Ауданымыздың орталығында орналасқан ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Сәуле Сапар» оңалту орталығында ерекше шара өтті. Анығырақ айтқанда, әлемі бөлек балалармен жұмыс жасап келе жатқан мекемеде бірнеше жылдар бойы емделіп, тірек-қозғалыс аппараты және психоневрологиялық кінаратынан сауығып, аяқтарына тұра бастаған бес баланың тұсау кесер рәсімі өткізілді. Аталған шара дүниежүзілік мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай ұйымдастырылған болатын.
Қазіргі таңда әлем бойынша, оның ішінде біздің елімізде тағдыр тауқыметіне түсіп, туа бітті мүгедек болып жатқан бүлдіршіндер немесе жол-көлік апатынан ауыр халге ұшыраған жандар баршылық. Ең өкініштісі, жыл өткен сайын туылған кезінен-ақ ми қысымының науқасына шалдыққан, тірек-қимыл жүйесі мен қан айналымы бұзылған, көру қабілетінен айырылған бүлдіршіндер саны жыл сайын көбейіп келеді. Осы ретте бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қолайлы орта қалыптастыру, инклюзивті білім беру мақсатында дамыту-түзету орталықтары ашылып, жұмыс істеп келеді. Соның бірі – Қаскелең қаласында орналасқан жаны жабырқау ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға үлкен үміт сыйлап отырған «Сәуле Сапар» оңалту орталығы.
Айта кетейік, аталған мекеме ауданымызда 12 жылға жуық істеп келеді. Алғашында жай оңалту мекеме болып ашылған орталыққа 2022 жылы оның негізін қалаған көп жылдық тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі бар, емдеудің жаңа әдістерін ойлап тапқан Сәуле Рахимжанованың есімі берілді.
Бүгінде қызу жұмыс жүргізіліп жатқан орталықтың басшысы Конрад Казбектің айтуынша, мұнда әр келген бала алдымен арнайы тексерістерден өтіп, оның қазіргі жағдайы мен ауруына байланысты жеке әдіс қолданылады. Жақсы нәтижелерге әкелген емдеу әдістерінің барлығын Сәуле Сапарғалиқызы өзі ойлап тапқан. Арнайы массажмен қатар кішкентай науқастарға дене шынықтыру сабақтары өткізіліп, дефектолог, логопед, психолог секілді мамандар да көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда невропатолог пен педиатрдың кеңесі беріледі. Осында қызмет етіп жүрген 20-дан астам маманның әрбірі өз жұмысына ыстық ықыласы мен үлесін қосып, әр баланың жағдайының дұрысталуын өз назарында ұстайды.
Аудандағы осыған ұқсас өзге орталықтардан қарағанда жақсы нәтижелер көрсететін мекеме ашылғалы бері көптеген ерекше балаларға көмектескен. Тіпті, аяқ-қолы қимылдамайтын, жүріп-тұрмайтын, «енді бала болмайды» дегендердің өзінде даму белгілері байқалып, аяққа тұрып немесе сөйлей бастағандары жетерлік. 10 жылдан астам уақыт ішінде орталықта церебральды сал ауруы, эпилепсия және аутизм, психикалық дамуы тежелген, сколиоз және басқа да өзге дерттерге шалдыққан көптеген балалар ем алған.
Қазіргі уақытта мұнда 300-ге жуық бала тіркелген. Оның 125-і арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мемлекеттік бағдарламасы арқылы тегін ем алуда.
«Сәуле Сапар» оңалту орталығы өзінің көрсетіп отырған жақсы нәтижелерінің арқасында көптеген бүлдіршіндер мен ата-аналардың ризашылығына бөленген. Мәселен, өткен жылы қиын жағдайда деген алты баланы аяққа тұрғызған. Биылғы жылы тағы бес баланың аяққа тұруына, нық қадамдарын басуға көмектескен. Осы қуанышқа орай орталықта өткен аптада мерекелік кеш ұйымдастырылды. Оның барысында орталыққа келіп жүрген бүлдіршіндерге қызықты мерекелік кеш ұйымдастырылып, ертегі кейіпкерлері болып киінген аниматорлар тамаша көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ бес баланың тұсаулары кесілді.
– Мен ауданда осындай оңалту орталығының барына қуаныштымын. Себебі біздікі секілді балалар білікті мамандардың тәрбиесін аса қажет етеді. Мұнда баламды осыдан 5 жыл бұрын алып келгенмін. Нәтижесі жақсы. Балам өз ортасын тауып, замандастарымен араласып, ем алып келеді. Алғашында ақылы қызмет алған едік кейіннен тегін емге іліндік. Баламның жағдайына жақсы қарап, сондай-ақ тегін ем алуға қолдау білдірген Сәуле Рахимжановаға және де аталған орталықтың ұжымына үлкен алғысымды білдіремін.
Ендігі кезекте ауданымызда осыған ұқсас жақсы оңалту орталықтары саны көбейіп, балаларымыздың болашағын бірге құрасақ деймін, – деді Дина Жанзакова.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.