Демократиялық қоғамның негізгі кепілі – сот жүйесі. Оған деген халықтың сенімін арттыру маңызды болып табылады. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында, сондай-ақ әрбір Үндеуінде «Әділетті Қазақстанды» құру үшін әр салада реформа жүргізуді алға тартып келеді. Оның ішінде сот жүйесіне қатысты тақырыптар да талқылауға ұшырап жататыны жасырын емес.
Әрине, заң үстемдік орнаған жерде әділдік болары хақ. Құқықтық нормалардың дамуы сот билігіне деген сенімді күшейтеді. Осы ретте Қарасай жеріндегі сот жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстардың ретіне тоқталып, біздің ауданда сот үстемдігі қалай жүзеге асырылуда екенін сөз ету үшін Қарасай аудандық сотының төрағасы Дінмұхамед Адайбаевпен тілдескен едік. Ойда жүрген өзекті сұрақтарды қойып, лайықты жауап ала білдік.
– Дінмұхамед Жарасұлы, жалпы соттар дауласуға емес, керісінше татуласуға үндейтіні белгілі. Бұл ретте Қарасай аудандық сотына түскен арыздарға тоқталсақ. Олардың саны соңғы уақытта азаюда ма, әлде артуда ма?
– Әрине, дауласқан кімге жақсы дейсіз. Дегенмен заң бәріне ортақ болғандықтан, соның шеңберінде шешілуі тиіс істер болады. Қазіргі таңда халық сот төрелігін жүзеге асыруға тиімді қатысуда. Қарасай аудандық сотында жыл сайын сотқа жүгіну саны 6%-ға өсуде.
– Ал Қарасай аудандық сотында арыз-шағымдар сотқа дейінгі реттеу тәртібімен қалай шешіледі? Пайыздық көрсеткіші қандай? Мұндай амалдар судьялардың жұмысын қаншалықты жеңілдетеді?
– Елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылғы 5 тамызда күшіне енді. Әртүрлі қақтығыстарға қатысушылар арасындағы көптеген даулар мен келіспеушіліктерді медиацияның көмегімен сот талқылауына дейін шешуге болады. Медиацияның сот процесіне қарағанда артықшылығы уақыт пен ақшаны айтарлықтай үнемдеу және жеке процедураның құпиялылығы. Статистикаға сәйкес барлық даулардың 20-30%-ы медиация рәсімінен өтеді, олардың 85%-ы оң нәтижелерге ие болып жатады. Медиация рәсімі сот төрелігін жүзеге асыруда соттарды жеңілдетуге көмектесетіні және олардың ерекше күрделі процестерге назар аударуына мүмкіндік беретініне сенемін.
– Дау-дамайды шешудің тағы бір реттелуі – медиация. Сіздер үшін оның тиімділігі қандай? Дәл осы тәртіппен ауданымызда ағымдағы жылы қанша іс қаралды?
– Медиация азаматтар арасында қарым-қатынасты нығайтуға, талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың бір-біріне деген қарым-қатынас мәдениетінің, этикасының жоғалмауына, ерікті түрде орындалатын шешімдердің көбеюіне әкеледі. Мәселенің ақ-қарасын анықтауда сот пен медиация арасында айырмашылық көп. Сот туындаған дауды заң тұрғысынан қарайды. Ал бітімгершілік туралы заңда екі тараптың мүддесі көзделіп, шешім шығарылады. Оның үстіне сотқа шағымданушы уақыттан ұтылады. Екі жақты дау-жанжалды сотқа жеткізбей, нүкте қою тараптарды эмоциялық күйзелістен сақтайды. Аталмыш заң өз кезегінде соттар мен прокурорлардың мойнындағы жүктемені азайтып, сапалы сот шешімдерінің көбеюіне және бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен бірге қарапайым халықтың сот жүйесіне сенімділігін әкелері сөзсіз.
Сот көпшілік алдында өтсе, медиация көпшілікке жария етіле бермейді. Қарапайым тілмен айтқанда, медиация – дауды шешудің бітімгершілік институты, халқымыздың билік дәстүрінде бағзы замандардан бар ұғым. Ал ауданымызда осы медиция тәртібімен қаралған іске тоқталсақ, олардың саны 358. Бұл – ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша көрсеткіш.
