Төрткүл дүние көз тіккен, экранға телмірткен төрт жылда бір келетін XXIII жазғы Олимпиада ойындарының аяқталғанына 10 күннен асты. Қазақстанның қоржыны 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен толықты. Ал жалпы командалық есепте 43-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш, әрине осыдан төрт жыл бұрын өткен Токио олимпиадасымен салыстырғанда жақсы нәтиже. Ол жақта тек қана 8 қоланы қанағат тұтқан едік. Дегенмен биылғы бәсекеде жанкүйерлер алтынның көптігіне дәмелі болды. Жалпы әлемдік додада кімдердің бағы жанды? Ендеше ел ауызында талқыға түскен басты аламан жайлы қалам тербесейік. Оның үстіне әлемдік жарыста Алматы облысының атынан аттанған жүлдегерлерді айтпасақ тағы болмас.
Осы жолғы Олимпиада ойындары Францияның астанасы – Париж қаласында өтті. Елдің намысын қорғауға спорттың 25 түрінен 80 спортшы барған болатын. Алайда бағы мен бабы қатар шапқан саңлақтарымыз 7 медальмен Отанға оралды.
Ел мерейін үстем еткен Елдос
Әлемдік дода басталғанда алғаш алтынды елімізге дзюдошы Елдос Сметов сыйлады.
Тараздың тумасы, татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиода үздік үштіктен көрінгенін ел жақсы біледі. Биылғы аламанда Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.
Елдос Сметов үшін Парижде жеребе оңай болған жоқ. Іріктеуде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина), ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Ю Вейді (Тайпей) жыққан. Ал жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригостан (Испания) қосымша уақытта (golden score) айласын асырды. Сөйтіп, ақтық сында қазақ балуаны жарыс қожайыны атанған Франция елінің спортшысын ұтып, олимп шыңын бағындырды.
Дзюдошының жеңісті сәтіне ел Президенті Қасым-Жомар Тоқаев та куә болып, бірден қоңырау шалып, құттықтады.
– Қазақтың рухын, жалпы халқымыздың мықты мінезін көрсеттің. Бәріміз сені мақтан тұтамыз. Сөзіңде тұрдың, тамаша жеңіске жеттің, нағыз жігітсің! Сен сияқты жігіттердің арқасында туымыз әрқашанда асқақтап, желбірей берсін. Жаңа жеңістерге жете бер. Саған және отбасыңа аманшылық тілеймін. Астанада кездескенше! – деді Президент.
Елдостың 60 келіде күресіп, үздік атанғаны былай тұрсын, қазақ спортының тарихына есімін алтын әріппен жазды десек жаңылысқанымыз болмас. Алдымен ол дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы болса, тәуелсіз Қазақстан тарихында үш бірдей Олимпиада ойындарында жүлде алған екінші қазақ спортшысы атанды. Алғашқысы жеңіл атлетикадан елдің мақтанышы Ольга Рыпакова болатын.
Егемендік алғалы ел тарихында грек-рим күресінен финалға шыққан тұңғыш балуан
Жасыратыны жоқ, 1996 жылдан бері грек-рим күресінің жанкүйерлері финал көрмеді. Бұл тарихтан белгілі. АҚШ-тың Атлантасында Юрий Мельниченко топ жарып, алтын таққаны ұмытылмайтыны рас. Дегенмен сол бір жетістікті қаншама жыл күттік.
Міне енді араға 28 жыл салып, ақтық сында күрескен Демеу Жадыраев – тәуелсіз Қазақстан тарихында грек-рим күресінен финалға шыққан тұңғыш қазақ палуаны атанды. Екі бірдей әлемнің азулы күрес шеберін жарыстан шығарған 34 жастағы Демеудің өнерін әлем тамаша сенсация ретінде бағалады.
Айта кетейік, 77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Демеу Жадыраев ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы, Токио ойындарының күміс жүлдегері қырғызстандық Ақжол Махмудовтан 3:1 есебімен басым түсті (суретте екеуі). Ал жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановты 6:1 есебімен жеңді. Дегенмен финалда отандасымыз жапониялық Нао Кусакадан жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
– Шыны керек, жеңілген соң сөйлеу де оңай емес. Жеңіп тұрып сөйлегенге не жетсін? Кілемнен түскен бойда өзімді қоярға жер таппағаным да рас. Халқыма алтын жүлде арнағанымда болатын еді. Күміс те жаман емес. Бұйырса, чемпиондық атаққа да қол жетер, – деді жарыстан соң жерлесіміз.
Нариман елге күміс сыйлады
Қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасында жасындай жарқ етті. Ол тұтқалы ат жаттығуында керемет нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Оның көрсеткен өнері 15, 433 ұпай болып, тұғырдан екінші болып көрінді.
Нариманның жетістігі – Қазақстанның гимнастикадан олимпиада ойындарында алған ең алғашқы медалі. Сондықтан жасыратыны жоқ бұл күтпеген тосын сый болды.
