Алып шаһар Алматы қаласы біздің ауданға іргелес жатқандықтан, екі ортада қатынайтын жолаушылардың легі жетіп артылады. Басым көпшілігі жұмыс бабымен қатынаса, енді біразы білімін жетілдіріп жүрген студенттер. Ал, олардың көбісі қоғамдық көліктің қызметін пайдаланғандықтан, олар үшін жол қашықтығы мен уақыт үнемі қашанда маңыздырақ.
Жақында қоғамдық көлікте қатынайтын қарасайлық жолаушылар үшін жақсы жаңалықтардың бірі болған ол – 202 нөмірлі автобустардың пайда болуы. Жаңа жылдың қарсаңында Алматы қаласына қарасты «Алматыэлектротранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 202 нөмірлі 20 автобус түрін тиісті бағыт бойынша іске қосқан еді. Яғни, шағын автобустар Сайран-Үшқоңыр автобекеттері арасында жолаушыларды тасымалдайды. Бұл бағытта жүретін автобустардың халық үшін тиімді тұстары да жетерлік. Мәселен, Алматы мен Қаскелең қалалары арасында қатынайтын осы қоғамдық көлікте сіздер де «Оңай» жүйесі арқылы 80 теңгелік жолақыңызды төлей аласыз. Ал, егер «Оңай» картаңыз болмаған жағдайда, бірыңғай көлік картасын жолақысын тексерушілерден қолма-қол 400 теңгеге сатып алуыңызға болады. Сондай-ақ, «Оңай» картасының жолаушылар үшін тағы бір жеңілдігі – оқушы, студенттерге арналған және әлеуметтік сияқты карталардың бар болуында. Олардың тарифтік бағасында 50% жеңілдігі бар, яғни, 40 теңге.
Автобустардың біз айтқан бағытта жұмыс істеуіне қарасайлық тұрғындардың өтініштері де себеп болған. Сондай сұраныстан пайда болған қоғамдық көліктердің өзгеріссіз күнделікті жұмыс тәртібі де бар көрінеді. Ол жайында Алматы қаласына қарасты «Алматыэлектротранс» ЖШС-нің көлікті пайдалану бөлімінің басшысы Абылай Өстемір былай дейді: «Алматы қаласы мен Қарасай ауданының әкімдіктерінің қолдауымен, әрі қарасайлық тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, 202 нөмірлі маршрут іске қосылды. Әр «Газель» автобустарында орнатылған GPS мониторинг арқылы біз көліктердің рейстік қозғалуын бақылай аламыз. Ал, маршруттар күнделікті 5:40-та жұмысын бастайды, ал олардың 7 минуттық жүріс аралығы жолаушылар үшін қолайлы деп ойлаймын».
Біз айтқан қоғамдық көліктің жүріс кестесі Үшқоңыр автобекеті мен Алматы қаласы арасында қатынағанымен, аудан орталығы Қаскелең қаласының бірнеше көшелерін басып өтеді. Атап айтсақ, Алматы-Бішкек тас жолы арқылы Мақашев көшесіне бұрылып, оның бойымен Жанғозин көшесіне түседі. Аудандық аурухана орналасқан бұл көшенің бойымен соңына дейін жүріп, солға қарай Наурызбай көшесіне бұрылып, содан ары Алматы-Бішкек тас жолына қайта түседі. Райымбек даңғылына жалғасқан осы тегіс жол арқылы 202-ші нөмірлі автобус Алматы қаласының Б.Момышұлы көшесі арқылы Төле би көшесіне түсіп, жүрісін Сайран автобекетімен аяқтайды. Аталған аялдамаларды «Citybus» мобильдік қосымшасы арқылы да бақылап, автобустардың алыс-жақындығын көре аласыз.
Іске қосылғанына көп болмаса да жолаушылар тарапы мұндай маршруттың болғаны тиімді екенін жеткізуде. Жағымды пікірлерден кейін 202 нөмірлі коғамдық көліктердің қарасайлықтар үшін пайдалы жұмыс атқарып жатқандарын анық байқауымызға болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.