Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе мерзімді басылымдар қыл үстінде тұрғандай күй кешуде десек, ақиқаттан алшақ кете қоймаймыз. Қай-қашаннан да қоғамның дамуына үн қосып, халықты ұлы мақсаттарға ұйымдастырушы міндетін атқарып келген құдіретті құрал замана сынына ұшырап, күн санап таралымы азайып бара жатқанын көріп келеміз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қарасай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақ газетінің тарихы: бүгіні мен болашағы» тақырыбында аудандық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қарасай ауданының Қошмамбет ауылындағы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып, күні кеше ғана ұстаздар мен оқушыларға есігін айқара ашқан білім шаңырағында өткен алқалы жиынға тіл білімі институтының қызметкерлері, облыстық және аудандық газеттердің бас редакторлары, жалпы орта білім беру мекемелерінің директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих және әдебиет пәндерінің мұғалімдері қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қарасай ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева мерзімді басылымдардың бүгінгі жай-күйі турасында толғамды ойларымен бөлісті. Алқалы басқосуға жиылған қауымға алғысын жеткізген Әсел Әбілеқызы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай қажет болса, халыққа газет те сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр!» деген даналық сөзін тілге тиек ете келіп, рухани байлығымыз бен елдік мәртебеміздің деңгейін аңғартатын осы маңызды саланың бүгінгі жай-күйі ой-санамыздың, тұрмыс-тіршілігіміздің деңгейін көрсетіп отырғанын баса айтты.
– Бүгінгі жаһандану заманында мәдениеті қалыптасқан, білімді, білгір, ең бастысы өз елінің паториоты болатын баланы тәрбиелеу негізгі мақсатымыз екені мәлім. Бұл бағытта Қарасай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.
Сонымен бірге, өткенімізге үңіліп, болашағымызды болжайтын болсақ, қоғамды өркениетке жетелейтін газет-журналдардың маңыздылығын түйсіну де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Газет-журналдарды оқу арқылы ресми жаңалықтар, дұрыс сөз саптау, әдеби тіл қалыптастырып, сауатты жазу, есте сақтау қабілетін жетілдіру сияқты көптеген оң дағдыны қалыптастыра аламыз.
Сөз қадірін түсінетін зиялы қауым өкілі ретінде мерзімді басылымдардың тағдырына араласып, кәсіби маман ретінде азаматтық ұстанымызды көрсету парызымыз деп ойлаймын. Мұғалім – зиялы қауым, ағартушы, баладан бастап барлық қоғам мүшелеріне үлгі көрсетуші, тәрбиеші дейтін болсақ, баршаларыңызды ұлт ұстынын қалыптастырушы – газет-журналдарға қолдау көрсетуге шақырамын.
Келесі кезекте мінберге көтерілген Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Зәбира Сайділдина еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі жай-күйіне тоқтала келіп, орыс тілінде жарық көріп отырғанымен, ұлт мүддесін бірінші орынға қойып келе жатқан, 106 жылдық тарихы бар «Огни Алатау» басылымына жазылудың маңыздылығын айтқан. Осынау алқалы жиынды ұйымдастырып отырған аудандық білім бөлімінің басшылығына алғысын жеткізген ол газет журналистикасының мәні мен маңызын ашып айтты. Ал облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Түнғатар қазақ баспасөзінің тарихынан мәлімет келтіре келіп, еліміздегі басылымдардың қарлығашы саналатын «Жетісу» газеті мен күні кеше ғана Алматы облысының екіге бөлінуіне байланысты өз алдына шаңырақ көтерген «Алатау арайы» газетінің бүгіні мен болашағы турасында ой қозғады. Ол басылымның құрылымы, қызметкерлер қатары, газеттің айдарлары мен көтеретін тақырыптары жайлы да мол мағлұмат беріп өтті.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхамет Маралбекұлы «Қазақ» газетінің стильдік тармақтарды кеңейтудегі рөлі» атты баяндамасында негізінен ұлт ұстазының газетті шығарудағы жетекшілік қызметі мен қазақ тілінің емлесін қалыптастырудағы ерекше еңбегіне тоқталды. Ахаң жайында бұрын жарық көрмеген тың деректерді келтіре келіп, ол жайлы түсірілген көркем фильмнің мазмұн-мағынасы жайында да келелі ойларымен бөлісті.
Конференцияда сөз алған Қарасай аудандық «Naqty» газетінің бас редакторы Атлана Исаева өзі жетекшілік жасап отырған басылым жайында ой толғап, жалпы еліміздегі мерзімді басылымдарға қатысты өзін толғандырып жүрген мәселелерді жұртшылық назарына ұсынды. Ал Жамбыл атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлдана Мәлік «Қазақ» газеті – қазақ баспасөзінің мәңгілік көшбасшысы» тақырыбында баяндама жасап, жалпы ұлттық баспасөздің қалыптасу, өркендеу кезеңдері жайында жиылған жұртшылыққа мол мағлұмат беріп өтті.
Қазақ халқы теңдігі мен бостандығынан айырылып, бұратана жұрт атанғанына қарамастан, «Қазақ» газетін шығарып, оның таралымын үш мың данаға дейін жеткізген ұлт ұстазының еңбегі конференция барысында қайталана айтылып отырды. Соның бір жарқын көрінісі ретінде А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің «Жауқазын» драма үйірмесі көрсеткен «Ахмет – ұлт ұстазы» қойылымы десе жарасады. Сахнагерлер бұл қойылымда Ахаңның ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы өлшеусіз еңбегін барынша ашып көрсете білген.
Конференция спикерлері жиынға келгендерге баспасөз тарихынан мол мағлұмат беріп қана қоймай, мәселенің маңыздылығына жұртшылық назарын аудару үшін «Ғылым мен шәкірт» сұхбат алаңын да ұйымдастырған екен. Сахнаға Тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхамет Маралбекұлы , Қарасай ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Түнғатар шақырылып, олармен сұхбаттасуға жас білімгерлер де көтерілді. Екі тарап алдын-ала дайындалған бейнебяндар бойынша сауал түзеп, сұрақ-жауап түрінде көшелі әңгіме құра білді. Бұл да басқосудың көздеген мақсатына жетуі үшін өз міндетін атқарған шара болғаны анық.
Болмысы бөлек бұл басқосу аудандық білім бөлімі мен облыстық «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттерін біріктіретін «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қарасай аудандық «Naqty» газеттері арасында әріптестік жайында меморандумға қол қоюмен аяқталды. Бұл құжат бойынша мұғалімдер мен журналистер бірлесе еңбек етіп, ұстаздардың жаңашыл мақалалары мен оқушылардың үздік шығармаларын, өлең-әңгімелерін баспасөз беттерінде жариялап тұруға мүмкіндік туындайды. Ал ұстаздар тарапынан басылымға қолдау көрсетіп, газетті жаздырып алу міндеті қарастырылған.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.
Суреттерді түсірген Аслан ҚАЖЕКЕ.