Елімізде мемлекеттік кірістер органдарын құру өте маңызды қадамдардың бірі болды. Өйткені қай елде болсын экономиканың дамуы бюджеттегі салық қорының әлеуетіне толықтай байланысты екені бәріне мәлім. Яғни мемлекеттің көркейіп, дамыған елдердің қатарына қосылуы, оның экономикасы жоғарылауы, білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәртіп, қоғамдағы адамдардың өмір сүру ахуалының жақсаруы, қысқасы, барлығы дерлік тікелей бюджетке түсетін салыққа қатысты. Бір сөзбен айтсақ, бұл саланың ел экономикасының дамуына қосар үлесі зор.
Биыл салық саласын дамыту бағытында жұмыс атқаратын Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы ретте аталған мамандардың кәсіби мерекесі аясында Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Айгүл Жолдыбекпен жүздесіп, ауданның қазынасын молайтуда еселі еңбек етіп отырған мекеме жайлы әңгіме өрбіткен едік.
– Айгүл Жолдыбек-қызы, өзіңіз білетіндей әр мамандықтың, әр кәсіптің өзіңдік ерекшелігі бар. Салық қызметі де сондай. Сондықтан әңгімеміздің басын осы желіден өрбітсек. Басқарма жұмысының тынысы, ішкі құрылымы, оның мақсаты қандай екенін айтып өтсеңіз.
– Мемлекеттік кірістер басқармасы – еліміздегі маңызды құрылымдардың бірі. Өйткені мемлекеттегі қаржылық ахуалдың тұрақтылығы ең алдымен осы саланың жемісті қызмет етуіне байланысты. Ал осы салада қызмет етіп жүрген біздің негізгі атқаратын қызметіміз ол кірістер басқармасын өркендеп өсуі үшін салық және басқа міндетті төлемдерді толық және уақытылы мемлекет қазынасына түсуін қамтамасыз ету болып табылады. Біздің мекемеге келетін болсақ, оның тарихы тереңде жатыр.
1991 жылы 9 шілде айында Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың №380 Жарлығымен дербес мемлекеттік салық қызметі құрылған еді. Міне осы кезеңнен бастап Қарасай ауданының салық инспекциясының қызметі басталды. Кейіннен бірнеше реформалар жүргізіліп, 2014 жылдың 14 тамызында Үкімет Қаулысымен Салық пен Кедендік бақылау комитеттері бірігіп, Мемлекеттік кірістер органдары болып қайта құрылды. Содан бері біздің мекеме мемлекеттік кірістер басқармасы деп атылып келеді. Жалпы атауы ауысқанымен, негізгі жұмысымыз өзгерген емес. Біз әрқашан мемлекет қазынасын толтыру, көлеңкелі экономикамен күресу және мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет етіп келеміз. Бүгінде біздің басқармада салық төлеушілермен жұмыс, талдау, есепке алу және ақпараттық технологиялар, өндірістік емес төлемдерді және дара кәсіпкерлерді әкімшілендіру, берешекпен жұмыс, персоналмен жұмыс және ұйымдастыру жұмысы, заңды тұлғаларды әкімшілендіру, жанама салықтарды әкімшілендіру және де заң секілді 8 бөлім бар. Онда жоғары білімді 45 қызметкер күнделікті жұмыс ырғағын бір сәтке де бәсеңдетпей, өздеріне жүктелген міндеттерін атқарып келеді.
– Басқарманың жұмысына тоқталсақ. Биылғы аудан қазынасын толтыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Салық түсімі ойдағыдай орындалып жатыр ма?
– Өздеріңіз білетіндей, Қарасай ауданында халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Осы ретте біздің жұмысымыз да күрделене түсуде. Дегенмен басқарманың қызметкерлері өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін жете білгендіктен және де жұмысымызда жүйелілік бар болғандықтан, биылғы бюджеттік түсім жоспарға сәйкес жүзеге асып келеді.
Тіпті, мемлекеттік бюджеттің түсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 115,9 % болса, оның ішінде жергілікті бюджеттің өсу қарқыны 129,9 %-ды құрап отыр. Анығырақ айтқанда, ағымдағы жылдың бірінші тамызына мемлекеттік бюджеттің жоспары 85,7 %-ға орындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 457,6 млн. теңгеге артық. Оның үстіне қазіргі уақытта әлі де үшінші тоқсан толығымен аяқталмады. Сондықтан қазіргі қарқынмен биылғы жылғы жоспар 100 пайызға орындалады деп толық сеніммен айтуға болады.
– Бүгінде мемлекеттік мекемелердің барлығы дерлік заман ағымы мен талабына сай цифрлы платформалар аясында жұмыс істеуде. Сіз басқарып отырған мекемеде онлайн формат қаншалықты дамыған?