Жалпы айтқанда, Нариман Құрбанов өзінің спортқа деген қабілетінің арқасында Қазақстан спортына жаңа жетістік парағын ашты.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұған дейін спорттық гимнастикадан спортшыларымыз Олимпиада медаліне қол жеткізбеген. Ең алғашқы жүлде осы Франция астанасында бұйырды. Нариман Құрбановтың күміс медалі елдегі спорттық гимнастикамен айналысатын жастарға үлкен серпін берері анық.
Боксшылар алтынсыз қайтты
Олимпиада ойындарында елдің елең етіп, алтыннан үміт етіп отырған спорттың түрі бокс еді. Өкінішке орай, ерлер құрамасындағы жеті былғары қолғап шеберінің алтауы алысқа шаба алмады. Атап айтар болсақ, Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Асланбек Шымбергенов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Айбек Оралбай және Махмұд Сабырхан бірінен соң бірі жеңілді. Бұл сәтсіздікті ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов «нашар нәтиже» деп мойындады. Осылайша Қазақстан құрамасы соңғы екі олимпиада ойындарында алтынсыз қалды.
Жарыс жолынан кезек-кезек шығып жатқанда 80 келіде жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай ғана үмітті ақтап, күміс медальге ие болды. Ол финалда украиналық боксшы Александар Хижнякқа есе жіберді.
Айта кетейік, Олимпиада ойындарындағы нәтиженің төмен болуынан Қазақстан бокс федерациясында ауыс-түйістер орын алды. ҚР бокс федерациясының мәліметінше, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Әзиз Қожамбетов қызметінен кетті. Сондай-ақ бас бапкер Мырзағали Айтжанов, аға жаттықтырушы Марат Жақиев және Нұркен Андасов, Нұржан Насанов, Ғании Ашкеев, Ермек Ерсаев, Талғатбек Жақпеков, Закир Сафиулин, Азамат Мақажанов, Жамил Жүсіп сынды өзге де жаттықтырушылар, сондай-ақ кеңесші жаттықтырушы Донатас Янусевичус те лауазымынан босатылды.
Назым намысқа тырысты
Бокстан ерлер құрамасы сәтсіздікке ұшырап жатқанда нәзік жандылардың арасында 50 келі салмақтағы жерлесіміз Назым Қызайбай үздік үштікке ілінді. Ол жартылай финалда Қытай боксшысы Ю Вумен шаршы алаңға шығып, жол берді. Бес төрешінің төртеуі 2023 жылы әлем чемпионы және Азия ойындарының чемпионы болған қытай боксшысы жеңді деп шешті. Бапкерлер де, боксшының өзі де төрешілер шешіміне қатысты сын айта алмады. Өйткені қарсыластың шапшаңдығы, жеңіске деген ұмтылысы көрініп-ақ тұрды.
Назым Қызайбай 2014 және 2016 жылы әлем чемпионы атанған. Бірақ ол олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігін бірнеше рет пайдалана алмады. Оның салмағында Қазақстан ішінде дау олимпиадаға дейін толастаған жоқ. Назым да ел ішіндегі қосымша іріктеу турниріндегі жеңісінен кейін ғана Париж жолдамасына таласуға жол ашты. Париждегі ойын – оның алғашқы олимпиадасы.
Қазақстандық арудың қола жүлдесін жанкүйерлер жоғары бағалайтыны анық. Назым 30 жасында олимпиадаға алғаш рет қатысты. Ол өзінің жеңісін жақындарына арнайтынын айтты.
– Париждегі қола жүлдемді әрқашан қолдайтын, жеңілгенде де, жеңгенде де қасымда болатын отбасыма, жаттықтырушыма, командағы құрбыларыма арнаймын. Әрине, жеңгенде, медаль алғанда маңайында адамдар көп болып кетеді ғой. Оның бәрін білеміз, – дейді боксшы.
Назым Қызайбайдың жүлдесі – Қазақстанның әйелдер боксынан олимпиада ойындарында алған үшінші қола. 2012 жылы Лондон олимпиадасында Марина Вольнова, 2016 жылы Рио олимпиадасында Дариға Шәкімова қола медаль иеленген.
Ғұсманның қоласы алтынмен тең
Әлем көз тіккен аламанда тағы бір дзюдошымыз ел абыройын асқақ етті. 66 келіде белдескен Ғұсман Қырғызбаев алтынға пара-пар қолаға ие болды. Ол осы уақытқа дейін жоғарыда атап өткен, алтын алған Елдос Сметовтің бәсекелесі еді. Алайда Ғұсманға 66 келіде Олимпиаданың жүлдесі бұйырды.
