Ежелден қазақ халқы игілікті істерге жақын болғандықтан, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қайырымдылықты қолдауға көп көңіл бөлініп отыр. Әсіресе елімізде әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға және тұлғаларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдік қарастырылып, көмек көрсетілуде. Биыл жалпыға бірдей оқыту шеңберінде балаларға мектеп формасын алуға 43 407 мың теңге бөлінеді.
Жыл сайын қолға алынатын бұл бастама жоғарыда атап өткен арнайы санатқа жататындарға қолдау көрсетуге бағытталған. Анығын айтқанда, елімізде бұрын оқуға қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын мектептің өзі берсе, 2022 жылдан бастап ата-аналардың сұранысы негізінде ақшалай түрде ата-ананың банк шотына аударылатын болды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% оқумен қамтамасыз ету мақсатында құрылған Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры материалдық көмекпен 500 мыңнан астам баланы қамтығалы отыр. Яғни бір балаға 43 407 теңгеден беріледі. Қазірдің өзінде ата-аналардың банктік шотына төрт млрд теңге жуық қаражат аударылып та қойған.
Қарасай ауданында биыл осындай көмекті 10394 оқушы алатын болады. Бюджеттен 451 млн 172 мың теңге бөлінді. Ақша тамыз айының 15-не дейін толығымен ата-аналардың есеп шотына аударылып бітеді деп жоспарланып отыр. Өткен жылы 10495 оқушының ата-анасының есеп шотына мектеп формасына арналған 425 млн 791 мың теңге қаражат аударылған болатын.
Айта кетейік, аталған материалдық көмек атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алатын отбасылардан шыққан оқушыларға, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардан шыққан оқушыларға арналған.
Бұл көмекті ата-аналар сабаққа барғалы отырған балаларына киім-кешек, оның ішінде мектеп формасы, аяқ киім, оқу құралдарын сатып ала алады. Бір ескере кетерлігі, талапқа сәйкес, қаражатты мақсатты пайдаланылу құжатпен расталады. Яғни ата-аналар тиісті тауарларды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжаттарын ұсынулары тиіс.
Қаражатты алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазуы қажет. Одан кейін несиелік қарызы жоқ және бұғатталмаған банктік картасының 20 таңбалы нөмірін ұсынады немесе материалдық көмекті аудару үшін банкте арнайы шот ашу керек.
Жалпы бұл бастама басталған кезде мектеп жинақтарын сатып алу сомасы 17 мың теңге болған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.