Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында атом электр стансасын салу бойынша 6 қазан күні жалпыхалықтық референдум өтетінін мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойған соң, елімізде саяси науқанға деген дайындық жұмыстары басталып кетті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында референдум үрдісі жариялы әрі ашық өтуі тиіс болғандықтан, қазіргі уақытта әр өңірде штаб мүшелері халықты референдумға шақыруда. Дәл осындай жұмыстардың легі Қарасай жерінде де белсенді түрде жүргізілуде. Ал ауданымызда референдум учаскелері мен комиссия мүшелерінің дайындығы қалай? Осы жайында Қарасай ауданының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Ғалия Амановамен әңгімелескен едік.
– Ғалия Матанқызы, қоғамның пікірі талқыға салынатын АЭС салуға қатысты референдумның өтетін күні жақындап қалды. Бұл ретте сіздерге жүктелетін міндет жеңіл болмайтыны жасырын емес. Ауданымызда референдумға деген дайындық қалай? Дауыс берушілердің саны нақтыланды ма?
– Дайындық өте жақсы. Халықтың пікірі ортаға салынатын жауапты жұмыс болғандықтан, әрине немқұрайлық танытуға болмайды. Президентіміз референдум өтетін күнді белгілеген сәттен бастап, бізге маңызды міндет жүктелгенін түсіндік.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданы бойынша аудандық аумақтық референдум комиссиясынан бөлек, 117 референдум комиссиясы құрылды. Әр учаскеге 3000-нан аспайтын тұрғын келіп дауыс бере алады. Олардың шекаралары да белгіленген. Мекенжайлары аудандық газетке жарияланды. Біздің қазіргі уақытқа дейін есебімізге сүйенсек, ауданда дауыс берушілердің саны 210 мыңнан асады. Бұл Алматы облысы бойынша ең көп екенін білдіреді.
– Учаскелік референдум комиссиялардың құрамы белгілі болды ма? Оларға қойылатын талап қандай?
– Жалпы алғанда референдум комиссияның 866 мүшесі бар. Аудандағы 11 округ бойынша олардың бәріне біліктіліктерін арттыру бойынша оқыту курстары және тренингтер жүргізілді. Яғни референдум өтуінің ережелері айтылып, науқанға қатысты тиісті түсіндіру жұмыстары өткізілді. Енді комиссия мүшелері референдумға қатысты тест тапсырып, сертификаттарын алуы тиіс. Айта кету керек, бұрынғы комиссия мүшелері сайлау кезінде жұмыстан босатылушы еді. Осы жолғы референдумда олар өздерінің негізгі қызметтерін қатар алып жүреді. Алайда тиісті еңбекақылары төленеді. Бүгінгі күнге дейін олар өз учаскелері бойынша әрбір дауыс берушіге жеке-жеке референдумға қатысу жөнінде шақырту қағаздарын таратты.
Қазіргі уақытта учаскелердің дайындықтарын тағы да пысықтап алу үшін өзім және менің орынбасарым Гүлзат Икенбаева екеуіміз округтерді аралап тексерудеміз.
– Осы жолғы референдумның қандай ерекшеліктері бар? Бұл жолы ескерілетін жайттар бар ма?
– Әрине, бұл жолғы референдумда өзгерістер бар. Референдум туралы Конституциялық заңға бұрын болмаған өзгерістер биыл енгізілді. Олар сайлаушылар талап-тілегіне және халықаралық тәжірибеге негізделді. Бұл өзгерістер саяси науқанның ашық әрі әділ өтуіне ықпал етеді. Әсіресе, БАҚ өкілдері мен қоғамдық ұйымдарға қатысты талап күшейді. Атап айтар болсақ, референдум өткізу кезінде аккридеттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан аккридеттелген байқаушылар, шетелдік БАҚ өкілдері қатыса алады.
Сонымен қатар, БАҚ-та референдумды дайындау мен өткізу тәртібі, сондай-ақ олардың өкілдерінің дауыс беру учаскелерінде болу ережесі белгіленді. Референдумға қатысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу енгізілді. Референдум комиссияларының азаматтардың құқығын қорғауға қатысты шешім мен әрекеттеріне шағымдану тәртібі реттеледі.
– Бұрынғы сайлауларда бірнеше нұсқаларға қарап, халық өз таңдауын жасайтын еді. Бұл жолы бюллетень қандай болады? Онда неше нұсқа болады?
– Сұрағыңыз өте орынды. Дауыс беруге арналған бюллетень қазақ және орыс тілдерінде және сайлаушылардың санына тең болады. Тек бір пайыздық резервпен дайындалады. Бюллетеньннің нұсқасы дайын және онда: «Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?» деген бір ғана сұрақ болады. Дауыс берушілер: «Иә, келісемін» немесе «Жоқ, келіспеймін» деген жауаптардың бірін таңдайды.
Референдум кезінде құлағы естімейтіндер үшін бюллетеньнің дыбыс нұсқасы, көзі көрмейтін азаматтарға Брайль шрифті бар бюллетень ұсынылады.
Заңға сәйкес, бюллетеньдер сайлау комиссияларына үш күн ішінде, бірақ референдумға бір күннен кешіктірмей жеткізіледі.
– Ғалия Матанқызы, референдум өтті деп ресми түрде хабарлау үшін дауыс берудегі пайыздық көрсеткіш қандай болу керек? Сондай-ақ дауыс беру нешеде басталып, қай уақытта тоқтайды?
– Референдум 6 қазан күні таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Мұнда халықтың дауыс беруі өте мұқият қадағалады. Себебі әрбір тұрғынның таңдауы маңызды. Егер дауыс беруге құқылы адамдардың таңдауы 51%-дан жоғары болса, онда референдум өтті деп саналады. Ал егер төмен болса, сәйкесінше өтпеді деген сөз.
Сол күні референдум учаскелері дауыс беру уақыты аяқталған соң, нәтижесін шығарып, хаттама толтырып, Қарасай ауданының аумақтық референдум комиссиясына әкеліп өткізеді.
– Тілдескеніңізге рақмет, Ғалия Матанқызы! Өте пайдалы, маңызды ақпаратты қамтыдық деген ойдамын. Елдің ойы ортаға салынатын, пікірі ескерілетін референдум сәтті өтсін.
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.