«Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен Қарасай ауданында 50-ден аса адам кәсіп бастаған. Бұл туралы аудандық мәслихаттағы AMANAT фракциясы отырысында айтылды.
Қарасай ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 52 азамат 448 миллион теңге көлемінде несие алып, өз кәсібін бастады. Бағдарлама ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығын дамытуына зор мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар «Жер аманаты» жобасы аясында Қарасай ауданында 2 250 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
💬 «Жер мәселесі өте маңызды. Биыл жоспардан асып, 2250 гектар жерді қайтардық. Бұл бастапқы жоспарланған 1500 гектар көрсеткішінен асып түсті. Сонымен бірге, 13 597 гектар жерді мемлекетке қайтару бойынша құжаттар сотқа тапсырылды. Бұл жерлер ауыл шаруашылығына тиімді пайдаланылатын болады», – деп мәлімдеді аудандық партия филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов.
Оның айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша да аудан тұрғындары қаржылық сауаттылығын арттыруда. Мәселен, жыл соңына дейін 1500 адамды қамту жоспарланған, қазіргі уақытта 1518 адам оқуын аяқтап, сертификаттарын алды. Жылдың соңына дейін қосымша 150 адамды оқыту көзделген.