Азаттық – ата-бабаларымыздың көптен көксеген асыл арманы. Биылғы жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі бұл күндері төрткүл дүниеге танымал. Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап, солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Тарих үшін соншалықты көп уақыт болмаса да, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық, өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымына берік егемен мемлекет бола алатынын барлық қырынан айқындап, мойындатты. Сондықтан қазір де Қазақстан әлем назарында.
Иә, егемен еліміздің даму кезеңдері қамтылған мәліметтер кітап беттеріне басылып әртүрлі форматта қалың оқырмандарға ұсынылуда. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына осы бағытта жарық көрген еңбектермен танысуға аудандық орталық кітапханаға арнайы барған едік. Осы ретте айта кетерлігі, биылғы айтулы датаға орай ауданнның бас кітапханасы ел дамуындағы кезеңдеріндегі тарихты тізбектеген кітаптардан көрме қойылған. Оқырмандардың ыңғайлығы үшін ұйымдастырылған бұрышта еліміздің саяси тарихи оқиғалар жылнамасы, оқиғалар хроникасы, тәуелсіздік шежіресі, Елбасының қызмет хроникасы мен авторлығымен шыққан еңбектері және тағы да басқа осы негізде жазылған көптеген кітаптар қойылған. Соның ішінде бірден көз тартып, көңілге қонымды болғандарының бірі – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы басылып шыққан «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы. Осы жолғы мақалада аталған кітапқа шолу жасайтын боламыз.
Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасымыздың бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.
Сөз басында Елбасы: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!», – деп, кітаптың мазмұнын айқындап берген.
Туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны, тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.
Сонымен қатар, кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалды. Үшінші жаңғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең өркенді 30 мемлекеттің қатарына қосу.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады: Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар); Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар); Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар); Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010-шы жылдар).
Кітаптың алғы сөзінде біздің өз жолымызбен – қазақстандық даму жолымен жүретінімізге назар аударған Елбасы: «Деректерді талдап, оқиғаларға объективті баға беруді үйрену ғана емес, тарихи үдерістерді болашақ тұрғысынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау – біздің ортақ міндетіміз. Біз тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала білуге тиіспіз», – дейді.
Аталған кітапта әр бөлімнің өзі бірнеше бөлімдерге бөлінген. Олардың да атауларына аса мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай…», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер», «Жаңа экономикаға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» және тағы басқа бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері бүге-шігесіне дейін баяндалады.
Сондай-ақ, кітапта еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты 33 жетістігі мен оған жету жолдары жан-жақты айтылған. Олардың қатарында: заманауи қуатты мемлекет құру, халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз – Астананы салу, қуатты әрі заманауи Қарулы Күштеріміздің құрылуы, кең көлемдегі инновациялық индустриаландыру, әлеуметтік жаңғыру, ЕҚЫҰ-ға және басқа да беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету, «Қазақстан-2030» Стратегиясында көзделген басымдықтардың мерзімінен бұрын орындалуы және 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Бес институционалдық реформа, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу және халқымыздың мақтанышына айналған еліміздің тағы басқа да аса маңызды жетістіктері бар.
Елбасы бұл кітабын: «Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында. Жеңіс пен жетістік – жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет. Демек, бүгін де болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді», – деп аяқтайды.
Иә, расымен құнды ақпараттар қамтылған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» туралы деректік, тарихи естеліктері халқымыздың ұлы тарихының нағыз шежіресіндей теңдесі жоқ асыл мұрасы. Газетіміздің алдағы нөмірлерінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткенге көз жүгіртіп, осы бағытта жазылған кітаптар жайлы жазатын боламыз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.