Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы жұртшылық арасында кеңінен талқылануда. Оның ішінде тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен елдің болашағына қатысты атқарылатын жұмыстарға халықтың білдіріп жатқан пікірі аз емес. Соның ішінде көп талқалауға ұшырап жатқаны – Атом электр стансасын салуға қатысты референдумның өтуі. Жақында осы және өзге де тақырыптың төңірегінде ой өрбіту үшін ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев Қарасай ауданына жұмыс сапармен келіп, SDU университетінде студенттермен және ауданның белсенді жастарымен жолықты. Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы талқыланды. Басқосуға сондай-ақ, Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбеков, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және мәслихат депутаттары қатысты.
Жиынның модераторы ретінде SDU университетінің ректоры Әлімжан Игенбаев құрметті меймандарды таныстырып, ел Президентінің Жолдауына қатысты ойын айтып, оның халық үшін маңызды тұстарына қысқаша тоқталды. Одан кейін сөз кезегін арнайы іссапармен келген Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Нұржанұлына берді.
– Кемел келешектің кепілі – жастар. Сондықтан сендерге артылар үміт көп. Алдымен баршаңызға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізгім келеді, – деп елордадан келген қонақ сөзін бастады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауының өзіндік маңызы бар. Сол сияқты биылғының да өзекті екенін ашып айтты. Әсіресе, АЭС бойынша өтетін референдумға халық белсенді болу керек.
– Атом электр стансасын салу жөнінде Парламент депутаттары талқыға салып Үкімет шешім шығара салуға болатын еді. Мәселен, әлемдегі 32 мемлекетте АЭС жұмыс істеп тұр. Олардың көбі – сол елдегі Үкіметтің қабылдаған шешімімен жүзеге асқандар. Бізге де солай істеуге болатын еді. Бірақ бұл жерде халықтың шешімі маңызды. Өйткені тұрғындарда таңдау болу керек, осындай елге қажетті бастамаларға араласу қажет, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Президент кеңесшісінің сөзіне сүйенсек, мемлекеттің саяси тіршілігіне ел болып араласа білсек, сол ортада мәдениет қалыптасады. Сондықтан референдум сияқты тұрғындардың ой-пікірі сарапқа салынатын бастамалардан шет қалмау керек.
Сонымен қатар Мәлік Нұржанұлы озық ойлы ұлт болудың да үлгісін көрсету керек екенін айтты. Ол үшін газет-журналдардың тұрақты оқырманына айналу қажет. Өйткені онда ақиқат бар және жазба материалдар дәлелге негізделеді. Бұл ретте ол Президенттің өзі республикалық мерзімді басылымдардан бастап басқа да газеттерді үзбей оқитынын жеткізді.
Осы кездесуде студенттердің тарапынан қойылған сұрақтар да талқыға салынды. Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев білімгерлердің әрбір сауалына кеңінен тоқталып, жауап берді. Алғашқы сауалды «Халықаралық қатынастар» мамандығының 3-курсында оқитын Елнұр есімді студент қойды.
– Біз сияқты білімгерлерге болашақта мемлекеттік қызметші атану үшін қандай кеңестер берер едіңіз, – деген сауалға Мәлік Нұржанұлы оның бірнеше тиімді тұстарына тоқталды. Алдымен өз мамандығы бойынша сынақ тапсырып, оң нәтижеге қол жеткізу арқылы тиісті мемлекеттік органдарға бекітілген талапқа сай жұмысқа орналасуға болатынын айтты. Одан кейін Президенттік жастар кадр резерві таптырмас мүмкіндік екенін жеткізді.
Мәлік Отарбаев студенттердің демократия, білім мен ғылым, қоғамдық оптимизм сияқты тақырыпқа қатысты басқа да сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Білімгерлер де тұщымды жауап алып, алғыстарын білдіріп жатты.
Сөз соңында Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жастарды белсенді болуға шақырып, Мемлекет басшысының әрбір бастамасын қолдауға шақырды. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлының әрбір Жолдауы мен Ұлттық құрылтайларда айтқан ойлары ұлт болашағына және оның тізгінін ұстайтын осындай ұрпаққа арналғанын түсіндірді. Сондай-ақ ол мемлекеттің мүддесіне қатысты саяси шешімдерге халық болып араласып, сол бағытта сауаттылықты көрсетуге үндеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.