Қарасай аудандық жедел медициналық жәрдем станциясы осы уақытқа дейін Қаскелең қаласындағы Мақашев көшесі, 82 мекенжайындағы ғимаратты жалға алып келген болатын. Келісімшарт бойынша жалға алу мерзімінің аяқталуына байланысты аудандық жедел жәрдем мекемесі 2024 жылдың 1 қазанынан бастап Ә.Өмірәлі көшесі, 56 «а» мекенжайындағы жаңа орынға көшті.
Жедел медициналық көмек халықтың денсаулығын сақтау үшін қашан да маңызды. Сондықтан оның қызметтік сапасы да жоғары болу тиіс. Осы ретте аудандық жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысын жетілдіру үшін әрі қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында келешекте тиісті жұмыстар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, бригадалар саны мен дислокацияларды ұлғайту көзделуде. Яғни, 360 мыңнан асатын аудан халқына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 2024 жылдың желтоқсанында жедел жәрдем бригадаларының санын көбейту және қосымша дислокациялар ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда ауданда 28 бригада тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, санитарлық көліктер паркін жаңарту қолға алынады. Қазіргі уақытта Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы лизингке жаңа санитарлық көліктер сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Тиісті шаралардың тағы бірі – жаңа жедел жәрдем бекетін салу. Облыстық әкімдіктің ресми дерегіне сүйенсек, медициналық көмек станциясын тұрақты негізде орналастыру үшін 30 сотық жер учаскесі бөлініп, бюджет қаражаты бөлінгеннен кейін блокты-модульдік технология бойынша құрылыс жұмыстары басталмақ. Бұл бастаманы Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы жүзеге асырады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.