Өкінішке орай бүгінде қарыз алу өмірдің ажырамас заңдылығы болып кеткен секілді. Адамдардың көп бөлігі «қарызға өмір сүруде». Әсіресе халық арасында шамадан тыс несие алу мәселесі көбейіп кеткен. Соған байланысты миллиондаған адам көмек пен қолдауға зәру. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Үндеулерінде азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын тілге тиек етіп, осы бағыттағы істерді қолға алу керек екенін сан мәрте айтып өткен еді.
Аталған мәселені шешу мақсатында «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-пен бірігіп, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Анығырақ айтқанда, жобаға қатысушыларды мамандар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды үйретеді және қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын түсіндіреді. Осылайша адамдарды қаржылай сауаттылыққа үйрету арқылы ойланбастан қарыз алушылардың санын азайту көзделген.
Алғашында жоба еліміздің 8 өңірінде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, осы уақыт ішінде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының 65 мың тұрғыны жоба аясында қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу курсынан өтті. Кейіннен өзінің жақсы нәтижесін көрсеткен соң 2023 жылы 1 қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек екенін сөз етті. Сөйтіп ол еліміздің барлық елді мекендерінде де жүзеге асырыла бастады.
Қарасай ауданында «Қарызсыз қоғам» жобасы ақпан айының бесінде басталды. Оның барысында «Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының сарапшылары ауданымызға қарасты округтерді аралап, тегін ақпараттық тренингтер өткізуде.
Нақты айтқанда, арнайы келген сарапшы әртүрлі мысалдар, ойындар арқылы қатысушыларға ақша жұмсау кезінде тізімнен қажетсіз шығындарды қалай алып тастауға болатындығы туралы ақпарат жеткізуде. Бұған қоса тренингтер аяқталғаннан кейін қатысушылар «Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының сарапшысы өткізетін консультацияларға қатысып, өздерінің жеке мәселелері бойынша көмек алуда. Оның барысында эксперт әр қарыз алушының несие тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді.
Оқытулар басталғалы бері 1456 қарасайлық курстардан өтіп, арнайы сертификаттарын алып үлгерген. Ал жалпы жоспарға сай аудан бойынша 1700 адамды оқыту қарастырылған. Соған байланысты алдағы уақытта Қаскелең қаласындағы С.Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледжінде қаржылай сауаттылық сабақтары өткізілетін болады.
Айта кетейік, аталмыш тренингтерге Қарасай ауданы бойынша қаржылыққа қатысты сауатын арттырғысы келетін кез келген тұрғын қатыса алады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.