Қарасай ауданында жаңа оқу жылы жақсы жаңалықтарға толы болды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер бірінен соң бірі қолданысқа беріліп, аудандағы үш ауысымда білім беру мәселесі реттеліп келеді. Жақында дәл осы жобаның ықпалымен тағы бір ғимараттың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Ол – Қаскелең қаласындағы SDU университетіне қарама-қарсы салынып жатқан білім ошағы.
1500 оқушыға арналған жаңа мектептің іргетасы өткен жылы көктемде қаланған. Құрылысына жауапты мердігер мекеме – «BI Global» компаниясы. Ал тапсырыс берушісі «Samruk-Kazyna Construction» ЖШС болып табылады.
3 га жер телімінде салынып жатқан ғимараттың жалпы аумағы 16 998 шаршы метрді қамтиды. Үш қабатты нысанның қазіргі жай-күйі көңіл қуантарлықтай. Тіпті, бітуге жақын десек те болады. Өткен аптада аудан әкімі Жасұлан Естенов мектептің құрылыс жұмыстарының қарқынын өз көзімен көріп қайтқан да болатын.
Жобаға жауапты инженер Еркебұлан Орынбасаровтың сөзіне сүйенсек, нысанды мерзімінен бұрын аяқтау жоспарда бар. Өйткені жұмыс барысы белсенді байқалуда, қазіргі таңда ішкі әрлеуіне ғана күш жұмсалып жатыр.
– Президентіміздің тікелей бастамасы болып табылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан бұл мектепті аяқтау мерзімі желтоқсан айына жоспарланған. Дегенмен құрылыстың қарқынына байланысты ерте аяқтау ойда бар, яғни осы жылдың қараша айында өткіземіз деп отырмыз. Бұл ғимарат 1500 оқушыға арналғандықтан, аумағы кең. Сол себепті мұнда бір емес, бірнеше спортзал, 324 орынға арналған асхана мен актзал болады. Кабинеттер тиісті жиһаздармен жабдықталған, – деді жобаның инженері Е.Орынбасаров.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 10 техника және 142 жұмысшы өз міндеттерін атқаруда. Айнала тазартылып, абаттандыру жағы қолға алынуда.
Айта кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданымызда 10 мектеп салыну міндеттелген. Соның үшеуі, яғни Қошмамбет, Елтай, Долан ауылдарындағы білім ошақтары жаңа оқу жылының қарсаңында ел игілігіне берілді. Ал жыл соңына дейін Кемертоған, Алмалыбақ, Көкөзек елді мекендеріндегі мектептер аяқталу жоспарда бар.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.