Еліміздің экономикасын дамыту жолында мемлекеттік кірістер басқармасының еңбегі оразан зор. Биыл кірістер басқармасының нарықта халқына адал қызмет етіп келе жатқанына 10 жыл толып отыр. Осы атаулы мерекеге орай Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Нұрбек Мұстахметовты кәсіби мерекесімен құттықтай келе, өз саласындағы табанды еңбегі туралы сөз етпекпіз.
Нұрбек Өмірзақұлының Қарасай аудандық кірістер басқармасында еңбек етіп жүргеніне жарты жыл ғана уақыт болса да, еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында біраз адамға көмегі тиіп, көптеген жанның алғысын алып та үлгеріпті. Ол – Жамбыл облысы, Меркі ауданының тумасы. Алайда, Алматы қаласындағы 104-ші мектеп-гимназияда 11 сыныпты тәмамдап, кейін Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «экономика және бизнес» мамандығы бойынша білім алып шыққан. Кәсіпкерлер отбасында дүниеге келген Нұрбек – үш баланың ортаншысы.Бүгінгі таңда өмірлік жары Балауса екеуі тұңғыш балаларына ата-ана атанып, өнегелі жас отбасының үлгісін көрсетіп отырған жайы бар.
Сонымен қатар, жоғары айтып өткеніміздей, толыққанды отбасында туылған Нұрбек көп балалар секілді ата-әжесінің тәрбиесінде болған. Атасының еркесі болып, бар дәмдіні, бар тәттіні өзі жеген. Мүмкін сондықтан да болар жас та болса бас болып отырғандығы. Жұмысқа кіргеніне аз уақыт болғанымен жинаған тәжірибесі көп болғанын жеткізді. Халыққа қызмет ететін сала болғандықтан, қызығы мен қиындығы да болғанын кейіпкеріміз жасырмады. Онымен әңгімелесу барысында өзінің әріптестеріне сәттілік тілей отырып, болашақта тек адал қызмет етіп, арман-мақсат жолында еңбек етсе, барлық белесті бағындыруға болатының нық сеніммен айтты.
Нұрбек Өмірзақұлы – өзінің арман-мақсаттары туралы сөз қозғай келе, өмірлік мақсаттың біреу ғана болмайтынын жеткізді. Оның айтуынша өміріңнің соңына дейін қолыңнан келетін дүниелерді барынша жасап үлгеру керек.
«Қаншама тер төгетінің, қаншама тар жол, тайғақ кешуден өтетінің белгілі, алайда соның біріне де мойынсұнбай, алған бетінен таймайтын адам ғана шынайы бақытты ғұмыр кешеді деп санаймын», – деді Нұрбек Өмірзақұлы.
Шұғыла ТЫНЫС.