Негізі Ұлт жоспарының бағыттары арқылы қаланып, халықты әлеуметтік жағынан қамсыздандыруды, қажетті көмекті оған шынымен зәру адамдарға көрсетуді мақсат еткен «Өрлеу» бағдарламасы арқылы өміріне өзгеше серпін алған жандардың бірі Қаскелең қаласының тұрғыны Қадырова Кәмилә Жалғасқызы. Ол жолдасы Махмуд Базарбаев екеуі бес бала тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты отбасының иелері. Тұңғыштары 13-те болса, кенжелері екіге енді толады. Отағасының негізгі жұмысы көлік жүргізу. Ал, Кәмиләның қолы үй шаруасынан босай қоймайтын тәрізді.
«Өрлеу» арқылы өркендеу туралы ой оларға бұл берекелі бағдарлама туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарынан алғаш естігенде-ақ келген екен. Осылайша, өтінім білдіріп, кейіннен арнайы құрылған комиссия бұлардың үйіне келіп, жағдайларымен танысып кеткен.
Жоба қатысушысы болуға лайықты деп танылған соң, Махмуд Базарбаев «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының І бағыты бойынша, «автоэлектрик» мамандығына кәсіптік оқудан өтті. Ал, Кәмила Жалғасқызы өздеріне тиесілі 304 902 теңге шартты ақшалай көмекке бұзаулы сиыр сатып алған.
– Өте қуаныштымын және алғысым шексіз, – дейді көп балалы ана бізбен әңгімесінде. – Осындай қайтарымсыз көмектің арқасында елімізде қаншама шаңырақтың асты шаттыққа толып, қолдау көрсетіліп отыр. Әрине, барлық игіліктің бастауы Елбасымыздың сарабдал саясаты екенін жақсы түсінеміз. Бүгінде, міне, қорамызға мал байланып, перзенттерімнің аузы аққа тиіп отырған жайы бар. Осы балаларымның несібесі шығар, ризамын!
Жалпы, «Өрлеу» бағдарламасының басты мақсаттарының бірі – адамдардың табыс табуға мүмкіндігін арттырып, еңбекке ынталандыру екені белгілі. Бүгінгі кейіпкеріміз де осы бір бас малын төлдетіп, көбейтіп, сол арқылы балаларының тамағынан артылған сүт өнімдерін саудалап, кіріс көзін орнықтыруды армандайды. Ал, отағасы болса, негізінен жүргізушілікпен айналысатындықтан, меңгеріп алған қосымша мамандығын болашақта кәдесіне жарататындығына бек сенімді. Яғни, бұл да жобаның өз мақсатына жеткендігінің бір айқын дәлелі деп анық айта аламыз.
* * *
Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылының тұрғыны Ермек Егізбаевты да осы «Өрлеу» бағдарламасы арқылы ырысын еселеп, кірісін молайтқан жандардың қатарына жатқызуға болады. Өйткені, осы жобаның арқасында қазір олардың құлынды бие мен бузаулы сиырдың иесі болып, мал бағып, айран-сүт ішіп отырған жайы бар.
Наурыз айында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне құжаттарын өткізген Ермек Серіктайұлының тұрақты еңбек орны болмаған көрінеді. Келіншегі Алтынкүл Жангелдиева, міне, бірнеше жылдан бері үй шаруасында отыр. Кәмелетке толмаған алты баланың күтімі тағы бар.
Жобаға қатысу арқылы кейіпкеріміз «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының ІІІ бағыты бойынша қоғамдық еңбекке араласты. Демек, қазір бұл отбасында тұрақты кіріс көзі бар. Ал, есептеліп бөлінген 460 мың теңге шартты ақшалай көмекке ерлі-зайыптылар ақылдаса келе, жоғарыда айтқанымыздай, бір құлынды бие мен бұзаулы сиыр сатып алған. Шынымен де, қорасына мал біткен адамның шаңырағына да ырыс-құт қонбай ма? Енді бұл үйде де күнделікті балалар ыстық сүт, айран ішіп, дәруменге толы табиғи өнімді азық қылып отыр. Тіпті, артылған сүтті сатып, азын-аулақ ақша қылып отырғанын да жасырмайды олар.
– Ризашылығым шексіз,– дейді ерлі-зайыптылар. – Елбасына мың алғыс. Көреген Көшбасшымыздың арқасында көптеген жақсы бағдарламалар өмірге келіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға демеу болып жатқандығын анық аңғарып жүрміз. Міне, біз де солардың бірінің, атап айтқанда өрге сүйрейтін «Өрлеудің» шапағатын көріп отырмыз. Болашақта біз де осы қолдаудың қарымтасын адал еңбегімізбен, тәрбиелі де отансүйгіш ұрпағымыздың күшімен қайтарып, ел дамуына өзіндік үлесімізді қосатын боламыз.
Клара КӨПБАЕВА.