Сонда да айта кету керек, Ғұсман Қырғызбаев 60 кг салмақта 2021 жылы өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Азияның екі күмісін де осы салмақ дәрежесінде иеленді. Сондықтан оның аз уақытта салмақ ауыстырып, рейтингте қажет ұпай жинап, Олимпиадаға баруға талпынғанын ерлік деу керек шығар. Сол себепті оның қоласы алтынға тең деп мақтанышпен айта аламыз.
Ал оның Париждегі жарыс жолына тоқталар болсақ, Ғұсманға сәттілік серік бола алмады. Қола жүлде үшін таласта Ғұсман серб Страхинья Бунчичтен берместі тартып алды.
32 жастағы Ғұсман үшін Париж олимпиадасының қоласы ең бағалы жүлдеге айналды. Жасыратыны жоқ, дзюдошы аутсайдер болып келгенін іштей сезгенмен, спорттық мансабы аяқталар шақта барын салды.
– Осы жүлденің жолында біраз нәрсені құрбандыққа шалдық. Салмақ қуып қиналдық. Отбасымның қасында болмаймыз. 365 күннің 300 күнінде жаттығуда, жарыста боламыз. Сол үміт ақталды, – деді жарыстан соң Париж олимпиадасының қола жүлдегері.
Тұңғыш олжа сыйлаған ерекше спорт түрі
Қазақстанға тағы бір тұңғыш олжа бұйырған Олимпиадалық спорт түрінің бірі – пневматикалық мылтық ату. Дәл осыны серік еткен Ислам Сәтбаев пен Александра Ле алғаш рет ұлттық құрама қоржынына қола жүлде сыйлады. Айта кету керек, қырағылықтары бір төбе қос мергеннің жаттықтырушысы Ольга Довгун – екі дүркін әлем чемпионы. Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы және Сидней, Афины, Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысқан. Довгун Афиныда жүлдеге қолсозым жетпей, 4-ші орынға тұрақтаған. Спортшы ретінде Олимпиада жүлдесіне ілінбегенімен, Парижде шәкірттері үміттерін ақтап, бапкер ретінде арманын орындады.
Жүлдегерлер елге оралып, құрметке бөленді
Париж қаласында атой салып Олимпиада жүлдегері атанған қазақстандық спортшылар елге оралған сәттен бастап халықтың ыстық ықыласына бөленуде. Кәсіпкерлердің біразы «мемлекеттің мерейін асырған үшін» деп жомарттығын танытып жатса, жергілікті билік жерлестерінің жетістігіне шынайы қуанып, қомақты қаржымен ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Алғыс арқалаған спортшылардың арасында Алматы облысының саңлақтары да бар. Жүлдегерлерді жақында облысы басшысы Марат Сұлтанғазиев қарсы алып, өздеріне де, бапкерлеріне де құрмет көрсетті.
Облыс әкімі Марат Елеусізұлы Алматы облысының барша кәсіпкерлері атынан Олимпиаданың күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа 10 миллион теңгенің сертификаты мен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Дәл сол сияқты қола жүлдегер Назым Қызайбайға да құрмет көрсетілді. Боксшы қызға 3 бөлмелі пәтердің кілті мен 2 миллион теңгенің сертификаты берілді.
Спортшылардың жаттықтырушылары да марапатсыз қалмады. Өңірлік кәсіпкерлердің тарапынан Жұмақан Тұрғанбеков пен Боранбек Қоңыратов 2 миллион теңгенің сертификаты мен екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. Сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Париждегі Олимпиада ойындарына қатысқан басқа да спортшыларға кәсіпкерлер атынан 2 миллион теңгенің сертификаттарын табыс етті.
Айта кетейік, жалпы Олимпиадаға аттанған спортшыларымыз көрсеткен нәтижелері бойынша мемлекет тарапынан заңмен бекітілген жүлде қорына ие болады. Сыйақының мөлшері жайлы ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Олимпиада басталмай тұрып мәлімдеген болатын.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, чемпионға 250 000 доллар, күміс үшін 150 000 доллар және қола үшін 75 000 доллар беріледі. Төртіншіден алтыншы орынға дейін иеленген спортшыларға тиісінше 30, 10 және 5 мың доллардан төленеді. Сонымен қатар, чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындауға қатысқан бірінші, жеке және бас бапкерлерге ақшалай ынталандыру қарастырылған. Командалық спорт түрлері бойынша чемпиондар мен жүлдегерлерге ақшалай ынталандыру төлемдері әрбір спортшыға алған әрбір орын үшін ақшалай ынталандырудың 100 пайызы мөлшерінде төленетінін атап өткен жөн. Олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік рекорд орнатқан жағдайда спортшы тағы 5000 доллар, ал жаттықтырушы 3000 доллар алады, – деді министр Е.Маржықпаев.
Парижде жеткен жетістігіміз осындай. Ел абыройын асқақ еткен спортшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 2028 жылы өтетін келесі жазғы Олимпиада ойындарынан үмітіміз зор.
Бетті дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.