Елбасының өңірлерге жасаған сапары қашанда жұртшылықтың назарында. Бұл жолы Жамбыл облысында болып, онда жасалынып жатқан жұмыстармен танысқаннан кейін ат басын Алматы қаласына тіреген. Оңтүстік астанаға келгенінде Нұрсұлтан Әбішұлы туған жеріне соқпай кетпейтінін білетін Алматы облысының азаматтары мәртебелі қонақты күткені рас.
Бұл жолы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қарасай ауданында ұлтжанды азаматтардың демеушілігімен бой көтеріп, 1-ші қыркүйекте тұсауы кесілген «Батыр бабаларға тағзым» мемориалына арнайы келіп, танысты. Елбасын қарсы алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов алдымен мәдени кешеннің құрылымы жайлы баяндап, соңынан құрметті қонақты мемориал ішін көруге шақырған. Ал, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиевтің гидтің міндетін өзіне алып, Елбасына батырдың дулығасы пішінде салынған музейдің мазмұны сонау Сақ дәуірінен басталып, кешегі Алашорда үкіметінің құрылуына дейінгі ұлтымыздың күрделі тағдырын қамтитынын экспонаттар мен көрмелерге сүйене баяндады.
Мемориал ішін аралап шыққаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы өзімен жүздесуге келген зиялы қауым өкілдерімен қауышты. Алдымен жұртшылықпен амандасып, хал-жағдайларын сұрап-білген Елбасы азаматтардың пікірін тыңдауға бейіл білдірген.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жанатты өлке – Жетісу жеріне қош келдіңіз! – деді алғашқы болып сөз алған қаламгер, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әміре Әрін. – Сіздің бойыңыздағы пассионарлық күш халқыңызға дем беріп, рухани жаңғырып жатқан жайымыз бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын біз – Ұлттың жаңғыруы деп ұғамыз. Барша қазақстандықтар секілді, Жетісу жұртшылығы да рухани жаңғыру бағдарламасын қуана қарсы алып отыр. «Туған жерге туыңды тік» жобасы бойынша 4 миллиард теңгенің 90-нан астам жобасы жүзеге асырылуда. Соның бірі – өзіңіз куә болып отырған «Батыр бабаларға тағзым» мемориалы. Биыл облыстық әкімдіктің демеушілігімен өлкеміздегі 40-тан астам ақын-жазушының кітабы жарық көрді. Бұл атқарылып жатқан істердің бір парасы ғана.
Сіз анау жылдары Меккедегі Қағбаның алдында тұрып, Алладан: «Туған халқыма бақыт бере көр!» – деп сұрағаныңыз есімізде. Ал біз Алладан Сіздің ғұмырыңызды ұзақ әрі баянды ете көр деп тілейміз! Бүкіл адамзатқа үлгі болған бағалы бастамаларыңыз баянды болсын деген жұртшылықтың тілегін жеткізгім келеді!
Осыдан кейін суырылып алдыға шыққан Қазақстан халқы Ассамблея-сының белсенді өкілі Наталья Хоменко:
– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен бүгін осындай тарихи маңызы зор салтанатты шарада Сізбен кездесіп отырғанымды бақыт санаймын. Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңыз маған үлкен ой салғанын айтқым келеді. Онда көтерілген мәселелер мен бастамалар еліміздің бүгінгі даму бағдарламасын кеңейтіп, қоғамды рухани жаңғыртудың жолдарын көрсетіп беріп отыр. Бұл жай ғана бағдарлама емес, нақтылы істердің жоспары десе де болады. Сіз мұнда қазақстандық қоғамның рухани күш-қуатын қалай арттыру керектігін, біртұтас халық болудың жолдарын көрсетіп бердіңіз, – деп әңгімені жалғастырған. Оның сөзін бөлген Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Сіз қалай ойлайсыз, өмір, тіршілік өзгеріп келеді ме? – деп, қарсы сұрақ қойды.
– Әрине, өзгерді!
– Сіздер әлі жассыздар. Бұрын аға ұрпақтың кезінде жағдай мүлдем басқа болатын. Қазір технология да, әлем де көз ілеспес жылдамдықпен өзгеруде. Жаңа әлемде әр қазақстандық – бейбітшілік адамы болуы керек. Ал, ол үшін не істеген жөн? Ол үшін ең алдымен көп тілді, компьютерді білу маңызды және өз Отаныңды сүйуің керек.
