Киелі Қарасай жерінде кіндігі кесіліп, қасиетті топырағынан қуат, суынан нәр алып, сүрген өнегелі өмірінің арқасында есімдері тарихта алтын әріппен жазылып қалған нар тұлғалар өте көп. Солардың қатарынан бүгінгі орта буын Хамза қажы Екейбаевты зор сағынышпен, әрі ыстық ықыласпен әңгіме арқауына айналдырады. Көзі тірі болғанда, жыршы, термеші биыл құрметіне бөленген халқының ортасында 90 жылдық мерейтойын атап өтер еді. Бірақ, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген бабалар даналығының текке айтылмағаны анық. Бейсенбі күні осыдан 13 жыл бұрын ауыр науқастан мәңгілікке көз жұмған марқұмды жерлестері мен тіршілігінде жанында жүрген жақындары, туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері еске алып, ас берілді. Алдымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық мәдениет үйінде өткен жиын барысында текті атаның жалғасы, атақты Қарасай батырдың ұрпағы, үш мәрте қажылық парызын өтеген абзал азамат, шежіреші, жырау Хамза Тілеубайұлы жайында көп естеліктер айтылып, оның адамгершілік асыл қасиеттері өскелең ұрпаққа үлгі етілді.
Айта кетсек, Хамза Екейбаев 1928 жылы 23 ақпан күні Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қарағанды облысы Сталин ауданындағы № 7 қазақ орта мектебін үздік бітіріп, Кеңестер Одағының жоғарғы оқу орындарына түсу құқын жеңіп алып, комсомол комитетінің жолдамасымен, шахтер болып жұмысқа орналасқан. Шахтада әр түрлі мамандықты меңгерген. 1960 жылы Қазақ университетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығына ие болды. 1964 жылы завод жанындағы милиция бөлімшесіне жұмысқа орналасып, көп жылдар ішкі істер саласында қажырлы қызмет атқарды. Қарағанды қаласының Майқұдық ауданының милиция бөлімшесін 20 жылдан аса басқарған, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, бірнеше медальдармен, грамоталармен марапатталған.
Алайда, ардақты азамат еңбек жолына қарағанда, ұлттық өнерге деген құрметі мен сүйіспеншілігімен, туған жеріне деген қамқорлығымен ел есінде көбірек сақталған сыңайлы. Себебі, көзі тірісінде ол аты алты алашқа мәлім, сөзі семсер Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбыл, толғауы тоқсан Бұхар жырау мен өсиеті өміршең Майлықожа, Құлыншақ сияқты ақын-жыраулардың ғибратты жырларын шебер айтып, олардың жыр-дастандарын насихаттауға көп еңбек сіңірген. Әсіресе, Сүйінбай мен Қатаған айтысын нақышына келтіре орындап, данагөй бабалардың өткір де тапқыр сөздеріне әрдайым сүйсінген.
Жыршының мерейтойына арналған кеш тізгінін оның жанында көп жүріп, өнегелі істерінен мол ғибрат алған жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы ұстады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел тарихының түкпірінде қалып бара жатқан тарихи тұлғалар жайлы естеліктерді түлетіп, солардың ерлігі мен өрлігін кейінгі буынға мирас етуге мүмкіндік бергендігін, солардың бірі тектілердің тұяғы саналатын Хамза қажы екендігін тілге тиек етті. Ал, бұл турасында айтылғандарды сахна төріне шақырылған, аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің оқыған баяндамасы толықтыра түсті.
– Хамза Тілеубайұлы Екейбаевтың адамгершілік биік көзқарасы, иманды да, ибалы ой парасаты мен діни берік ұстанымының кейінгі жастар үшін тәлім тәрбиелік маңызы зор, – деді аудан басшысы баяндама барысында. – Зейнетке шыққан соң Бірінші Май ауылының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, тұрғындарды толғандырып отырған өзекті мәселелерге көңіл бөлуге тырысты. Ақсақалдармен ақылдаса келе, ауылдың атын өзгерту туралы ұсыныс жасап, елді мекенге халық батыры Бекболат Әшекеевтің есімі берілуіне ұйтқы болды. «Туған жерге туыңды тік» демекші, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне белсене араласып, халық мүддесі үшін ауқымды мәселелерді шешуге ұмтылып, әркез елді жұмылдырып отырған. Жерлестеріне қайтсем қол ұшын беріп, қамқорлық жасаймын деген мақсатта, туған ауылында «Роза» жекеменшік шаруашылық серіктестігін ашып, жаңа жұмыс орындарын құрып, жұртшылықтың ризашылығын алған. Сондай-ақ, Бекболат ауылына газ түсірілуіне, ауыз су жүйесінің тартылуына үлкен ықпал еткен. Өзі салғызған «Хамза қажы» мешітінің жанынан 120 орындық дәстүрлі діни іс-шаралар өткізетін жай ашып, мешіт жамағаттарының діни жоралғылар жасауына қолайлы жағдай туғызған. Жерлестері ол кісінің туған ауылына деген ағалық қамқорлығын әлі де сағынышпен еске алып отырады, – деген Махаббат Садуақасұлы Хамза Тілеубайұлын еске алуға жиналған бауырлары мен ағайын-туыстарына амандық пен береке-бірлік тілеп, облыс әкімі Амандық Баталовтың жалынды сәлемін, ыстық ықыласын жеткізді.