– Әрине, біздің басқарма өзге мекемелер секілді цифрлы платформада қызмет көрсетеді. Бүгінде салық төлеушілерге үйден шықпай, егер интернетпен қамтамасыз етілген болса, барлық салықтық қызметтерін қолжетімді деңгейде алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Соңғы жылдары электрондық салық әмиянының функцияларын орындайтын «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы енгізілді. Аталған жүйе жеке тұлғаларға арналған, оның ішінде салық берешектерін білу, артық төлемдерді қайтару, жалпыға бірдей декларациялау баптарын қолдануға болады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салықтық есептіліктерін тапсыруға және кәсіпорындардың берешектерін қадағалауға мүмкіндік беретін «eSalyq Bussiness» платформасы және салық консультанты байланыс орталықтарына келіп түсетін өтініштер негізінде әзірленген деректер базасы «SalyqBot» қосымшасы да бар.
Осыған байланысты ағымдағы жылдан бастап біздің қызметкерлер жоғарыда айтып өткен қосымшалардың мүмкіндіктері туралы бұқаралық түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады.
– Сіздердің жұмыстарыңыздың қатарына салық төлемейтіндермен де жұмыс істеу кіретіні белгілі. Бүгінде біздің Қарасай ауданында салық төлеуден жалтарушылар бойынша жағдай қалай? Олар бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы салық төлемейтіндерге қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Әрине, кемшіліксіз дүние жоқ. Біздің жұмыста да солай. Ағымдағы жылдың соңғы сегіз айының көрсеткіші бойынша Қарасай ауданында салық берешегі 33 059 млн.теңгені құрап отыр. Ал әлеуметтік төлемдер берешек сомасы – 131 млн.теңге. Осыған байланысты өз тарапымыздан бүгінде берешекті мәжбүрлі түрде өндіріп алудың іс-шаралары белгіленген. Қажетті жұмыстар атқарылуда.
Жалпы салық төлеушінің (салық агентінің) белгіленген мерзімде орындалмаған салықтық міндеттемесін орындау мақсатында төленбеген салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер сомасына өсімпұлды есепке жазу, банктік шоттар мен касса бойынша шығыстық операцияларды тоқтата тұру, салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегі есебіне мүлікке билік етуін шектеу тәсілдерімен қамтамасыз етілу шаралары қарастырылған. Әлеуметтік төлемдер уақтылы төлемеген салық төлеушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
– Салық төлеушілер үшін сіздердің тараптарыңыздан қандай жағдайлар жасалуда?
– Заңға сәйкес, біз салық төлеушіге салық міндеттемелерін орындауға ыңғайлы болу үшін барлық жағдайды жасауға міндеттіміз. Сондықтан да жоғары да айтып өткенімдей, қазіргі уақытта бізде салықты электронды түрде тапсыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Осы арқылы тұрғындар біздің басқармаға келмей-ақ, мамандардан электронды түрде көмек ала алады. Ол үшін ақпараттық және технологиялық қызметтер ұсынылған. Салық төлеушілердің дербес шоттарға қашықтан қол жеткізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндігі бар.
– Бүгінде басқарманың қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Кірістер басқармасының ғимаратына кіре берісіне модераторлық нүкте орналастырылған. Ол жерде келушілерді басқарма маманы қарсы алып, туындаған сұрақтарына сай әр бөлімге бағыттап отырады. Сондай-ақ келушілердің әр санатына байланысты талондар берілетін арнайы электронды кезек таблосы орнатылды. Нақтырақ айтқанда, таблода Өрлеу (электрондық қызметті белсенді пайдаланушылар үшін), Құрмет (аға буындар үшін), Әмбебап (мемлекеттік қызмет,жергілікті салықтар) атты үш санат көрсетілген. Соған сай талондармен реттелген кезек бойынша келушілер мамандарға жіберіледі.
Бұған қоса басқарма ғимаратында салықтар және салық салу бойынша пайдалы ақпараттар беру үшін дауыстық табло, салық төлеушілердің сұрақтарына дәл және нақты жауап беру үшін үш телефон нүктесі орналастырылған. Кезекте отырғандарға ыңғайлы орындықтар мен олардың балаларына ойын бұрышы да ұйымдастырылған.
– Өзіңізге белгілі, 14 тамызда Мемлекеттік кірістер басқармасына 10 жыл толды. Әрі салық мамандары өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Осы ретте әріптестеріңізге айтар тілегіңіз бар ма?
– Жалпы, біздің мамандығымыз ұдайы ізденуді, жетілуді, алға ұмтылуды қалайды. Салық қызметі саласында еңбек ету, тіпті де оңай емес. Мен өз әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, абыройлы қызмет және зор денсаулық, отбасыларына амандық, ел тыныштығын тілеймін!
– Сұқбатыңызға рақмет. Сізді және басқарма ұжымын келіп жеткен мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Еліміздегі экономикалық қауіпсіздікті және қаржылай тұрақтылықты қамтамсыз ету мақсатында атқарып жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын, істеріңізге тек жаңа серпін мен сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.