбілахатұлы, қазір табысы жоқ болса да студенттер несие алады. Білімгерлердің оқуын аяқтамай, банк алдында берешек атануы елдің экономикасына әсер етеді ме?
– Студенттердің көбі микроқаржы орталықтардан, займдардан ақша алып, қарызға батып жатады. Өйткені аталған ұйымдар төлқұжат арқылы мақұлдап, белгілі бір сомада ақша береді. Сондай-ақ олардың пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Сондықтан бұл жерде білуге тиіс тағы қайталап айтатын жайт – азаматтардың қаржылық құқығын білмеуі. Одан бөлек микроқаржы ұйымдар мен займдардың ішінде заңсыз жұмыс істеп жатқандар бар. Оларды тексеру керек. Егер олар заң аясында жұмыс істесе, әркімге бере бермес еді. Себебі қарыз алушының қаржылық жағдайы ескерілуі тиіс. Мәселен, менің бір танысымның баласы студент кезінде займдардан 100 мың алып, уақытысында төлей алмаған. Ал оның қарызы пайыздық мөлшерлемесіне сәйкес 1 млн-ға дейін өскен. Негізінде олай болмауы тиіс. Яғни бұл жерде аталған займ орталығы заңсыз жұмыс істеп отыр. Міне, осындай микроқаржы ұйымдардың жұмысын тоқтату керек. Солармен тиісті органдар айналысып, әрбірінің жұмысына тыйым салған жөн.
– Өзіңіз сияқты кейбір сарапшылардың болжамына сүйенсек, болашақта Қазақстанның экономикасы көңіл қуантпауы мүмкін. Өйткені мұнай бағасы түсіп, жалпы ішкі өнімнің көлемі артпауы ғажап емес. Осы ойлармен Сіз келісесіз бе? Әлде өзіңіздің басқа болжамыңыз бар ма?
– Әлемдегі қаржы институттардың, бірнеше рейтингті агенттіктердің болжамдарына сүйенсек, дүниежүзілік экономикада ғаламдық дағдарыс күтілуде. Егер бұл шындыққа жанасып жатса, демек Қытай, АҚШ сияқты көптеген дамыған мемлекеттерде өндіріс көлемі қысқарады. Тиісінше мұнайға, шикізатқа деген сұраныс азайып, олардың бағасы құлдырайды. Әрине, бұл Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізеді. Алдымен теңгенің құнсыздануына, одан кейін бюджет кірістерінің төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл – жай ғана болжам, нақты болады деген сөз емес. Өйткені әлемдегі геосаяси жағдайлар әртүрлі өзгеруі мүмкін. Оның барлығы логистика саласына әсер етіп, көптеген тауарлардың қымбаттауын тудырады. Сондықтан 100% бірдеңе деп айту қиындау. Алайда осындай болжамдарға, сын-қатерлерге Қазақстан қаншалықты дайын? Осы сұрақ мазалау керек. Мысалы, өткен жылғы өртке, биылғы тасқын суға біздің дайындығымыз жоқ екені білінді. Себебі Ұлттық қордан қазір ақша көп кетіп жатыр, былтыр 5 трлн теңге аударылса, биыл да аз алып жатқан жоқпыз. Бұл негізінде дұрыс емес. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, пандемия кезінде 4 трлн 600 млрд теңге ақша жұмсалған. Әрине, ол кезде дағдарыс болды, халық жұмыссыз отырды. Ең қызығы, өткен жылы 5%-дық өсім болса да, Ұлттық қордан ақша алып жатырмыз. Міне, осындай дұрыс емес жайттар бар. Ол бюджет саясатының дұрыс жүрмей жатқанын білдіреді. Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық экономикасының моделі жоқ. Мәселен, 2029 жылға дейін бағдарлама әзірленді, бірақ онда еліміз қай уақытта дамитыны нақты келтірілмеген.Сондықтан Үкімет үшін ең алдымен даму жоспарларын бекітіп, нақты іскерлік бағыт-бағдармен жұмыс істеу керек.
– Жалпы несиеге қатысты талаптардың күшеюі, сондай-ақ мемлекеттің экономикасын тежейтін басқа да факторлар елдегі инфляция деңгейіне қаншалықты әсер етеді?
– Егерде инфляция жоғары болып жатса, несие алуды қиындатады. Бұл әлемдік тәжірибе. Бірінші кезекте ұлттық банкте базалық пайыздық мөлшемелері бар. Егер осы мөлшерлемені жоғарылататын болса, онда несиенің пайызы да өседі. Сәйкесінше мұндай жағдайда қарапайым халықтың көбі ондай қымбат несиені алғысы келмейді. Нәтижесінде сұраныс төмендеп, инфляция баяулайды. Бірақ, өкінішке орай, Қазақстанда ол заң жүрмейді. Мәселен, өткен жылдары базалық пайыздық мөлшерлемені 16,5%-ға көтерген еді. Алайда соған қарамастан бізде тұтынушылық несие азайған жоқ. Керісінше көбейіп келеді. Бұл екі нәрсені ғана білдіреді. Біріншіден, халық сондай жоғары пайыздық несеиені алу үшін ақымақ немесе мүлдем қаржылай сауатсыз болу керек. Екіншіден, халық сондайға баруға мәжбүр.
Менің ойымша, мұнда екінші жағдай біздің елде басымдырақ. Пайыздық мөлшерлемесі тым көп болғанына қарамай, несие алып жатса, демек соған мәжбүр. Бұл бірінші кезекте еліміздің азаматтарының жалақысының төменділігінен шығып отыр. Егер халықтың табысын арттыратын болсақ, онда несие алушылардың да саны аз болады. Ал қазіргі шектеулер мен тыйымдар бұл жағдайдын шешімі бола алмайды.
Өткен жылы елімізде банкроттық жайында арнайы заң қабылданған еді. Бірақ нәтижесін бере алмады. Дегенмен осындай заңнын біздің елімізде ресми түрде қабылданғанын жеңіс деп айтсақ болады. Әрине, бұл заңды әрі жетілдіру керек және тұтынушылардың ыңғайына қарай басымдық беру қажет. Өйткені ұзақ жылдар бойы банктік лобби топ, ел ішіндегі депутаттар сол банктердің қаржы секторларының ықпалына ыңғайлап, заңдарды шығарған болатын. Енді менің ойымша, сол банктерге салынатын салықтар көбейіп, және зардап шеккен тұтынушылардың құқықтарын дұрыс қорғау керек.
Айта кету керек, бұл жерде несиенің барлығы кешірілсін деген сөз емес. Азаматтардың табысын өсіріп, оларды лайықты сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету керек. Сонда ғана адамдар өзі алған несиелерін ешкімнен сұрамай-ақ, өздері жаба алатын жағдайға жетеді.
– Пікіріңізге рақмет, Мақсат мырза! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.