Елімізде атап өтілетін айтулы мерекелердің әрбірінің мән-маңызы жоғары және дәріптеуге лайықты тұстары көп. Солардың қатарында қыркүйек айының соңғы жексенбісіне белгіленген Еңбек күні мен 1 қазан – Халықаралық қарттар күні бар. Айтулы қос мерекенің аясында атқарылатын іс-шаралар біздің ауданымызда ұмыт қалған жоқ. Еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсеткен, ауданның дамуына үлес қосқан жандарға, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесіне араласып, қарттығымен қадірі артқан қазыналы қарияларға лайықты кұрмет көрсетілді.
Мерекелердің маңыздылығын аудан әкімдігі бастаған округтегі әкімдіктердің ұжымы да назардан тыс қалдырған емес. Ардагерлерді ардақтау мақсатында осы аптада аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек Жібек жолы ауылдық округінің ардагер-ұстаздарына арнайы барды. Округ әкімі Дидар Нұрақынов екеуі қарияларға ілтипат көрсету мақсатында шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек еткен, ауданның Құрметті азаматы, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Әсемгүл Темірқұлованы және аманатқа адалдық танытқан, әулеттің ұстаздық ізін жалғаған Байдәулетовтер әулетін мерекелерімен құттықтап, аудан әкімі Жасұлан Естеновтің құттықтау хатын оқып, ыстық ықыласын білдірді. Ұлағатты ұстаздар да мұндай марапатты жылы қабылдап, алғыстарын айтты.
Біздің ауданда адал еңбектің үлгісіне айналған, елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген дәрігерлер жетерлік. Мереке аясында осындай іскерлікті жаны сүйетін, денсаулықтың сақшысына айналған, медицина жолында қалтқысыз қызмет атқарып келе жатқан Сағиевтер әулеті де құрметке бөленді (суретте). Дәрігерлердің жолын жалғаған отбасының шаңырағына аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек пен ауданның бас дәрігері Алмат Чорманов барып, аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының ыстық сәлемін жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысының құттықтау хатын және мерекелік сый-сияпатын табыстады. Ал әулеттің отағасы Орал мырза болса, ардақтап келіп жатқан аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
Өз тілшіміз.