Алматы облысының жастарына жеңілдікпен пәтер алу мүмкіндігі қарастырылды. Анығын айтқанда, Алматы облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ бірлесе отырып, осы жылдың 1 қазанынан бастап «Алатау жастары» деп аталатын тұрғын үй бағдарламасын іске қосты.
Ипотекалық тұрғын үй бағдарламаның бірнеше шарты бар:
•Несие сомасы 18 миллион теңгеден аспайды;
•Бастапқы жарна – 10%;
•Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 6%;
•Несиелендіру мерзімі – 19 жыл.
Бағдарламаға келесідей санатқа кіретін адамдар қатыса алады:
•Өтініш беру кезінде 35 жастан аспаған;
•ҚР азаматтығы бар;
•Бағдарламаға қатысушының және отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда ҚР аумағында жылжымайтын мүлігі болмауы керек;
•ҚР аумағында сатып алу құқығы мен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы;
•Алматы облысында таңдалған қызмет саласында ресми жұмыс өтілі – 1 жылдан кем емес болуы (зейнетақы жарналарымен расталған);
•Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына өтініштер қабылдау қазан айының 1-15 аралығында жүзеге асырылады.
Пәтер алуға ниетті жастар Қонаев қаласы, 1 шағын аудан, №41, «Бәйтерек» бизнес орталығының 1-қабатында орналасқан акт залында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына өтініш берулері қажет. Жұмыс уақыты 10:00-18:00 дейін. Сондай-ақ қосымша ақпарат алу үшін +77066282806 WhatsАpp желісіне хабарласуға болады.
Айта кетейік, өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін әкімдіктен арнайы құрылған комиссия жиналған ұпайлар бойынша бағдарламаға қатысушыларды іріктейді. Яғни, ұпай саны көп болған сайын пәтер алу ықтималдығы да жоғары болады.
«Отбасы банк» АҚ-ның ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ұпайлар төмендегідей есептеледі:
– жұмыс өтілі 1 жыл – 2 балл, қалған әрбір жылға 1 балл (5 жылға дейінгі жұмыс өтілі ескеріледі);
– отбасылық жағдайы: тіркелген неке – 5 балл, тұрмыс құрмағандар – 1 балл;
– 18 жасқа дейінгі балалардың болуы: бір бала үшін – 2 балл, екі және одан да көп бала үшін – 1 балл;
– мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 5 балл;
– жалдамалы пәтерді өтеу туралы келісімі бар бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (көшіп келген және қабылданған мемлекеттік қызметшілер) -10 балл;
– депозитінде кемі 500 мың теңге салымы бар банк клиенттері – 2 балл.
Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі жасалып, «Отбасы банк» АҚ-на жіберіледі.
Ал сол қатысушылар жұмыс күндері сағат 9:00-18:00 дейін Қаскелең қаласы, Төле би көшесі 50/1 немесе Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы, Титова 13 «а» мекенжайлары бойынша «Отбасы банк» АҚ-ның бөлімшелерінде төлем қабілеттілігін бағалатулары қажет. Одан кейін уақыт өткізбей бірден өз күштерімен баспана табулары тиіс. Оны сатып алуға банк 18 млн теңге несие береді. Егер мүліктің құны 18 млн теңгеден асатын болса, үміткер айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады.
Бағдарлама қатысушылары баспананы алғашқы нарықтан (пайдалануға берілген болуы тиіс), сондай-ақ екінші нарықтан тұрғын үй (пәтер немесе жеке үй) сатып алуға мүмкіндіктері бар.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.