Осы тұста сөзге араласқан Жамбыл ауданы мен Алматы облысының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты әрі қоғамдық кеңестің төрағасы Әскербек Абаев халықтың әлеуметтік тұрмысы артып келе жатқанын тілге тиек еткен:
– Тек биыл ғана Жетісу жерінде 40-тан астам мектеп бой көтерді. Тек Жамбыл ауданында ғана бес мектеп жаңа оқу жылында шәкірттерге өз есігін ашып отыр. Мұндай жағдай бізде ешқашан болмаған. Жолдарымыз еуропалық үлгіде салынуда. Бүгіндері Талдықорғанға екі жарым сағатта жетіп барамыз…
– Мен сол жолдармен талай жүріп едім, – деді Елбасы оның сөзін сабақтап. – Алдағы уақытта Өскеменге дейінгі жол да талапқа сай салынады.
Жаңа ғана Алматыда үлкен жиын болып, өңірдің дамуына қатысты мәселелер қаралды. Сіздердің әкімдеріңіз Амандық Ғаббасұлы жақсы жұмыс істеп жатыр. Шаруаларына менің көңілім толады. Алматы облысында қызылша өнімі жоғары болады деп күтілуде. Соның есебінен біз қантты сырттан алуды шектеуіміз керек. Болашақта Жетісу жері дамиды, Талдықорған қаласы да көркейе бермек. Сол үшін жол да салдырып жатырмын. Болашақта Алматыны айналып өтетін жол болады. Алматы облысы өзі, Алматы қаласы жеке дами бермек.
Алматы облысында болашақта электр стансасы салынбақшы. Бюджетке түсетін қаражат артады. Соның барлығы елдің жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.
«Мен бала кезімнен еліміздің Тұңғыш Президентімен қол беріп амандассам деп армандайтынмын», – деді І. Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетістіктерін коммерциялау мекемесінің директоры Дамир Дигай. Бұл сөзді естіген Елбасы: «Ондай болса арманыңды орындайық!» – деп, жас жігітке қолын ұсынған. «Мені, жас ғалым ретінде бүгінгі ғылымның дамуы, өркендеуі қуантады. Соның бір көрінісі – күні кеше ғана шымылдығын жапқан «ЭКСПО-2017» көрмесі. Сіздің әр бастамаңыз, әр тапсырмаңыз болашақтың иесі, яғни, жастардың алдына үлкен міндеттер жүктейді!»
– Бұл мемлекет басшысы ретінде менің міндетім әрі парызым. Президент әрқашан оқ бойы озық ойлауы керек. Халықты соңынан ерте білуге міндетті! – деп, жауап қайырды Елбасы.
– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз егемен еліміздің еркін ойлы жастарына барлық мүмкіндіктерді жасап бердіңіз, – деді І. Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің 2-курс студенті Айзада Оразәлі. – Оны өзіміз көріп, сезініп те жүрміз. Әлемдік саясаттағы ірі мемлекеттер көшбасшыларының Сізге деген құрметін көргенде біздің кеудемізде ерекше қуаныш сезімі пайда болады. Және басқа елдің басшылары біздің Елордамызға келіп, біздің Президентіміздің бақуатты болуын сұрағанда біз мерейленеміз. Жастар Сіздің ерік-жігеріңізді, қайсарлығыңызды, көрегендігіңізді көргенде таң қалады. Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз әлемдегі ең тұлғалы, ең әдемі Президентсіз!
Жас бойжеткеннің жалынды сөздері мен пейілі жиналған жұртшылықтың қошаметіне ие болып, қол шапалақтап жатты.
«WBA intercontinental», «WBO NABO» чемпионы, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам «Экспо» көрмесі аясында Елордада ұлт абыройын асқақтатар үлкен мүмкіндік туғанын баяндаған. «Осында өткен жекпе-жекте қарсыласымды шаршы алаңда шаң қаптырып, екі бірдей чемпиондық белбеуімді қорғап қалдым. Осылайша, кәсіпқой бокстағы 25 жекпе-жегімді жеңіспен, соның ішінде 20-сын нокаутпен аяқтадым.
Бізде бүгін спортшылар үшін барлық жағдай жасалынған. Бізге тек қазақтың мықты ұлт екенін, кез-келген бәсекеге өзін көрсете алатынын дәлелдеу ғана қалды. Ерім деп тақымын қысып отырған елімнің үмітін ақтау үшін барымды саламын.Өзіңіз сияқты, мен де өз саламда жарқын жетістіктерге жеткім келеді. Ерім дейтін, елім дейтін Елбасымыз барда, қазақ елінің абыройын асқақтату үшін еңбек ету азаматтық борышымыз».
