Жалпы, «Өрлеу» жобасы — отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне және «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысқан жағдайда отбасын әлеуметтік келісімшартына отыру арқылы шартты қаржылай көмек ұсыну бағдарламасы. Бұдан бөлек, жоба жұмысқа орналастыруға, мамандықтарға оқытуға, қайта оқытуға, сол сияқты жастар практикасына, қоғамдық жұмысқа және әлеуметтік жұмыс орындарына тартуға ықпал ете алады. Жобаның негізгі мақсаты — шартты қаржылай көмек алған аз қамтылған отбасы тек қана жәрдемақы алып қана қоймай, осы жағдайдан шығуға әлеуметтік тұрғыдан бейімделген, кәсіби бағдар алған болуы тиіс. Бұл белсенді шараға жатады.
Көп балалы ана кәсібін ашпақ
43 жасқа жеткенше он бір балаға өмір сыйлап, «Алтын алқа» иегері атанған Беймухатова Мира перзенттерін өмірінің берекесі мен байлығына балайды. Өкінішке орай, біреуі туа сала шетінеп, екіншісі он жасында науқастанып мәңгілікке көз жұмыпты. Екеуі бүгінде туған шаңырақтан қанат қағып бөлек шығып, жеке отбасын құрып кеткен көрінеді. Ал, кәмелет жасына жетпеген қалған жетеуі бүгінде сыңғырлаған тәтті күлкі, балдай тілді былдырымен үй ішін бақытқа бөлеуде.
Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында тұратын олардың жағдайына алаңдаушылық танытқан жанашыр жандар шынымен мұқтаж адамдардың күн көрісін жақсартып, еңбеке ынталандыратын «Өрлеу» бағдарламасы бар екенін айтып, оған қатысуды ұсынады.
Осылайша, көпбалалы отбасының тыныс-тіршілігімен танысқан комиссияның есебіне сай, олар мемлекет қолдауына ие болды. Яғни, бұрында тұрақты жұмысы болмаған отағасы Жанболат қоғамдық еңбекке тартылып, азын-аулақ болса да үзіліссіз жалақы алып тұру мүмкіндігін иеленді.
Ал, 500 мыңнан астам көлемінде белгіленген шартты ақшалай көмекке ерлі-зайыптылар ақылдаса келе дайын контейнер сатып алып, оның ішін жөндеген. Өйткені, оны болашақта шаштаразға айналдырып, халыққа сапалы қызмет көрсету ойда бар.
– Балаларым бірінен соң бірі, араларына жыл салып өмірге келген соң жұмыс істеудің реті келмеді мен үшін, – дейді «Алтын алқа» иегері әңгіме барысында. – Бұл да Алланың сыйы ғой. Ертең-ақ осылар жақсы азамат болып ер жетіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, мына бір дүниенің кірпіші болып қаланып жатса, мен үшін нағыз бақыт сол болмақ. Енді, «Өрлеу» бағдарламасының арқасында жеке кәсібімді ашып, табыс тапсам деп ниеттеніп отырмын. Жақында шаштараз курсын бітіріп алсам жақсы болар еді. Еңбекке ынталандыру, жақсы болашаққа жігерлендіру деген осы емес пе? Алғысым шексіз!
Мемлекеттік бағдарламалар аясында
мерейі өскен
Қаскелең қаласында тұратын Нұрбосынов Ғани Бейсенұлы да осы «Өрлеу» жобасының қатысушысы. Гүлнұр есімді келіншектің адал жары, бір ұл мен екі қыздың ардақты әкесі бүгінде қалалық мешітте наиб имам болып еңбек етуде. Дін жолындағы бұл қызмет анау айтқандай қыруар қаражатқа кенелтпейтіні анық. Ал, аталған бағдарлама оларға кәдімгідей қолдау болып, ынталандыра түскенін жас отбасының егесі жасырмайды.
Олай деуге негіз де бар. Мысалы, шартты ақшалай көмек ретінде берілген 270 мыңдай теңгеге олар бір бұзаулы сиыр мен 40 тауық сатып алған. Ондағы мақсат – балалардың аузын аққа жарытып, күнделікті айран-сүтін ішкізіп, дастарханды табиғи таза өніммен толтыру. Бұл да жөн емес пе! Күнделікті бір литрден сатып алар болсаң оның өзі кәдімгідей-ақ, қалтаңды қағады. Ал, тауықтың жұмыртқасында қанша дәрумен болатыны, тойымдылығы айтпаса да түсінікті.
– Осындай бағдарламалардың бар болуының өзі татулық пен бірлік орныққан тәуелсіз мемлекетімізде халыққа жеткілікті көңіл бөлінетінін айғақтай түссе керек, – дейді Ғани бізбен әңгімесінде. – Елбасының басшылығымен жүзеге асып жатқан бұл жобалар шынымен де жігеріңді жанып, ертеңгі күнге деген құлшынысың мен талпынысыңды арттыра түседі екен. Жаңа жоспарлар құруға, соған сәйкес әрекет етуге, тіршілігіңді түзеп, тоқтаусыз, тынымсыз еңбектенуге жетелейді. Алла қаласа, біз де аяғымыздан нық тұрып кетіп, бар күш-жігеріміз бен еңбегімізді ел дамуына арнауды армандаймыз…
Бір айта кетерлігі, Ғани да, оның жан-жары Гүлнұр да жоба шарты бойынша, қайта даярлаудан өтіп, өздеріне жақын кәсіпті игеріп алған. Атап айтқанда, бірі Қаскелеңдегі С.Жандосов атындағы колледжде тігіншілікке машықтанса, екіншісі, Үшқоңыр ауылындағы көпсалалы колледжде автоэлектрик мамандығын меңгерген.
Гүлнұр бүгінде тігін машинасын сатып алып, ең алдымен отбасы мүшелерінің киімдерін бүтіндеуге кірісіп кеткен. Тіпті, қызына арнап әдемі көйлек те тігіп, жіңішке істің қыр-сырына қаныға түскен.
Ал, әлі көлігі жоқ Ғани, болашақта өзіне қажет болып қалар деген үмітпен, темір тұлпар тоғын жалғауды жақсылап үйреніп алған.
– Кейде біреулердің қиналып тұрғанын көресің. Техниканың аты техника ғой, кез-келген жерге тоқтап қалуы мүмкін. Сондайда бір жәрдемім тиіп жатса, осының өзі үлкен қуаныш емес пе! Бұған дейін кәсіптік қайта оқыту арқылы «компьютерлік бағдарламашы» мамандығына да ден қойған едім. Міне, бүгін мешіттегі кей іс-қағаздарды ретке келтіруіме сеп болып отыр. Сондықтан, үйренген, оқыған артықтықтық етпейді ғой. Осы тұрғыдан да үлкен мемлекет қолдауын көріп отырмыз.
Міне, қарапайым тіршілік кешіп, «Өрлеу» арқылы өрісін кеңейте түскен тағы бір отбасының жайы осындай. Қораларына мал байлап, дастарханын аққа толтырып, көңілдері қалаған бір-бір кәсіпті меңгеріп алды. Олар да осы ізгілік пен игілік үшін Елбасына риза.
Клара КӨПБАЕВА.