– Дінмұхамед Жарасұлы, алаяқтық мәселесі соңғы уақытта өте өзектіге айналды. Оған қатысты тұрғындардың тарапынан шағымдар жиі түседі ме? Нәтижесі немен аяқталуда?
– Алаяқтық алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы жүзеге асырылады, оның әсерінен мүліктің иесі немесе басқа иесі мүлікті немесе оған құқықты басқа адамдарға өз еркімен береді. Жалпы ауданымызда алаяқтық алдау қылмыстары күннен-күнге ұлғаюда. Деректерге сүйенсек, жалпы ағымдағы жылда арыз саны 30 пайызға өсіп отыр.
Тәжірибелік тұрғыдан алатын болсақ, бұндай санаттағы құқық бұзушылықтар сотталушының кінәсі сотталушының өзінің айғақтарымен, жәбірленушілердің айғақтарымен, қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Сондай-ақ санкциясы баламалы жазаларды көздейді. Мәселен АЕК пен белгілі бір мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен не нақты сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен не нақты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айырумен немесе белгілі бір жылға дейін немесе онсыз белгілі бір қызметпен айналысу. Сондай-ақ жеңілдететін жағдайлар да көзделген. Мәселен ол істеген ісіне өкіну, сотталушы бала кезінен мүгедек болып табылуы. Сонымен қатар заңнамада көзделген өзге де жағдайлар ескеріле отырып, сот істі жан-жақты, объективті қарап, үкім шығарады.
– Қарасай аудандық сотта сот жүйесінің ашықтығы қалай жүзеге асырылады?
– Сот отырысын ашық жүргізу басты қағида болып табылады. Сот төрелігінің ашықтығы тараптарды және барлық мүдделі тұлғаларды жедел хабардар етумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот шешімдерінің және өзге де құжаттардың мазмұнымен ақпараттық-анықтамалық жүйелер арқылы немесе өзге де тәсілдермен танысуға құқылы. Сот отырысы жайлы тиісті ақпаратты тараптарға және сот талқылауының кез келген қатысушысына, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне берілуі керек. Яғни сот төрелігінің ашықтығы соттың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттесуінде айқын көрінеді.
Соттар барлық сот сатыларында қылмыстық іс жүргізу заңының істердің ашық қаралуы туралы талаптарын қатаң сақтауға және сот ісін жүргізудің жариялылығы принципінің бұзылу, азаматтарды сот отырысына негізсіз қатыстырмау фактілеріне жол бермеуге міндетті.
Жариялылықты заңсыз шектеу (іс материалдарын негізсіз құпиялау, заңда көзделмеген негіздер бойынша жабық отырыстар өткізу және т.б.) процеске қатысушылардың процестік құқықтарын кемсітуге және нұқсан келтіруге әкеп соғуы мүмкін. Бұндай бұзушылықтардың сипаты мен мәніне байланысты іс жүргізу өндірісі жарамсыз деп танылып, шығарылған шешім бұзылуы не жиналған материалдар дәлелдемелік күші жоқ деп танылуы мүмкін.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында заңгерлерге материалдық жағдай жасалуы тиіс деп айтқан болатын. Бұл бастама жүзеге асты ма? Судьяларды қолдау болды ма?
– Ағымдағы жылдың 4 қазанында Судьялардың IX съезі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтті. Мемлекет басшысы тәуелсіз кәсіби сот жүйесін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес «Сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады, судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға бағынады» деп көрсетілген. Сот беделі ең алдымен, судьялардың нақты тәуелсіздігіне, кәсіби біліктілігіне, қарапайым халыққа етене жақындығы мен ашықтығына тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасында барлық судьялардың мәртебесі бірдей, бір-бірінен тек өкілеттіктерімен ғана ерекшеленеді. Судьяның құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» заңымен айқындалады.
Сот саласында жүріп жатқан реформалар барысында соттардың қызметін жан-жақты жетілдіруге, соттардың материалдық-техникалық жағдайына, сот ғимараттарының күрделі жөнделуіне, жаңадан салынуына, соттарды заман талабына сай жабдықтау, судьялардың және мамандардың біліктілігін көтеруіне, сот билігінің дәрежесін көтеруге айрықша көңіл бөлініп отыр.
Қазіргі таңда соттар мен судьялардың мәртебесі заңнамалық тұрғыда нақтыланып, тұрмыстық жағдайлары жақсартылды. Әлеуметтік қорғалуының құқықтық кепілдіктері нығайтылды. Судьяларды өз құзыреттерін үнемі жетілдіріп, өз жұмысына адал және жауапкершілікпен қарауға ынталандыру қажет.
