Адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақыт аралығында құқығын сақтайтын, сөреде қараусыз жатпайтын құжат – еліміздің Ата Заңы. Біздің күллі тыныс-тіршілігіміз, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі, барлығы осы Конституциядан бастау алатындығы айқын. Ата-бабалар армандаған азаттығыңды айқындайтын, егемендігіңді паш ететін, Тәуелсіз ел екендігіңді танытатын, дербес мемлекеттігіңді көрсететін қастерлі бұл заңымыз пейілі түзу, бағыты дұрыс, мақсаты айқын жандардың жарқын болашағына жақсы жол ашып отырғаны да рас. Оған нақты мысалдар да жетерлік…
Ауданымыздағы Райымбек ауылдық округіне қарасты Абай ауылында өз есігін айқара ашқан «Алтын» балабақшасы бүгінде бүлдіршіндердің сүйікті де қызықты мекеніне айналған. Ал, өзінің жеке қаражатына осындай жауапты шаруаны қолға алған Айнұр Жандабаеваның ізгі ісінің жанданып, алға баса түсуіне мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты бойынша алған қаражаты себепкер болыпты.
Жалпы, айта кететін болсақ, Айнұр Сапарбекқызы Алматы мемлекеттік университетін «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Өмір заңдылығымен тұрмыс құрып, Айдар есімді жұбымен шаңырақ көтеріп, үш баланы өмірге әкелген соң, отағасын талабымен перзенттеріне қарап үйде отыру, немесе тек балабақшада ғана жұмыс істеуі қажет болды. Әсіресе, Аслан, Арсен есімді ұлдары аяқтанып кеткен соң, бірнеше жылдан кейін өмірге келген ерке қыздары Аяна қараусыз қалмас үшін бастапқыда өзі көршілес ауылдағы бір бөбекжайға орналасып, бес жасар кенжесін көзден таса қылмады. Мектепке дейінгі тәрбие ісінде біраз тәжірибе жинаған ол енді балабақша ашып, өзі сияқты үй шаруасынан шыға алмай отырған жас аналарға жәрдемдесуді, ел дамуына осылайша қандай да бір үлесін қосуды мақсат тұтады. Әрине, бұл ретте кәсіпкерлікпен айналысатын жан-жары оған үлкен қолдау көрсетті. Тағы бір себепті бөбекжайдың атауынан іздеуге де болатындай. Олай дейтініміз, оның «Алтын» аталуы да текке емес. Алтын – Айнұрдың анасының есімі. Өкінішке орай, өмір сыйлаған бұл асыл жан дүниеден ертерек озып кеткен көрінеді. Сондықтан, өзі кезінде көре алмаған жылылық пен мейірімнен аналары жұмыста жүрген балдырғандар да құр қалмаса екен деген ішкі астар да бар сияқты мұнда…
Сөйтіп, тәуекелге бел буған Айнұр бизнес әлемін зерттеп, зерделеп, жалға алатын екі қабатты зәулім ғимаратты да тауып, қасына сенімді серіктерін жинап, осындай үлкен істі бастап та кетеді. Алғашында бәрі ойдағыдай көрінгенімен, уақыт өте келе түрлі кедергілер мен қиындықтар да қылаң берді. Негізгі мәселенің барлығы қаражатқа тірелетіні анық. Өйткені, бала саны артқан сайын оларға керекті материалдық қажеттіліктердің де тізімі молая түсті. Бұл жағдай еріксіз жас кәсіпкерді несие алу үшін банктерді жағалауға жетеледі. Алайда, бірінің шарты көңілден шықпады, екіншісіне кепілге қоятын мүліктің бағасы жетпеді. Сөйтіп жүріп, бір жанашыр жандардан аудандық жұмыспен қамту орталығы мұндайда қолдау көрсетуі мүмкін екендігін естіп, аталған мекеменің есігін қағады.
