19 қазан – Құтқарушылар күніне орай, Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің алаңында салтанатты шара өтіп, батырлық пен жанкештіліктің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтар құрметке бөленді.
Кәсіби мерекелік шараға аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты. Аудан басшысы алдымен №5 өрт сөндіру бөлімінің алдындағы ескерткішке гүл шоғын қойып, өртпен арпалысу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің рухына тағзым етті.
Төтеншеліктердің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада жауапты миссияны міндет санаған мамандардың еңбектері ескеріліп, лайықты дәрежеде бағаланды. Олардың қауіп-қатерге толы жұмысы жайлы аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы өзінің құттықтау сөзінде жеткізді.
– Сіздердің жедел әрекеттеріңіз, қауіпті сәттерде халыққа көрсеткен көмектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Төтенше жағдай бөлімінде жұмыс істейтін әрбір құтқарушы мен инспектордың жасаған еңбегі – бұл халыққа деген сүйіспеншілік, патриотизм мен азаматтық борыш. Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін, – деді Ж.Естенов.
Аудан әкімі айбынды азаматтарға жылы лебізін жеткізген соң өмір сақшысына айналған бірқатар өрт сөндірушіні Құрмет грамоталармен және Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ аудан басшысы №5 өрт сөндіру бөлімінің ұжымына арнайы сыйлығын табыс етті.
Айта кетейік, бұл шарада еліміздің Батыс аймағында орын алған су тасқыны кезінде ауданнан көмек қол ретінде аттанып, қауіп-қатерге қарсы жұмыс істеген бірнеше мерзімді әскери азаматтардың да еңбектері ескерілді. Оларға аудан әкімі өз атынан Алғыс хаттар табыс етіп, қайсарлықтарына ризашылығын білдірді.
Салтанатты шара аудандың Мәдениет үйі дайындаған шағын концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздарды патриоттық әндер шырқап, төтеншеліктерге құрмет көрсетті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.