– Соңғы сұрағым жер мәселесіне қатысты болмақ. Қарасай ауданы бойынша аудандық соттың шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдері бар ма? Олардың көлемі қандай?
– Қарасай ауданы бойынша аудандық соттың шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдері бар. Атап айтар болсақ, Райымбек ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылында 67,23 гектар жер телімі, сонымен қатар Қаскелен қаласында 22 гектар жер телімі 2023 жылғы сот шешімдерімен мемлекет меншігіне қайтарылды.
Аталған жер телімдері заң аясында мемлекет меншігіне өту тәртібін мысал ретінде айтуға да болады. Мәселен, 2020 жылғы 13 шілде айында азамат Т. (аты жөні қызметтік құпиямен болып сақталсын) сатып алу-сату үлгілік шарты негізінде қордан ауданы 67,23 га жер учаскесін «тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізу үшін» нысаналы мақсаты бар Райымбек ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылынан 584 705 743 теңгеге сатып алды. Сатып алғаннан кейін азамат Т. 2020 жылғы 5 қазандағы жаңа мемлекеттік актіні Жаңатұрмыс ауылында орналасқан жеріне байланысты аудандық мәслихаттың 09.01.2020 ж. шешімімен бекітілген бас жоспармен біріктірілген елді мекендердің жері ретінде егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес рәсімдеді. Содан кейін азамат Т. 2020 жылғы 7 қазандағы сатып алу-сату шарты бойынша аталған учаскені басқа азаматтарға сатты. Жер учаскесін бөлу және үлестік меншікті тоқтату туралы 2020 жылғы 4 қарашадағы келісіммен аталған тұлғалар учаскені 9 дербес учаскемен бөлді.
Осыған байланысты, аталған учаскелердің жалпы ауданы 66,9109 га құрады. Бұл іс бойынша 441 жауапкер аталған 9 учаскенің үлестік меншігіне ие болды. 2021 жылғы 19 қарашада берілген учаскелердің 441 үлестік меншік иесі округ әкіміне учаскелердің нысаналы мақсатын «жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге» өзгерту туралы өтініш білдірді. Сол күні округ әкімі ауданның сәулет және қалақұрылысы бөліміне жүгінді, оған 2021 жылғы 22 қарашада сұратылған нысаналы мақсатта жер учаскелерін пайдалану мүмкіндігін анықтау туралы жауап берілді. Аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен бекітілген Жаңатұрмыс ауылының бас жоспарымен біріктірілген егжей-тегжейлі жоспарлауына сәйкес аталған учаскелер қолданыстағы ферманың, жоспарланған ферманың, мейрамханалардың, дүкендер мен дәріханалардың, полиция ғимаратының, жолдардың, жасыл желектердің, балабақша құрылысының және т. б. санитарлық-қорғау аймағының аумағында орналасқан жеке тұрғын үй салу бекітілген. Осыдан кейін Қарасай ауданының жер комиссиясының қорытындысымен 9 учаскенің нысаналы мақсатын «тауарлық ауыл шаруашылығын енгізуден» «жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге» өзгерту ұсынылды. Аталған жағдайға байланысты талапкер талап қою талаптарымен сотқа әкімнің өкімдері заң талаптарын бұза отырып, шығарылғанын дәлелдей отырып, нақтылауды ескере отырып, сотқа жүгінді. Тұжырымдай келе, соттың шешімімен Алматы облысының «Жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің «Қарасай ауданы әкімінің аппараты», «Қарасай ауданының жер қатынастары бөлімі», «Қарасай ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемелеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының Қарасай ауданының тіркеу және жер кадастры жөніндегі бөліміне талап қоюы, Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округі әкімінің өкімдерін заңсыз деп тану және олардың күшін жою, жер учаскелерін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және мемлекеттік тіркеуді жою туралы басқалар да ішінара қанағаттандырылды.
Міне, заңсыз алынған жер телімдерінің мемлекет меншігіне қайтарылу процесі осындай жұмыстарды қажет етеді.
– Тілдескеніңізге рақмет, Дінмұхамед Жарасұлы! Істеріңіз ілгерілеп, жұмыстарыңыз алға баса берсін.
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.