– Қазір ел көлемінде үлкен спорт кешендері салынып жатыр. Соның бірі Талдықорғанда бой көтерді. Жалпы, шекараға жақын қалада халықтың көбейгені жөн. Тұрмыс та жақсы болуы керек. Бар болғаны 25 жылдың ішінде көп нәрсені жасадық. Қазақстан дүние жүзі танитын мемлекет болды. Біздің саясатымыздың дұрыс екенін, ешкімді ренжітпей, барлық халықпен бірдей қарым-қатынас жасауымыз өз нәтижесін беруде. Сириядағы қақтығыстың мәселесі Астанада шешіліп жатыр. Біз екі елдің арасындағы жанжалдарға да араағайындық жасап келеміз. Ел іші тыныш болса, төңірегіміз тыныш болса, онда өсіп-өркендеуге жағдай жасалады. Біздің жасап жатқан дүниеміздің барлығы – болашақ жастар үшін. XXI ғасырдың аяғында біздің балаларымыздың бізден де жақсы өмір сүретініне сенемін.
’Қазақ ешуақытта бүгінгідей өмір сүрген жоқ. Молдасанов деген ақсақалымыз қойларын «Джиппен» бағамын деп әзілдеуші еді. Есекпен де, атпен де емес, джиппен мал бағатын жағдайға жеттік, – деп, жиналған жұртшылықты бір күлдіріп алды Президент.
– Құрметті Елбасы! Сіздің ақындар мен батырлар елінде дүниеге келіп, Қасқасудың жағасында Жамбыл мен Айкүмістің, Сүйінбай мен Қатағанның айтыстарын, жыр-термелерін жаттап, санаңызға сіңіріп өскеніңіз баршамызға мәлім. Ендеше, ақтаңгер ақындардың елінде, Жетісудың төрінде өз ойымды бірер шумақ өлеңмен жеткізуге рұқсат етіңіз, – деген айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақов:
Аспаннан жібергендей құйып нұрды,
Ойымды жеткізейін жиып құнды.
Аңсаған азаттыққа қол жеткенде,
Шаттықтан төбем көкке тиіп тұрды.
Ақ кигізге көтеріп, хан сайладым,
Қайыспас өзіңіздей иықты ұлды.
Шекарамды белгілеп шеңберіме,
Барлық ұлттың баласы сиып тұрды.
Қазақтың Әнұраны әуелесе,
Күллі әлем құлақ түріп ұйып тұрды.
Сарыарқадан Астана бой көтеріп,
Дос сүйініп, дұшпаным күйіп тұрды.
Еуропаның алпауыт басшылары,
Бастарын Елордама иіп кірді.
Өйткені менің елім ынтымақ пен
Бірлік деп түсінеді ұйытқымды.
Көп тудың арасынан жаратқаным,
Көк тудың мәртебесін биік қылды! – деп төкпелеткенде, Елбасы бастап, барша жұртшылық қол соққан.
– Мен Өзбекстанда болғанымда Төле бидің кесенесіне барып, тағзым жасадым, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы әңгімені қорытындылап. – Ол осыдан бәленбай ғасыр бұрын еліміздің бірлігі туралы айтып кеткен ғой. Төле би дегеніміз қазақтың төбе биі. Тәшкенді 12 жыл басқарған. «Жеті жарғыны» қабылдаушылардың біреуі. Төле бидің: «Жүзге бөлінгеннің жүзі қара», «Бөлінгенің руға, асыққаның құруға», «Көпке күл шашсаң көмусіз қаласың», «Патша азатын болса елін сатады, ел азатын болса патшалыққа жармасады», – деген өсиеті жетті бүгінге. Ата-бабаларымыз бірлікте болғанда жеңетін, ажыраған кезде талапайға түсіп келген. Алдымызда әлі талай шаруа бар. Соны Қазақ деген бір атаның баласы болып атқаруымыз керек. Өзімізді өзіміз сергек ұстамасақ, қауіп көп.
«Рухани жаңғыру» жобасы ең алдымен жастарға бағытталған. Латын әліпбиі – дүниежүзілік ақпараттық кеңістікке кіруге мүмкіндік береді. Туған жер дегенде ең алдымен туған ауылың, ата-анаң есіңе түспейді ме?! Отан деген де содан басталады. Біздің даңқты жүз адамымыздың атын әлемге таныту деген тағы да қазақты белгілі ету деген сөз. Айналып келгенде, барлығы отансүйгіштікке, патриотизмге бастайтын болады.
Ал енді барлықтарыңа бақ пен береке, амандық тілеймін! Ел-жұртқа, отбасыларыңа менен сәлем айтыңыздыр. Аманшылық пен бақыт тілеймін!
Осыдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жиналған халықпен қоштасып, сыртқа қарай беттеген. Елбасы әдеттегідей өзімен жүздесуге келген жұртшылықпен естелік суретке түсіп, аттанып кетті.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
«Жетісу» газетінің Қарасай ауданындағы меншікті тілшісі.
Суреттерді түсірген Жұмабай Мұсабеков.