Жер жәннаты саналатын киелі Жетісу жерінде биыл тұңғыш рет «Рухани керуен» жобасы бастау алды. Әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртып, туған жеріне деген сүйіспеншілік және патриоттық сезімдерін арттыру мақсатындағы бұл ізгі шараны Алматы облыстық дін істері басқармасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырып отыр. Үш айға жоспарланған бұл жоба барысында облыстың зиялы қауым өкілдері аудандарды аралап, жергілікті жерлердің тыныс-тіршілігімен таныспақ және құрамында әртүрлі саланың білікті де білімді 50 маманы бар жұмыс тобының мүшелері халық арасында түрлі кездесулер, көрмелер, мерекелік жиындар өткізіп, уақыт талабына сай сананы жаңғырту жолдарын дәріптемек. Ал, 4 қыркүйекте салтанатты жағдайда облыс орталығынан қозғалған бұл ерекше керуен алдымен ақындар мен батырлар елі – Жамбыл ауданында болып, күздің алтыншы күні қасиетті Қарасай жеріне де келіп жетті.
Қарасай жеріне бір күнге аялдаған бұл ерекше керуенді аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева бастаған аудан активі, зиялы қауым өкілдері, діни бірлестіктердің басшылары қарсы алып, алдымен, жұмыс тобы орталықтағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Мұнан кейін, барлығы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен «Дінаралық татулық – болашаққа нық қадам» атты жиында бас қосты.
Онда Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовтың, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиясқар Сарыбаевтың «Рухани жаңғыру» туралы кең көлемді баяндамалары тыңдалды. Ұлттық сана, дін мен салт-дәстүр бөле-жара қарастыруға келмейтін егіз ұғымның бөлшегі екені, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде зайырлы мемлекетіміздегі татулық елдің қай салада да ілгері дамуына септігін тигізіп отырғаны, өскелең ұрпақтың дінге деген көзқарасының дұрыс қалыптасуына ықпал ету, ата-бабаларымыздан мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымызды уақыт талабымен сабақтастыра отырып, рухани жаңғыру, тағы да басқа көптеген өзекті мәселелер бұл ретте тақырыпқа тұздық етілді.
Осы жобаны ұйымдастырудағы негізгі мақсат-мүддеге кеңінен тоқталған Рахмет Разбекұлы бұл керуен тек бір күндік шара болмауы қажеттігін, керісінше, осы кездесулер қалдыратын әсер, мұндағы танымды тереңдетіп, көзқарасты кеңейтетін әдемі әңгімелер, сырлы сұхбаттар әр азаматтың жүз күніне рухани азық болып қалуы керектігін алға тартты. Жастар мен үлкендер арасындағы діни сауаттылықты арттыру бағытында жүргізілуі керек жұмыстар, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпақтың санасын улап, теріс бағытқа салуына жол бермеу амалдары, отбасылық құндылықтарды нығайту әдістері қандай болуы керектігі айтылды. Биылғы жылдың соңына дейін еліміздегі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға енгізілетін бірқатар өзгерістерді де тілге тиек еткен баяндамашы, қазіргі қарусыз «ақпараттық майданда» тура жолдан танбай, осы діни тұрақтылық пен ұлтаралық татулықтан танбай, жетістікке бірге ұмтылуға шақырды.
Сондай-ақ, Ғалиясқар Төлендіұлының да тартымды баяндамасын жиналғандар зейін қойып тыңдады. 12 сәуірде елге жария етілген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламалық мақаласына, ырымдап алғанда, болашақта бүкіл қазақстандықты ғарыш тәрізді, көптеген биік белестерге жетелейтін тарихи құжат ретінде баға берген «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары әрі қарай осы мақаланың мән-маңызын егжей-тегжейлі ашып берді. Әлемдік жаһандану, экономикалық дағдарыс, ғылым мен техникалық прогресс сияқты сөздер басты терминге айналған осы кезеңде біздің жас өнертапқыштар да робототехниканы айтарлықтай меңгергенін нақты әрі қызықты мысалдармен өрнектеп жеткзіп берді. Бұл ретте, «ЛАМАБАТЭЛ» атты мобильді аппарат ойлап тапқан Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Хәкім Садуақастың, қоқыс тазартатын «Трэвиш» атты робот жасаған Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Асықбаевтың, өнер әлемінде жаңа құбылыс ретінде танылған Димаш Құдайбергеннің, т.б. есімдері ерекше аталды.
Экономикасы дамыған ел ғана XXVIII Әлемдік Универсиада, ЭКСПО сияқты ауқымды шараларды өткізе алатынын алға тартқан баяндамашы Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесінің артықшылықтары жайында да жақсы сөз қозғады.
Бүгінгі күні қазақстандық және шетелдік компаниялар арасында 126,1 млн.евроға келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылған. Осы орайда, көрмеде Қазақстанда жуырда сутегімен жүретін көлік шығарылатыны жайлы қазақстандық инженерлердің айтуы көңіл қуантады. Өйткені, сутегі – болашақ энергиясы. Бұндай генератор қозғалтқыш күшіне байланысты отынды шамамен 25-45 пайызға үнемдейді. Ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар шамамен 2 есеге азаяды. Бұдан бөлек, «ұлттық код», «ұлттық сана», «ұлттық бренд» деген ұғымдардың мәнін аша түскен Ғалиясқар Төлендіұлы сөзінің соңын: «Жалпы, «рухани» дейтін ұғым «рух» сөзінен бастау алады. Рух – ұлттың мықтылығы мен тектілігі, күш-жігері мен қайраты. Рухы мықты мемлекет қана тәуелсіздігін баянды етпек»,-деп, түйіндеді.
Сондай-ақ, жиын барысында сазгер, ақын, Талғар ауданының құрметті азаматы Қамнұр Тәлімовтың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржановтың және православ дінінің өкілі Владимир Дрямовтың да айтқан ой-пікірлері көпшілік тарапынан қолдау тапты.
Ал, бас қосуды қорытындылаған Айжан Нұрділдәқызы облыстан келген қонақтардың осы ізгі ісіне сәттілік тілеп, аудан әкімі Махаббат Садуақасұлының, жалпы, қарасайлықтардың атынан алғыс айтты.
Әрі қарай, керуендегі жұмыс тобының мүшелері әр жерлерде түрлі жиындар өткізді. Атап айтқанда, бір мезгілде, яғни, түске дейін «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында жастар «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен сұхбаттасса, орталық кітапханада «Ұлттық рух: рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында ардагерлермен кездесу, дінтанушы ғалымдармен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудандық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде деструктивке шалдыққан отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу жолдарын қарастыруға арналған арнайы мамандармен кездесу өтіп, ал, аудандық ауруханада діни себептермен екпе, қан құюдан бас тартқан азаматтармен жұмыс жүргізілді. Бұдан бөлек, халық көп шоғырланатын орталық базарда «Рухани жаңғыру: туған жер – алтын бесік» тақырыбында сурет және кітап көрмесі, Қаскелеңдегі «Олимпия» спорт алаңында мешіт қызметкерлерінің спорттық жарысы және Үшқоңыр ауылындағы көпсалалы колледжде жастармен кездесу ұйымдастырылды.
Ал, кешкісін, аудандық мәдениет үйіне жиналған көпшілік шағын концерттік бағдарламадан соң, «Дертке дауа – хақ жолы» атты әлеуметтік драманы тамашалады.
Клара КӨПБАЕВА.
Суреттер Ерлан Әлиасқаровтікі.