Тамыз кеңесі — дәстүрге айналған кезекті мәжіліс қана емес. Бұл білім саласындағы білгенімізді бөлісуге, түйгенімізді түгендеуге керекті жиын, деректі бас қосу. Биылғы осындай жиын аптаның алғашқы күні, Қаскелең қаласындағы мәдениет үйінде, «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» деген тақырыпта өтті. Қарасайлық педагогикалық қызметкерлердің кеңесіне аудан әкімі Махаббат Бигелдиев қатысып, жылы лебізін білдірумен қатар, ұстаздар қауымына бірқатар міндеттер жүктеді.
Алдымен, жиналған басқарма, бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері, мұғалімдер алдында аудандық білім бөлімінің басшысы Г. Такимова өткен оқу жылында өзі басқаратын салада атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған, нәтижесі айқын, көптеген көңіл көншітерлік істерді алға тартқан баяндамашы биыл аудан әкімінің атсалысуының арқасында осы оқу жылында сегіз мектеп өз есігін айқара ашқалы тұрғанын, Қайнар ауылындағы орта мектепке көптен бері қажет етілген күрделі жөндеу жұмысы жүргізілгенін, мұғалімдер мен оқушылардың түрлі сайыстарда қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жарыссөзге шыққан Ы. Алтынсарин орта мектебінің директоры Ж. Кулиева, аудандық ішкі істер басқармасының басшысы А. Данияр, аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы А. Шәкенова, Үшқоңыр қазақ орта мектебінің жас мұғалімі Ж. Нұртазаев та сөйлеп, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Ал, тамыз кеңесін қорытындылаған аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы білім саласы қашанда ізденісті, алға қарай ұмтылысты талап ететіндігін айтып, ұстаздар қауымына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Олар негізінен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыруға, үш ауысымдық оқыту жүйесін жоюға, балабақшалар санын арттыруға, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, білім деңгейін көтеруге, ауданның бірыңғай мектеп формасын енгізуге, жалпы, өскелең ұрпақтың білімімен қатар, дүниетанымын, мәдение-тін, дарынын молайтуға қатысты болды.
Кеңестің соңында, әдеттегідей, еңбегі еленген бірқатар мұғалімдер көпшілік алдында марапатталды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін «Хансұлтан» балабақшасының меңгерушісі З. Сүлейменова, Қазақстан Республикасымәдениет және спорт министрлігінің төсбелгісін балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры В. Хациев алды. Ал, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс» хатына С. Керімбеков атындағы орта мектептің мұғалімі Б. Якупова ие болды. Сондай-ақ, өзге де көптеген мереке иелеріне Алматы облысы әкімінің, Қарасай ауданы әкімінің Құрмет Грамоталары берілді. Барлығын Махаббат Садуақасұлы өзі тапсырып, ізгі ниетін білдірді. Салтанатты жиын шағын концерттік бағдарламамен түйінделді.
Клара КӨПБАЕВА.