Мұнан кейін, кештегі қадірменді қонақтар қатарынан орын алып отырған Хамза қажының жары Роза апаны ортаға шақырып, Қарасай жұртшылығы атынан иығына кестелі қамзол жауып, гүл шоғын ұсынды.
Келесі кезекте көпшілік мерейтой иесімен жақын араласып, ағалық шапағатын көрген жандардың естеліктерін де ерекше қызығушылықпен тыңдады. Бұл тұрғыда кезінде Президенттің күзет қызметін, еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік комитетін басқарған генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев Хамза Тілеубайұлының Елбасынан бір мүшел үлкен болғандықтан оны әрдайым ақыл-кеңесімен алға жетелеп, қамқорлық танытқанын әңгімелеп, мерейтой иесінің қарапайымдылығы мен ізгі қасиеттеріне тоқталды. Ал, еске алу кешіне Қарағандыдан арнайы келген марқұмның шәкірті, полиция полковнигі Ырымбек Қорабаев Сарыарқа халқының сәлемін жеткізіп, ұстазының өмір жолындағы естеліктерінен сыр шертті. Сондай-ақ, заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаев жыршының өнерге деген сүйіспеншілігі мен қайырымдылығы сөз етсе, Хамза қажының інісі Рысбек Таубаев өнегелі өмір жолы өзгелерге ұқсамайтын ардақты ағаның қалдырған ізі мәңгілік боларына сенім білдіріп, рухына құрмет көрсетіп жатқан жерлестеріне алғыс айтты. Бұдан бөлек, кеш барысында «Ақорда» республикалық қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалдының құттықтау хатын оның орынбасары Қанат Мұсағұлов оқып, ықылас гүлін тапсырды.
Әрі қарай аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалаған жұртшылық түгелдей «Достық» мейрамханасына бет бұрып, қоғам қайраткерінің аруағына бағышталған астан дәм татты.
Хамза қажының жары Роза апа:
– Ол шын мәнінде ерекше адам еді. Денесі батырлардың тұлғасына ұқсағанымен, жаны-жүрегі сондай нәзік болатын. Сондықтан да, әрдайым біреуге жақсылық жасауға, қамқорлық танытуға, жәрдемдесуге асығатын. Оның еліне, жерлестеріне сіңірген еңбегін халық біледі. Сол үшін де еске алып, сағынады деп ойлаймын. Хамза ағаларың сыртта іскер азамат, қоғам қайреткері болса, отбасында керемет жар, тамаша әке, ата еді. Ол кісінің домбырада төгілте орындайтын жыр-термелерін барлығымыз тыңдаудан жалықпайтынбыз. Өйткені, әр шығарманы шын жүрегімен беріле орындап, өнерге, сөз құдіретіне деген шексіз сүйіспеншілігін аңғартатын. Ол өзінің өнегелі өмірімен, имандылығымен, жомарттығымен, қарапайымдылығымен артына өшпес із қалдыра білген азамат. Жерлестерінің бүгінгідей құрметі соның дәлелі…
Хамза қажымен жақын араласқан азаматтардың бірі Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор:
– Ол кісі жер басып жүре бергенде биыл тоқсан жасын тойлайтын едік. Амал қанша, жыршы ағамыз ортамызда жоқ, оның жарқын бейнесі көз алдымызда. Хамза ағамен 1979 жылы Қарағанды қаласында таныстым. Бірден туған бауырдай аралас-құралас болып кеттік.
Ол Сүйінбай бабамызды өте құрмет тұтатын, оның аруағына әр уақыт құран бағыштап, ұлылығына бас иетін. Қандай жиында отырса да Сүйінбай бабамыздың «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» деген жырын домбыраға салып өсиет ретінде айтатын. «Бабаларымыздың данышпандық өсиеті, еліміздің өнегелі әдет-ғұрып, дәстүрі – Алланың бізге берген үлкен сыйы, жастарымызды осы жолмен тәрбиелесек, біз ешуақытта кем болмаймыз, бай қуатты, өнегелі елге айналамыз» дейтін Хамза ағаның көп азаматқа көмегі тиді.
Клара КӨПБАЕВА.