Қазіргі уақытта ауданымызда күрделі жөндеуді қажет ететін жолдар жетерлік. Солардың бірі Қаскелең қаласындағы «Достар» базарының және де Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ортасындағы еліміздің егемендігінің мерейтойына орай аталған «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл» (бұрынғы Набережная) көшесі.
Екі маңызды нысанға апаратын жол болғандықтан көшеден күнделікті өтетін адам мен көліктің санын санап айту мүмкін емес. Оның үстіне көше біраз жылдар бойы ағымдағы немесе күрделі жөндеуден өтпеген. Нәтижесінде бүгінде оның жағдайы нашар. Кедір-бұдыр шұңқырларға толы жолмен жүруге көлік жүргізушілерімен қатар жаяу жүргіншілер де жалыққан. Ойдым-ойдым, шұқыр жолдан шаршаған халық «Қашан жаңа жол салынады?» деп реніш білдіруде.
– Халық болып қанша рет айттық. Осы жайлы сөз қозғасақ «алдағы уақытта жөнделеді» деп шығарып салады. Жылда сол. Әкімдер ауысады, жолдың жағдайы сол қалпы. Әбден тас-талқаны шыққан жолдардың кесірінен жұрт көліктерін де соғып біткен. Оның үстіне мына базарға күнделікті көптеген адамдар келеді, ал жол өте тар. Еркін жүру мүмкін емес, – дейді қала тұрғындары.
Аталған мәселе қазіргі уақытта ауданда өтіп жатқан аудан әкімі Жасұлан Естеновтың халықпен кездесу жиындарында да көтірілген еді. Халықтың шағымдарына құлақ асқан Жасұлан Тоққожаұлы қала әкімі Асқар Мұқашевқа көшені тездетіп ретке келтіруді тапсырған еді. Нәтижесі жақсы.
Нақтырақ айтқанда, Қаскелең қаласының басшысы Асқар Өкенұлының айтуынша, бұл жолды жөндеу жайында мәселе біраз жыл көтеріліп келген. Ал ағымдағы жылы оның жобалық-сметалық құжаттары жасалып, бюджеттен қажетті қаражат бөлінген. Тіпті, құрылыс компаниялар арасында конкурс та ойнатылып, жеңімпазы анықталып қойған. Ол – ЖШС «Altyn Stroy».
– «Бүгінде мердігер компаниямен келісім-шарт жасасып қойдық. Келесі аптада олар өз жұмыстарын бастауы қажет. Жоспар бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл» көшесінің жөндеу жұмыстары осы қыркүйек айының соңына дейін толығымен аяқталады деп отырмыз», – деді Асқар Мұқашев.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.