Денсаулығында кінараты бар балалардың қимыл-қозғалысын қатайтып, аяғына нық тұрғызу үшін Қарасай ауданында түрлі әлеуметтік мекемелер бар болса, соның бірі – Абай ауылындағы «Ерекшем» оңалту орталығы. Жұмыс істеп жатқанына көп болмаса да қазіргі таңда мұнда ем-домын алып жатқан балалардың өн бойындағы өзгерістер көңіл қуантады.
Аталған мекеме өзінің бір жылдығын атап өту мақсатында, сондай-ақ қазан айының екінші жексенбісі – мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай, жақында ерекше шара ұйымдастырды.
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлаған бұл кешке ата-аналар қауымы мен құрметті қонақтар арнайы шақырылды. Мерекелік шара барысында алдымен «Ерекшем» оңалту орталығының негізін қалаушы, көп балалы ана Қаршыға Амантаева сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге тілегін жеткізіп, осы орталықтың дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғысын айтты. Солардың бірі, жаны жомарт кәсіпкер, «Respublica» партиясының аймақтық кеңесінің мүшесі Керімжан Үрүстем ізгі ниетін білдірді. Сондай-ақ ол оңалту орталығының бір жылдығымен құттықтап, балалардың тірек-қимылана қажетті құрылғыны сатып алуға 1 млн 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлығын табыс етті.
Балаларға деген ізгі тілегін білдіру үшін жоғарыда аталған партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек те сөз сөйлеп, саяси ұйымның кәсіп саласындағы мүшелері үнемі қолдайтынын және заң аясында, құқықтық бағытта кеңес берілетінін айтып, мекеменің дамуыны тілекші екенін айтты.
Осы орталықты ашу кезінде құжат жағынан реттеуге көмектесіп, қаржылай қолдауын білдірген жандардың бірі – аудандық мәслихаттың депутаты Атлана Исаева. Халық қалаулысы да осы шарада құрметті қонақтардың қатарынан табылып, мекеменің директоры Қаршыға Мансұрқызының еңбегін жоғары бағалап, алдағы ісіне жақсылық тіледі.
Шара барысында «Ерекшем» оңалту орталығының арқасында аяққа тұрып, қадам басуды үйренген Хансалихтың тұсауы кесілді. Оның бұлай қаз-қаз басуы осы мекемедегі түрлі білікті мамандардың жасаған нүктелі массажы және кол моторикалары сияқты бірнеше жаттығулар себеп болған.
Айта кетейік, Қаршыға Амантаева осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкер ретінде «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болып, «Ерекшем» оңалту орталығын ашқан. Қазіргі таңда мұнда 40 шақты бала ем қабылдап, тірек қимылдарын жақсартуда. Мекеме басшысы алдағы уақытта мемлекеттің қолдауының арқасында ем-домға мұқтаж бала санын арттырып, оларды оңалту жағынан көмектесуді көздейді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.