Қыркүйек айның екісі күні еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарға арнаған Жолдауында экологиялық жағдайды жақсартудың маңыздылығын және қоғамымызда қоршаған ортаға деген құрметті насихаттау қажеттігін тағы да еске салды. Бұл орайда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының маңызы зор.
Барлығымыздың есімізде, ол осы жылдың қаңтар айында басталып, бес аптаға созылды. Олардың әрқайсының өзіндік тақырыптық бағыты да болды. Нәтижесі жақсы болғандықтан кейіннен оны жалғастыру туралы шешім қабылданып, енді ол әр аптаның бейсенбі күндері өткізіліп отырады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, оған республика бойынша үш миллионнан астам адам қатысқан. Бірлесе отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды көму орындарына миллион тонна қоқыс шығарылған. Енді бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру қажет.
Өңірімізде жастар «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуда. Бұл тек біздің ресурстық орталыққа ғана емес, түрлі ауылдық округтерде жұмыс істейтін колледж студенттері мен жас мамандарға да қатысты. Ал біз елімізге, туған жерімізге пайдасын тигізетінімізді мақтан тұтамыз.
Сондықтан Мемлекет басшысы ормандар мен далаларды өрттен қорғау, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру бағытында ауқымды жұмыстарды атқаруға шақырды. Біздің кең байтақ еліміздегі ормандар аумақтың бес пайызын ғана алып жатқанын мен де білмеппін.
«Семей орманы» орман резерватында болған өрт салдарынан бізге орасан зор шығын келді. Бұл Орталық Азиядағы көгалдандыру материалдарын өсіретін жалғыз орман тұқымы кешені болғандықтан, Президенттің шақыруымен бұл жобаны кеңейтіп, Қазақстанның әр түкпірінде жүзеге асыруға кірісуіміз керек, сонда еліміз гүлденіп, жасыл аймаққа айналады. Сонымен қатар, ол ормандар үшін аумақтарды ұлғайту идеясы шынымен танымал болуы керек екенін ерекше атап өтті.
Біз өз еліміздің болашағын ойлайтын жастар ретінде Мемлекет басшымыздың осы айтқандарын қолдауымыз қажет.
Жарқынай САДУОВА,
Қарасай ауданының «Жастар ресурстық» орталығының жетекшісі.