Орталық мамандарына барлық құжатын көрсетіп, қолға алған ісі жайлы жан-жақты баяндаған Айнұрға жоғарыда айтқан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 6 млн. теңге несие беріледі. Бірақ, оны алмас бұрын ол бір ай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқиды.
– Маған аудандық жұмыспен қамту орталығынан хабарласып, жобамның несие алуға жарайтынын айтқанда, бастапқыда сене алмадым, – дейді Айнұр Сапарбекқызы. – Өйткені, барлық банктерді аралап, табанымнан тозып, күдерімді үзе бастап едім. Ал, маған небары алты пайызбен берілген несиенің шарттарын оқып отырып, көңілімді қуаныш кернеді. Мемлекеттің кәсіпкерлерге деген қолдауын шын мәнінде сезіндім. Өйткені, бұл деген үлкен көмек қой. Сонымен қатар, бір ай курста оқып көп нәрсені көкейге түйдім. Онда қандай бизнес болмасын қыр-сырын ашып, мол мағлұмат береді екен. Мұнда жетілдірген біліктілігім ісімнің алға баса түсуіне себепкер болды десем, артық айтпаспын. Алғысым шексіз.
Айтар ауызға көп болып көрінетін 6 млн. теңгесін кәсіпкер түгелдей балабақшаны материалдық жағынан жабдықтауға, ғимараттың ауласын абаттандыруға жұмсаған.
Бұдан бөлек, іскер келіншек «Балапан» бағдарламасына қатысуға да өтініш білдіріп, қажетті қағаздарын түгелдей өткізіп, бүгінгі таңда жауап күтіп отырған жайы бар. Сәті түсіп, тағы бір мемлекет қолдауына ие болса, жұмыс барысы қарқын ала түсетінін сезеді.
Қазірдің өзінде «Алтын» балабақшасына 70-ке жуық бала тіркеліп тұр. Үш топқа бөлетін балдырғандарды мұнда таңғы 7-ден бастап қабылдайды. Күніне төрт рет тамақ, бір уақыт дәрумен беріледі. Ал, айлық төлем әр балаға 20 мың теңгені құрайды екен.
Білімі мен тәжірибесіне қарай іріктелген 15 адам жұмыспен қамтылған мұнда. Әсіресе, тәрбиешілер әр күннің балдырғандар үшін қызықты болуына, олардың жалықпай, тәрбие мекенінің табалдырығын асыға атауларына күш салады. Бұл ретте ай сайын түрлі цирктер, қуыршақтар театры шақырылып, мәні зор ертеңгіліктер ұйымдастыру әдетке айналған. Сондай-ақ, әр баланың туған күні өз ерекшелігімен атап өтіледі екен. Әңгіме барысында балабақша меңгерушісі әрдайым қолдау көрсетіп, жақсы сөздерімен де, ізгі істерімен де демеп жүретін ата-аналарына деген ыстық ықыласын жасырмады.
Тағы бір айта кетерлігі, осы балабақша қабырғасында Айдос Радак есімді мұғалім балаларды ментальді арифметикаға баулитын көрінеді. Оған осы бөбекжайдың бес жастан асқан кейбір тәрбиеленушілері де зор ынтамен қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Жалпы, сұхбат барысында байқағанымыз, Айнұр Сапарбекқызы өзінің қолға алған бұл ісіне үлкен сүйіспеншілікпен қарайды екен. Болашаққа деген жоспарлары да жоқ емес. Ең бастысы ол осындай тұғыры биік тәуелсіз елде өмір сүретініне, онда еңбек етуге, жүрегің қалаған жоба-жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік берілгеніне тәубе дейді. Сондай-ақ, осы егемен елдің еркелері еш алаңсыз толымды тәрбие, сапалы білім алуы қажеттігін түсінеді және бұл игі шараға өзінің де көңіл толарлықтай үлес қоса алатынына сенімді.
Клара КӨПБАЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан Әлиасқаров.