Бүгін Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа деген өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Онда адамдардың әл-ауқатын, еліміздің экономикасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер көтерді. Әсіресе, Президентіміз өзгелерден бөлек медицина жүйесіне аса назар аударды.
Жалпы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізудің негізгі бағыты көрсетілетін медициналық қызметтің тізімін кеңейтуді және оны әр азамат өзі қалаған жерде, кез келген уақытта алуы мүмкіндігін қамтамасыз ету болатын. Алайда бүгінде кейбір жағдайларда МӘМС арқылы тегін берілу керек қызметтер ақылы түрде көрсетіліп немесе оны алу үшін ұзақ уақыт күту қажеттілігі туындап жатқан өтірік емес. Бұл әрине, МӘМС жүйесіне деген халық арасындағы наразылықтарды көбейтуде. Президентіміз айтып өткендей, биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінген. Десе де айтарлықтай жақсы нәтижелер көрінбеді.
Осыған жол бермеу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасауды тапсырды. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленетін болады.
Елбасшысының айтуынша, аталған жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз ететін болады. Бұл бастамалардың арқасында бүгінде халық арасында екі пікір туындатын жатқан МӘМС жүйесінде айтарлықтай жақсы әрі адамдарға тиімді өзгертулер орын алуы қажет.
Өзім осы салада біраз уақыт еңбек етіп жүрген жас маман ретінде медицинаға заман талабына және халықтың сұранысана сай өзгерістер керек деп ойлаймын. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі Жолдауында медицинаға енгізілуі қажет өзгертулер туралы айтқандарына толықтай қосыламын.
Еліміздегі медицина саласы дамыған әрі қолайлы болған жағдайда ғана болашақты құратын ұлтымыздың денсаулығы жақсы болатындығын ұмытпайық.
Гаухар Асқарбаева,
Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері.